Павлодарда студент қыздарға арналған тегін жатақхана ашылды

Павлодарда облыстық Мəшһүр Жүсіп орталық мешіті студент қыздарға арналған екінші тегін жатақхана ашты, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.Бір жыл бұрын студент жігіттерге арналған жатақхана  ашылған.  Онда жоғары оқу орындарының  күндізгі оқу бөлімінде оқитын студенттер тұрып жатыр. Осы екі ғимараттың да электр, су және тағы да басқа да барлық коммуналдық төлемдерін есімін жария етуден бас тартқан кәсіпкер  төлеп отыр.

ҚМДБ Павлодар облысы бойынша өкіл имамы Нариман қажы Исеновтың сөзінше, қазіргі уақытта ұлдарға арналған жатақханада екі ұстаз жұмыс істейді. Жатақхананы ашудағы негізгі мақсат - студенттерді тұратын жермен қамтамасыз ету, адамгершілікке, мəдениеттілікке, қазақ халқының салт-дəстүрін жəне де Отанға деген сүйіспеншілікке, салауатты өмір салтын ұстануға үйрету.

«Біздің мешіттің жамағаты болған кәсіпкердің игі ісі басқа да адамдарға үлгі бола алады. Ағамыздың жасап отырған жағдайының арқасында жастарға қазақи тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды жаңғырту мүмкіндігіне ие боп отырмыз. Өйткені келер ұрпаққа қалдыратын ең құнды байлығымыз - ол жақсы тәрбие. Мұнда тұру тегін, барлық жағдай жасалған, тегін азық-түлікпен де көмектесіп тұрады», - дейді Нариман қажы Исенов.

Қыздар жатақханасындағы студенттер сабақтан бос уақытта Мəшһүр Жүсіп мешітінің ұстазы Жұлдыз Кажуевамен қолөнер шығармашылығы жəне де ас дайындау, спорттық іс-шаралармен айналысады. 30 адамға арналған қыздар жатақханасында қазіргі таңда 24 қыз тұрып жатыр. Ал 60 ер адамға арналған бөлмелерде 20-ға жуық жігіт тұрады.  Олардың басым бөлігі жағдайы төмен отбасылардың балалары. 

«Біз бұрын пәтерді жалдап тұратынбыз. Бөлмелеріміз кең, барлығы тамаша ұйымдастырылған. Бізге осындай қамқорлық жасап отырған ағаларымызға Алла разы болсын. Енді жақсы оқып, олардың сенімдерін ақтауға тырысамыз», - дейді Гүлнар есімді қыз.

Жұлдыз ұстаз қыздармен әйел адамның отбасындағы міндеттері және ата-анамен, күйеуімен, балаларымен қарым-қатынас құру туралы түрлі тренинг, семинарлар ұйымдастырады. Айта кетейік, баспанаға мұқтаж студенттерге арналған тегін жатақхана Қазақстан бойынша алғаш рет Павлодар облысында ашылып отыр.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе