Астанада студенттік кинотеатр ашылды

АСТАНА. 19 Еуразия Ұлттық университетінде студенттік кинотеатр ашылды.Кинотеатрдың ашылу салтанатына «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаев, белгілі кинорежиссер Рүстем Әбдірашев,  актерлер Нұржұман Ықтымбаев, Алмагүл Әлішева және Мәжіліс депутаттары, министрліктер мен елшіліктер өкілдері қатысты.

«Студенттік кинотеатр» жобасының басты мақсаты тарихымызға алтын әріппен жазылып қалған отандық классикалық кинотуындылармен қатар, қазіргі білім-ғылым мен мәдениетті кеңінен насихаттайтын қазақстандық және шетелдік фильмдерді тамаша техникалық сапада көрсету арқылы жастардың дүниетанымын кеңейту.

«Студенттің жалақысы қай кезде де төмен, жетпей жатады. Бір жолы киноға барып келу үшін 1500 теңге қажет. Жігіттер қыздарын апарса, 3000 теңгеге жуық кетеді. Оны кейін таксимен апару керек. Осындай шығыннан кейін екінші рет барғың да келмей қалады. Екіншіден, эстетикалық, патриоттық, рухани тәрбиенің көзі кино болып қала береді», - дейді Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов.

Салтанатты шара барысында «Қазақфильм» мен жоғары оқу орны арасында өзара әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.

«Қазақфильм» киностудиясының президенті Ермек Аманшаевтің айтуынша, меморандум аясында киностудияда түсірілген қазақтың классикалық туындылары мен соңғы фильмдері көрсетіліп, кинолардың түсіру ұжымымен кездесулер өткізіліп тұрмақ. 

«Бұл кинозалды Астанадағы біздің киностудияның шығармашылық, өндірістік базасы деп есептейтін боламыз», - деп атап өтті Е. Аманшаев.

«Студенттік кинотеатр» жобасы арқылы университет студенттерінің мәдени демалысы анағұрлым жемісті болады. Мұнда жұмсақ орындықтар, тамаша экран, қуатты акустика, салқындату жүйесі қарастырылған. Осы арқылы университеттің елордалық және еліміздегі жетекші оқу орны ретіндегі имиджі арта түспек.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе