Қызылордада Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық мәселесі талқыланды

ҚЫЗЫЛОРДА. 7 /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылордадағы «Болашақ» университетінде «2012 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді ұйымдастыру мен өткізу ерекшеліктері» тақырыбында облыстық семинар өтті. Оны облыстық білім басқармасы ұйымдастырды.Семинарға ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті төрағасының орынбасары Мақта­ғали Бектемесов, Қызылорда облысы білім саласындағы бақылау комитетінің директоры Мейрамбек Шермағанбет, облыс­тық білім басқармасының бастығы Абзал Мұхимов және аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары, орта мектеп дирек­торлары, ҰБТ-ны өткізу пункттерінің жетек­шілері, ата-аналар комитетінің өкілдері, сондай-ақ биылғы мектеп түлектері қа­тысты.

Жиында ҚР Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу қағидаларын бекіту және «Білім алушылардың үлгерімін ағымдағы бақылау, аралық және қорытынды мемлекеттік аттестаттау жүргізудің үлгі ережесін бекіту туралы» ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2008 жылғы №125 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы №506 бұйрығымен бекітілген Ұлттық бірыңғай тестілеудің ережесі таныстырылды.

Биылғы жылы облыс бойынша орта мектепті 8517 оқушы бітіреді. Оның 471-і «Алтын белгіге», 296-сы үздік аттестатқа үміткер. Қазіргі таңда ҰБТ-ға дайындық жұмыстары барлық мектепте жүруде. Білім ұйымдарында үміткерлерден сынама тестілер алынып, қорытындысы талдануда. Үстіміздегі жылдың қаңтар айында алынған сынама тестілеудің орташа балы 79,52 болды.

Аймақта 8 тестілеу пункті жұмыс істейді. Былтырғы оқу жылында Арал, Қазалы, Қармақ­шы аудандарының тестілеу пункттері жаңа­дан берілген 1200 орындық мектеп база­сы­на көшірілді. Ал биыл Шиелі ауданындағы тестілеу орталығын №244 мектептің базасына көшіруге Ұлттық тес­тілеу орталығына ұсыныс берілсе, Жаңа­қорған ауданындағы тестілеу орталығын жаңадан берілетін 1200 орындық мектепке көшіру жобаланып отыр.

Семинар соңында жиынға қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ойларын ортаға салды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе