Қазақстанның басты бренді - оның атақты спортшылары - Қ. Закирьянов

Қазақстанның басты бренді -  оның атақты спортшылары. Бұл туралы бүгін Алматыда Абай атындағы опера және балет театрында 18-ші Халықаралық «Олимпиадалық спорт және баршаға арналған спорт» атты ғылыми конгрестің ашылу салтанаты мен Қазақтың спорт және туризм академиясының 70 жылдық мерейтойы барысында аталмыш жоғары оқу орнының ректоры, профессор Қайрат Закирьянов айтты.Оның сөзіне қарағанда,  түрлі елдерде өткен тек  Олимпиадалық ойындардың өзінде Қазақстанның туы 41 рет көтеріліпті. Олардың ішінде 28 рет аталмыш Академия түлектерінің құрметіне көтерілген.

«70 жыл ішінде біздің Академия 20 мыңнан астам маман даярлап шығарды. Бүгінде біздің түлектер әр түрлі салаларда жемісті еңбек етіп келеді. 2002 жылы Қазақтың спорт және туризм академиясының бастамасымен Халықаралық дене шынықтыру және спорт университеттерінің қауымдастығы құрылды. Бүгінде бұл ұйымның құрамына бүкіл дүние жүзінен 46 университет енген. Біз жыл сайын әр түрлі елдерде «Олимпиадалық спорт және баршаға арналған спорт» атты ғылыми конгресс және «Университеттік спорт: Денсаулық және ұлттың өркендеуі» атты халықаралық ғылыми конференциялар өткізіп тұрамыз» - деді өз сөзінде Қ. Закирьянов.

Айта кетелік, Қазақтың спорт және туризм академиясы 1944 жылы 14 қарашада құрылған. Сол күні КСРО Халық Комиссарлары Кеңесі Алматы қаласында Қазақ Мемлекеттік дене шынықтыру институтын құру туралы қаулы қабылдады.

1998 жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен Қазақтың спорт және туризм академиясы болып қайта құрылды.    

Ал Алматыда өтетін 2017 жылғы XXVIII Бүкіләлемдік қысқы универсиадаға арналған XVIII «Олимпиадалық спорт және баршаға арналған спорт» халықаралық ғылыми конгресінің жұмысы 4 қазанға дейін жалғасады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе