Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруі ғылыми қамтымды экономиканы қалыптастыруға негізделуі тиіс - Қ.Тоқаев

Қазақстанның бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруі ғылыми қамтымды экономиканы қалыптастыруға негізделуі тиіс. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.«Еліміздің бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына кіруі ғылыми қамтымды экономиканы қалыптастыруға негізделуі тиіс. Бұл ұстаным экономиканың шикізаттық түрінен инновациялық үлгісіне көшуді қамтамасыз етуге зор мүмкіншілік туғызатындығы сөзсіз.  Мұны ғылыми қамтымды экономиканы қалыптастыру арқылы тұрақты экономикалық дамуға қол жеткізген елдердің тәжірибесі де анық көрсетіп отыр», - деді Қ.Тоқаев ҚР Парламенті Сенаты «Өңір» депутаттық тобының «Білім, ғылым және кәсіпкерліктің серіктестігі - ұлттық инновациялық жүйенің және ғылымға негізделген экономиканың стратегиялық даму жолы» тақырыбына  арналған отырысында.

Сенат спикерінің атап өтуінше, ғылыми қамтымды экономикада еңбек өнімділігінің жоғары деңгейіне мән беріліп, экономикалық өсімді қамтамасыз етуде ғылыми зерттеулер мен озық технологиялық секторлардың жұмысына басымдық берілетіні белгілі. Нақты айтқанда, инновациялық экономиканың негізгі белгілеріне сапалы білім мен ғылым, бәсекелестікпен кең өріс алған кәсіпкерлік, инновацияға деген ұдайы сұраныс, еңбек өнімділігі мен тұрмыстың жоғары деңгейі және әлемдік ауқымдағы бәсекеге қабілетті экономика жатады.

Қазіргі  таңда ұлттық инновациялық жүйені дамыту бойынша мемлекеттің, бизнестің, білім және ғылыми жүйесінің өзара байланысы арқылы жаңа мүмкіндіктер ұсынылуда екендігін баса айтқан Сенат Төрағасы: «Бүгінде Қазақстанның бірқатар жаһандық-экономикалық сын-қатерлердің алдында тұрғаны белгілі. Сондықтан мемлекетіміздің даму келешегі, оның бәсекеге қабілетті дамыған елдердің қатарына кіруі және жаһандық инновациялық жүйеде лайықты орын иеленуі еліміздің сыни кезеңдерді табысты еңсеруіне тікелей байланысты болатыны даусыз. Бұл ретте Қазақстан үшін әлемдегі ең озық технологиялық өзгерістер ортасында болып, инновациялық тұрғыдан белсенді елдердің қатарына кіруі үшін қолда бар ғылыми-технологиялық және кадрлық әлеуетті тиімді пайдаланудың маңызы зор болмақ», -  деді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе