Оралда халықаралық конференция барысында ЖОО-лар арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

ОРАЛ. 28 ҚазАқпарат бұдан бұрын хабарлағанындай, 26-27 наурызда Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде Ресей, Беларусь, Қырғызстан және Қазақстан ЖОО-лары мен ғылыми-зерттеу институттарыөкілдерінің қатысуымен халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. «Еуразиялық интеграция: инновациялық бағдарламаларды жүзеге асырудағы ғылым мен білімнің рөлі» атты бұл жиынды ҚР Білім және ғылым министрлігі, Батыс Қазақстан облысының әкімдігі ұйымдастырды.

Конференцияны ашқан Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың ректоры Қазыбай Бозымов ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың құттықтауын жеткізді. Өз баяндамасында Қазыбай Қараұлы университетте академиялық мобильділікті дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын тілге тиек етті. Оған еліміздегі жетекші ЖОО-лармен жасалған 20-дан астам келісім-шарт және Голландия, Австралия, Германия, Чехия, Швеция, Испания сынды мемлекеттердің университеттерімен арадағы келісім негіз бола алады. Шетелге барып машықтан өту үшін жыл сайын студенттер арасында сұрыптау жүреді. Білім ордасында IELTS және TOEFL халықаралық емтихандарға дайындайтын лингвистикалық тіл орталығы жұмыс істейді. Мұнда АҚШ, Германия, Чехия, Сербия, Латвия, Ресей елдеріндегі ғалымдар жиі келіп, дәріс оқиды. Сондай-ақ жыл сайын университеттің елуден аса оқытушысы жақын және алыс шетелдік ЖОО-ларға, ғылыми орталықтарға барып, білімін жетілдіріп жүр. Бүгінде оқу орны үш халықаралық, бір ұлттық қауымдастықтың және бес инновациялық консорциумның мүшесі.

Шекаралас аймақтардағы өзгермелі ауа райы жағдайындағы аграрлық өндірістің тұрақты дамуы тақырыбында баяндама жасаған Орынбор мемлекеттік аграрлық университетінің ректоры Владимир Каракулев Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында шекаралас аймақтар экономикасын табиғи жағдайды ескере отырып дамыту қажеттілігін мәлімдеді. «Жыл өткен сайын біздің жақта қуаңшылық орын алып келеді, - Владимир Каракулев. - Мәселен, Орынбор аумағының үстінен өтіп, Батыс Қазақстан облысына баратын Жайық, Шаған өзендерінің арнасы тартылып бара жатыр. Орман, жалпы жасыл желек азайды. Ауыл шаруашылығы дақылдардарының өнімділігі төмендеп келеді. Осының бәрі бізден, яғни ғалымдардан агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін экономикалық әрі экологиялық жағынан тиімді жаңа жолды табуды қажет етеді».

Уфа шаһарынан келген ғалым Ринат Абдеев башқұртстандық ғалымдардың арқасында өндіріс орындарында жаңа инновациялық жобалар жүзеге асып жатқанын жеткізді. Олардың арасында болат пен шойынды құю, әйнекпластикалық өнімдерді кең көлемде шығару, металжаймалауға арналған өндірістік құрал-жабдықтарды дайындау бар.

Қорыта айтқанда, конференцияның алғашқы күнінде оннан аса баяндама жасалды. Ертеңіне «Ғылымның инновациялық дамуы», «Болон процесіне сәйкес білім сапасын қамтамасыз ету» тақырыптарында секциялық отырыстар өтті. Конференцияның соңында ЖОО-лар арасындағы ынтымақтастық туралы келісім-шарттарға қол қойылды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе