Қытайдағы құрылтайға 250-ден астам қазақстандық студент қатысты

Бүгін Бейжіңнің Чанпин ауданындағы мұнай университетінде Қытайдағы қазақстандық студенттер қауымдастығының (KSAC) 8-құрылтайы басталды, дап тілшісі.

«Қазақстанның экономикалық-әлеуметтік дамуына жастардың қосатын үлесі» атты құрылтай тақырыбын талқылауға Қытайдың 17 қаласында оқитын 250-ден астам студент қатысты. Оның тең жартысы Қытай астанасында оқыса, қалған жартысы  Шанхай, Нанкин, Сиан, Ханчжоу, Далян, Ухан, Чунцин, Чанчжоу, Сучжоу, Чжэньцзян, Гуанчжоу, Үрімші, Харбин, Тайюан, Тяньцзин, Ланьчжоу қалаларында білім алып жатыр.

Құрылтайдың ашылу салтанатында Қазақстан елшісі Шахрат Нұрышев, Қытай мұнай университетінің проректоры У Сяолинь,  KSAC ұйымының төрайымы Нұргүл Макұлбек сөз сөйледі.

«Елшілік Қытайда оқыған жастардың тәлімгерліктен өтіп, оқудан кейін жұмысқа орналасуына баса мән береді. Былтырдан бері Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асырушы қытайлық компаниялармен бірлесіп, «бос орындар жәрмеңкесін» өткізуді қолға алдық. «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен Жібек жолы экономикалық белдеуінің қиылысы аясында біздің елде 55 кәсіпорын ашылып, 27 млрд доллар инвестиция құйылды. Бұл болашақта 20 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Аталмыш жұмыс орындарының көбі қытай тілін білуді қажет ететіні анық», - деді Қазақстан елшісі.

Ол сондай-ақ, Қытайдың шетелдегі кәсіпорындарды дамыту қауымдастығымен (CODA - China Overseas Development Association)  бірге «бос орындар жәрмеңкесін»  ұйымдастыру тәжірибесі дәстүрлі шараға айналады деген үміт білдірді.

«Бүгінгі құрылтай аясында өткен «жәрмеңкенің» арқасында жастар тәлімгерліктен өтіп, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады», - деді  Шахрат Нұрышев.

Салтанатты шара барысында Шахрат Нұрышев қауымдастықтың жұмысына белсенді атсалысқан Аққалбек Тағабергеновке (Ханчжоу), Нұртас Исабекке (Шанхай), Аян Үсіпәліге (Тяньцзинь), Тимур Көшербаевқа (Нанкин), Еркін Дәлелханға (Ланьчжоу), Әділхан Дүйсембаевқа, Азиза Лескенге, Әсел Қожағұлға, Жансая Токишеваға, Салтанат Доспановаға және Дәулет Жақсыбекке (Бейжің) грамота табыстады.

Айта кетсек, Қытайдағы қазақстандық студенттердің құрылтайын өткізу Қазақстанның Қытайдағы Елшілігі мен ҚР білім және ғылым министрлігінің халықаралық бағдарламалар орталығының бастамасымен жолға қойылған. «Kazakhstan Students Association in China» (KSAC) деген аты бар қауымдастық 2013 жылғы екінші Құрылтайда құрылған болатын. Қазір оның құрамына 10 мың қазақстандық студент кіреді.  Өткен жылы аталмыш құрылтай Ханчжоу қаласында өтті.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе