Астанада ақын А. Шаяхметтің кеші өтті

АСТАНА. 4 Бүгін Астана қаласындағы Мұстафа Шоқай атындағы №51 мектеп-гимназияда ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттікуниверситетінің профессоры Ақылбек Шаяхметпен кездесу болып өтті. Мектеп ұжымы ақынның жыр жинақтарынан көрме ұйымдастырды.

Жалынды жырлар оқылып, әсем әндер шырқалған әдеби кешке білім ордасының ұстаздары мен шәкірттері және Қазақ ұлттық өнер университетінің студенттері қатысты.

№51 мектеп-гимназия директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қаншайым Міржақып әдебиет дәрісі тәрізді өнер иелерімен, танымал қаламгерлермен жүздесулер өткізу, шәкірттердің санасына поэзияның құндылығын ұғындыру білім ордасында дәстүрге айналып келе жатқанын айтты. Қостанайлық ақынның немерелері осы білім ұясында тәлім алуда. Мәселен, мектеп-гимназияның түлегі Бекзат Ақылбек қазір Қазақ ұлттық өнер университетінің студенті болса, екінші бір немересі Анар Ақылбек 8 сыныпта оқып жүр.

Ақын кешінде Бекзат Ақылбек атасының сөзіне жазылған әндерді орындады. Анар ақынның өлеңін оқыды.

Ақылбек Қожаұлы кеш барысында өз өлеңдерін оқып, оқушылардың сұрақтарына жауап берді. Мектеп оқушылары ақынның жырларын жатқа айтты, сондай-ақ өздерінің тырнақалды туындыларын оқып, ақыл-кеңес алды.

«Мен еліміздің жас Елордасында білімді де өнерлі ұрпақтың өсіп келе жатқанына көз жеткіздім. Мектеп-гимназияда өлең шығаратын, ән айтатын өнерлі оқушылар көп екен. Жастарымыздың білімде алғыр, өнерде жүйрік болуы тәлім берген ұстаздарының арқасы»,- дейді ақын Ақылбек Шаяхмет.

Осындай кеш ұйымдастырған білім ордасына ризашылығын білдірген А.Шаяхмет кеш соңында өзінің бірнеше прозалық және поэзиялық жинақтарын мектеп-гимназияның кітапханасына сыйға тартты.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе