Конфесcияаралық бейбітшілік пен келісім негізі

Қазіргі тандағы Қазақстанның саясаты конфесcияаралық бейбітшілік пен келісімді орнатуға, қазіргі заманғы қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтардың жаңа жүйесін құруға бағытталған. Бұл әсіресе көп конфесcиялы және көпұлтты қазақстандық қоғам үшін өзекті болып табылады.Қазақстанның ұлттық-мәдениетін нығайту, жастарды патриотизмге тәрбиелей отырып, сан ғасырлық рухани құндылықтар мен әлемдік және дәстүрлі діндердің жасампаз тәжірибесіне тартуды қажет етеді. Діни ілімнің даму тарихы, яғни бүгінде кеңінен қанат жаюы Қазақстан мәдениетінің қалыптасуы мен ертеңгі болашақ күннің бағдарын айқындауда елеулі әсер етуде.Еліміздегі көпұлттылық пен көпконфессиялық жағдайы өз кезегінде жастардың, соның ішінде жасөспірімдерге заман талабына сай мектеп қабырғасында әлемдік діндер тарихын, олардың діни сенімдері мен ұстанымдарын, сонымен қатар ел аумағында әрекет етуші дәстүрлі және дәстүрлі емес діндер және олардың ағымдары жайлы қажетті мәлімет беру, бір сөзбен айтқанда зайырлы тұрғыда діни сананы қалыптастыруға бағытталған «Дінтану негіздері» пәнін енгізуге деген қажеттілікті тудырды. «Дінтану негіздері» оқулығына деген сұраныс қоғам қайраткерлері мен зиялы қауым және дінтанушы сарапшылар арасында түрлі көзқарастар мен пікір-таластарды тудырды.Жалпы «дінтану» ұғымына тоқталар болсақ ол - діннің мәнін, оның тарихы мен қазіргі таңдағы жай-күйін зерттейтін ғылым. Дінтанудың дін оқуынан немесе теологиядан (theos - құдай, logos - ілім), яғни Құдай туралы ілімнен принципті түрде ерекшеленетінін айрықша атап өту маңызды. Дін оқуы мұсылман елдерінде арнаулы медіресе мен мешіттерде сабақ ретінде, ал батыс еуропаның елдерінде шіркеулерде немесе арнайы діни оқу орындарында жүзеге асырылады. Ал мұнда дінді немесе діндерді насихаттамайды, оларды объективтілік мазмұнда түсіндіруді мақсат етеді. Бұл пән - зайырлы қоғамның дін және діндер туралы сараптамасы.  «Дінтану негіздері» пәнінің мақсаты - әлемдік және еліміздегі дәстүрлі діндер ілімін, түрлі ағымдар мен олардың тарихын зайырлы ұстаным негізінде объективті түрде білім бере отырып, жасөспірім мен жастардың  бойында гуманистік дүниетаным негіздерін, рухани-адамгершілік құндылықтарын, жалпы алғанда діни сана мен сауаттылықты қалыптастыруға ықпал ету. Сонымен қатар жастар санасына теріс пиғылды деструктивті және радикалды ағымдар мен олардан сақтану жайлы мәлімет беру аталмыш пән міндеттерінің бірі.   Алғаш рет дінді таза ғылыми тұрғыда зерттеу қажеттілігі туралы ой ойшылдардың ойына орта ғасырлар кезеңінде-ақ ұялағанымен, бұл идея тек XVIII ғасырда ғалымдар арасында қолдау тауып қана қоймай, жеке ғылым ретінде қалыптаса бастады. ХІХ ғасырда дінтану біржолата пісіп-жетіліп, әлеуметтік-гуманитарлық ғылым жүйесінде өз орнын тапты. Дінтану ғылымының негізін қалаушылардың бірі М.Мюллер «Дін туралы ғылымға кіріспе» атты дәрістерінде:  «Барлық діндерді немесе, қалай болғанда да, адамзаттың ең маңызды діндерін алаламай және нақты ғылыми түрде салыстыруға негізделген дін жайындағы ғылым»,- деп жазды.Бүгінгі таңда дінтану мәселелерімен тұтастай ғылыми ұжымдар: ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындарының мамандандырылған кафедралары айналысуда. Жалпылай айтқанда, дін тақырыбы дегеніміз: діннің пайда болу уақыты, себептері мен жағдайлары туралы деректерге талдау жасау, діннің даму және қызмет ету заңдылықтарын, оның сан алуан ерекше құбылыстарын, өркениетті үдерістердегі, адамзаттың рухани мәдениеті жүйесіндегі рөлін, сонымен қатар діннің осы мәдениеттің басқа құрамдас бөліктерімен өзара байланыстыратындағы түрлерін оқып-үйрену, діннің адамның жеке өміріндегі рөлін анықтау болып табылады. Елімізде алғашқы «Дінтану негіздері» оқулығы 2003 жылы Ғ. Есім бастаған бірнеше оқымыстылар тарапынан Алматы қаласы «Білім» баспасында жарық көрді. Бұл оқулыққа дінтану білімінің тарихы мен негізгі ұғымдары туралы ықшамдалған мағлұматтар енді. Жалпы алғанда аталған оқулықтың шығуы нағыз қазіргі заман талабы деп нақты айтуға болады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе