Қазақстан табиғи газ өндірушілердің үздік ондығына кірмек

Осы аптада  Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Парламент Сенатының отырысы өтіп, онда Мемлекет басшысының «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатында белгіленген міндеттерді қаржылық тұрғыда қамтамасыз етуге бағытталған заң жобалары қаралды.Отырыста мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының басым бағыттары бойынша Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев баяндама жасаса, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов үш жылдық бюджеттің негізгі көрсеткіштеріне қатысты деректерімен бөлісті. Сондай-ақ осы жиынға арнайы қатысқан Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бастаған Үкімет мүшелері депутаттар тарапынан туындаған сауалдарға тыңғылықты жауап берді. Атап айтқанда, «2015-2017 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасы талқылау барысында сенаторлардың сауалына жауап берген Үкімет басшысы Елбасы Жолдауы аясында шешімін табатын басты мәселе - контрциклды бюджеттік саясат екенін атап өтті. Сонымен қатар ол Жолдауда айтылған екінші бағыт құрылымдық реформалар жасауға қатысты екенін еске салды. «Біз жақын аралықта Мемлекет басшысына 2015 жылы жоспарланған мейлінше құрылымдық реформаларға қатысты ұсыныспен шығамыз. Бұлар негізінен қолданыстағы заңнамаға бірқатар өзгерістерді де қарастырады. Мұндағы басты мәселе - мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шарты жағдайындағы экономиканың түрлі секторына салынатын инвестициялар туралы болып отыр, нақтыласақ, ондай инвестициялар өзін-өзі ақтаулары тиіс. Бұл үшін әлемде қалыптасқан оңтайлы тәжірибе бар әрі дәл осы жолмен Шығыс Еуропа елдері де бір кездері Еуропа одағына қосылғанда өткен болатын», - деді К. Мәсімов. 

Ол Үкімет Ұлттық банктің бүгінгі ұстанымын, соның ішінде орташа мерзімдік кезеңдегі инфляциялық стратегиялауға ауысу жұмысын қолдайтындығын білдірді. Сонымен қатар Ұлттық банк Үкіметтің экономиканы долларсыздандыру жұмыстарын да жалғастыруы керектігін баса айтты.

Қазақстан табиғи газ өндірушілердің ондығына кірмек

Кеше елордада Энергетикалық хартия жөніндегі конференцияның 25-ші сессиясы өткен болатын. Бұл халықаралық шараға еліміздің Үкімет басшысы арнайы қатысып, сессия жұмысына қатысушыларға құттықтау жолдады. Өз сөзінде жаһандық энергетикалық қауіпсіздік проблемаларына айрықша назар аудара келе Үкімет басшысы: «Энергетикалық қауіпсіздік біздің уақытымызда негізгі проблемалардың біріне айналып отырғаны айдан анық. Экономикалық өсім энергия ресурстарына деген сұраныстың арта түсуіне жағдай жасауда. Біз қызметтің осы бағыты, сондай-ақ, жаңа жаңғырмалы энергия көздерін іздеу таяу жылдарда өскелең маңызға ие болады деп есептейміз. Бірде-бір компания, бірде-бір мемлекет бұл проблеманы жападан-жалғыз шеше алмайды. Біз бұл сын-қатерлерге бірлесіп үнқатысуға тиіспіз», - деді К.Мәсімов.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның соңғы жылдары жетекші әлемдік энергия ресурстарын экспорттаушыға айналғанына назар аударды. «Таяу жылдары біз негізгі энергия ресурстарын, соның ішінде табиғи газ өндірушілердің ондығына кірмек ниеттеміз. Сол сияқты біз сланц газын өндіру бойынша да кен орнын талдап-әзірлеу жұмыстарын жүргізуді ойластырудамыз», деді Үкімет басшысы.

Келесі кезекте сөз алған ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник: «Мол энергетикалық ресурстарға және энергетикалық салада халықаралық қарым-қатынаста зор тәжірибесі бар Қазақстан ірі энергетикалық ағындар қиылысында тұр. Бізде еліміз көмірдің, уранның, мұнайдың және табиғи газдың бірегей қорына ие. Елімізде гидроэнергетикалық және жаңаратын энергия көздері де бар», - деп бастады сөзін.

Сонымен қатар ол өз сөзінде Қазақстанда өндірілетін базалық отын ресустары, яғни мұнай, уран, газ, көмірдің жиынтық көлемі мұнай эквивалентімен алған кезде жылына шамамен 35 млрд. тоннаны құрайтындығын еске салды. Оның айтуынша, ағымдағы жылғы бастапқы энергия ресурустарын өндіру көлемі 400 млн. тоннаға жеткен. Алайда, ішкі нарыққа қажеттісі 60 млн. тонна ғана. Ал қалған энергия ресрустары экспортқа шығарылады. Жалпы, Тәуелсіздік жылдары ішінде Қазақстан мұнайдың дәлелденген мол қоры бойынша үздік 15, ал газ қоры бойынша үздік 20 мемлекеттің қатарына енді. Соңғы 20 жыл ішінде біздің елімізде мұнай өндіру көлемі үш еседен астамға өсті және тәулігіне 1,6 млн. баррель мұнай өндіріледі. Газ өндіру көлемі де бес есеге артқан. Бүгінде республикада жыл сайын 40 млрд. текше метрден астам газ өндірілу үстінде. «Біздің болжамымызша, 2020 жылдан кейін Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі жылына 100 млн. тоннадан асып жығылатын болады немесе тәулігіне екі миллион баррельді құрайды», - деді В.Школьник.

  

Қазақ хандығының 550 жылдығын бүкіл ел атап өтеді

26 қараша күні Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі республикалық комиссияның бірінші отырысы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өтті. Жиынды ашқан вице-премьер өз сөзінде Елбасы Н.Назарбаев келесі жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы атап өткізіледі деп айтқандығын еске салған ол: «Жақында ғана Үкімет қаулысы қабылданды. Оған сәйкес осы іс-шараны өткізу үшін республикалық комиссия құрылды. Оның төрағасы Премьер-Министрдің орынбасары, құрамына Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары, министр, Жамбыл облысының әкімі, министрлердің, облыс әкімдерінің орынбасарлары енді»,- деді. Үкімет басшысы орынбасарының сөзіне қарағанда, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына қатысты іс-шаралар тек қана Жамбыл өңірімен шектелмеуі тиіс. Себебі қазақ хандығының ары қарай дамуына, қалыптасуына басқа да қалалардың үлесі бар. Мәселен, Түркістан, Сығанақ, ар жағындағы Сарайшық, Бөкей ордасы, мына жақта Ұлытау, Көкшетау және басқа біздің қалалар қазақ хандығының ордасы болған еді.

Осы отырыстан кейін Б.Сапарбаев ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Елбасы Н.Назарбаевтың «Нұрлы жол - болашаққа бастар жол» атты Жолдауын жүзеге асыру мәселелеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты. «Әрбір ұлттың, мемлекеттің дамуы, болашағы өркениетке байланысты. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев егемендік алған күннен бастап осы мәселеге зор көңіл бөліп келеді. Жақында ғана Мемлекет басшысының Жарлығымен мәдениеттің саяси дамуының тұжырымдамасы қабылданды. Мұндағы негізгі мақсат - осы саладағы барлық қызметкерлердің «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруға байланысты жұмыстарды жүргізіп, еліміздің  дүниежүзінің дамыған 30 елінің қатарына кіруі үшін өз үлестерін қосуы», - деп жиынды ашты вице-премьер.

Сонымен қатар Үкімет басшысының орынбасары әрбір мемлекеттің дамуы тек оның экономикалық көрсеткіштерімен емес, сонымен бірге әдеби, мәдени, спорттық көрсеткіштерімен де есептелінетіндігін баса айтты. Қазіргі қиыншылықтарға қарамастан елімізде мемлекеттің қолдауымен жүздеген кітаптар жарық көріп, романдардың, пьесалардың жазылып жатқанын, фильмдердің түсіріліп жатқанын атап өтті. «Ендігі мақсат - осынау тұжырымдамаға сәйкес сол туындыларды елге, әсіресе, жастардың арасында насихаттап, түсіндіріп, бағасын беру. Өкінішке орай, қазіргі кезде біздің жастарымыз кітап оқудан, концертке барудан қалып барады. Сондықтан жергілікті жердегі басқармалардың, әкімшіліктердің міндеті - жастарды әдебиетке, өнерге, мәдениетке баулу», - деді Б.Сапарбаев.

 

Алдағы уақытта колледждерде қажетсіз пәндер оқытылмайды

Бүгін елордада «Кәсіптік білім және бизнес: әріптестер сұхбаттастығы» атты 6-шы халықаралық форум өтті. Халықаралық шараға арнайы қатысқан ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы бірқатар өзекті мәселелерді көтеріп, еліміздің Білім және ғылым министрлігі алдына нақты тапсырмалар да жүктеді. Вице-премьердің баса назар аударған мәселелердің бірі колледждердегі қажетсіз пәндердің әлі күнге өтуі болды. «Мәселен, егер адам дәнекерлеуші немесе құрылысшы мамандығын оқитын болса, онда оған 11 жыл бойы мектепте оқыған математика, тарих, әдебиет пәндерін қайта оқудың қажеті қанша? Бұл пәндердің орнына жұмыс барысында және өз кәсібін игеруге қажетті пәндерді күшейту керек. Сондықтан да министрлікке келесі оқу жылының басына дейін бұл салаларға қажетсіз пәндерді қысқарту есебінен оқу бағдарламасын қайта қарауды тапсырамын», - деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар ол жиынға қатысушылардың назарын Үкімет пен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы білім берудің дуальды жүйесінің жол картасын дайындағанын аударды. Аталған жол картаға сәйкес 2017 жылға дейін елімізде осы жүйемен жұмыс істейтін колледждердің саны 50 пайызға жетуі тиіс. Ал бүгінде бұл жүйемен 280 колледж жұмыс істеуде. Бұл республикадағы барлық колледждер санының шамамен 34 пайызын құрайды.

Халықаралық форумда еліміздің Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов те баяндама жасап, техникалық және кәсіптік білім саласын жаңғырту барысында атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, мемлекет тарапынан қолға алынған шаралардың нәтижесінде техникалық және кәсіптік білім беру саласында ілгерілеушілік бар. Мәселен, қазіргі таңда колледж бітірген түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі жылдан-жылға жақсарып келеді. Тек биылғы жылыдң өзінде өсім 10 пайызға жетті.  Алайда қазіргі таңда мектепте 9-11 сынып оқитын оқушылардың  90 пайызы кәсіптік білім алуға құлықсыз. Тіпті, колледж студенттерінің 17 пайызы өз болашақтарын алған мамандықтарымен байланыстырмайды. Бүгінде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесімен жастардың тек 17 пайызы қамтылған. Бұған қоса, 14-24 жас аралығындағы жастардың 20 пайызының кәсібі жоқ, оның 3 пайызы ешқайда жұмыс істемейді. Міне, осы кемшіліктерді жою үшін алдағы уақытта «Білім туралы» заңға бірінші жұмысшы мамандықтарын кепілді алуды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қамтитын өзгертулер енгізілмек. Айта кетерлігі, «Кәсіпқор» холдингі базасында оқытушылардың біліктілігін арттырудың жаңа жүйесі құрылады. Онда 2016 жылдың өзінде 5200 оқытушы жұмысшы біліктілігін көтеріп, кәсіпорындарда тағылымдамадан өтеді және сертификацияға ие болады. Нәтижесінде 3 жылдың ішінде сертификат алған педагогтардың үлесі 20 пайызға дейін ұлғаяды. «Бұл шаралардың барлығы біздің студенттердің әлемдік білім беру кеңістігіндегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған. Осыған байланысты республиканың халықаралық WorldSkills қауымдастығына кіру қажеттілігі туындап отыр», - деді А.Сәрінжіпов.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе