Сұрақ #7449 Берілген бес жауаптың біреуі дұрыс
Мәтіннің мазмұнын қарау және төмен тапсырманы орындау.

Біздің ауылдың шет жағында еңсесімен көз тарта қоймайтын кішкентай ғана елеусіз бір үй бар. Оның өзгелер сияқты сапырылысып келіп-кетіп жатқан мейманы да жоқ, шалқып жатқан дәулеті мен шаруасы да жоқ. Осы үйдің құрым киізбен қапталған қара есігінен бірі үлкен, бірі кіші екі адам – әжесі мен әлі мектепке бара қоймаған немересі ғана кіріп-шығып жүреді. Екеуі бір-біріне серік, бір-біріне жұбаныш. Әжесінің асқар таудай тілегі – жұдырықтай немересі, жұдырықтай немересінің асқар таудай арқа сүйері – қушиған кәрі әжесі. Бар байлықтары – екі саулық, бір шыбыш, ала мысық, осыдан үш ай бұрын ғана асырап алған қара күшік. Екеуіне бұдан өзге дәулеттің де, дүниенің де керегі жоқ, тек құдай патшаларға тыныштық берсін, әнебір жаман немере аман болсын. Ел тоқ болса, екеуіне осы байлық та жетеді.

Құлағы салпиған қара күшік түнемеге там айналып шәуілдеп үріп шығады. Әліне қарамай ол да осы үйді қориды, оған да осы үй қымбат. "Өй, әптің құрғыр!" – дейді әжесі тыныш түнде ұйқысыз жатып. Бірақ бұл кею емес, керісінше, оның бұл үнінен: "Үй болып, түтін түтетіп отырғанымызға шүкір. Балам өліп, келінім кетсе де жалғызымның көзіндей боп немерем қалды. Ішіме құса толып, өзіңе тіл тигізген кезім болса кешіре гөр жаратқан, қуартып қу басымды қалдырсаң қайтер едім. Немере сүйдіріп, ит асыратқаныңа, оны шәуілдетіп үргізіп қойғаныңа құлдық" деген жоққа нысап, барға қанағат ризашылық көңілін аңғаруға болар еді. Таң атқан соң бұлар да өзгелер сияқты өз тіршілігіне кіріседі. Екеуі сөйлеп жүріп қорадағы үш малды өріске айдайды, итке быламық қайнатады. Сөйтіп жүргенде иығы бүлкілдеп сары самауыр да қайнап, әжесі дастарқан жаяды. Күнде осы кезде дастарқан басында екі адам отырады. Бірі – жүзін әжім көмген қарт әже, екіншісі – уыздай балғын немере.

Барлық жастық шағы мен балғын дәуірін немересіне сыйлап әже отырады, сол әженің арқасында жетімдік дегенді жете білмей, мәз-мәйрам боп бала отырады.

Сәлден кейін көрші кемпірлердің бірі кеп әңгіме құрады, не "шай іш" деп ертіп кетеді. Шаңырағы астында қонақсыз, кісісіз отыра алмайтын қазақ емес пе, біраз кемпір бір үйге жиналып, шөлдемесе де қоңыр әңгіме үшін күрең шайды жайлап тартып отырады. Бәрінің айтатындары – ел тыныштығы, балалары мен немерелерінің амандығы. Кейде бір-біріне өкпе айтады, "Тәшкеннен балаң келгенде бір мейіз де татырмадың ғой сен, қу кемпір" деп өздерінше бұртиған болады. "Біздің қолға да, қарға тышар, тұра тұр, Түркістандағы қызым төркіндеп келсін"… деп қайсы бірі алда тұрған қуанышын айтып, өзінің де қыз беріп, қыз алған шаңырақ екенін әзілдеп болса да байқатып өтеді.

От басында отырып осылайша сырласу, күрең шайды ұрттай түсіп мәслихаттасу кемпірлердің сүйікті сәттері-ау!

Үй іштерімен қанша ренжіссе де, қапаланса да, қуанса да, бәрі-бәрі солардың арқасы екенін айтып, алдымен елге, сонан соң балаларына тыныштық, амандық тілеп, түске жақын орындарынан тұрады. Бұлардан шыққан соң немересін жетектеп Қалампыр әжей де үйіне аяңдайды. Алғашқы сәтте жүрегінің терең түкпірінен белгісіз бір мұң мен жапа бас көтергендей бойын көңілсіздік билейді. Бұл сезім өз үйлеріне келіп, құлыптаулы есік алдында иелерін күтіп жатқан қара күшікті көргенде бұрынғысынан үдей түсетін сияқты. Әсіресе, түн ортасы әлдеқашан ауып, маңайды өлі тыныштық басқанда кәрі сүйектен ұйқы қашып, қай-қайдағыны ойлайды. "Өзекті жанда өлім бар, бір күні көз жұма кетсем, мына жалғызымның күні не болмақ?" – дегенде көкірегі өксікке толып, көз кәбесіне ыстық жас көлкілдеп шыға келеді. "Қазір алсаң да, жас кетіп бара жатырмын демес ем, бірақ, мына қарғам оң-солын танығанша қарайлай тұр, жасаған" – деп немересі үшін өзіне өмір тілейді. Өстіп жатып, әлгіндегі өзі сияқты кемпірлердің тасып-шалқып сөйлеген сөздерін, оларға сапырылысып келіп-кетіп жататын кісілерді еске алады. Сол сәтте жүрегіне белгісіз бір қызғаныш сезімі ұялағандай: "Бізге неге ешкім келмейді? Қашанғы бір үйдің қонағы боламыз, неге қонақ қабылдап, көңіл жадыратпаймыз. Ағайын деген қайда, өзгелердікі сияқты неге араласып жатпайды шіркіндер. Әлде, әбіржітпейік деп аяй ма екен? – деп өз-өзінен таңданады. – Әлде, пейілім тарылып бара ма? Құдай сақтасын, мына немеремнің бір күнгі қуанышынан садаға бәрі де!"

Әже мен немерені не байланыстырады?

Шешім
0%
0%
0%
0%
0%
Iздеу