Жастар жылы: Ақмолада халықаралық скауттар садақ атып, киіз үй тігеді

Қазақстандағы Жастар жылы аясында Қазақстандағы скауттар «Ұлы дала мұрасы» слетін өткізеді, деп тілшісі.

Оған әлемнің 20 елінен 14-25 жас аралығындағы 500-ге жуық адам жиналады.

«Скауттар слеті тамыз айында Ақмола облысындағы «NOMADS CAMP» киіз үй лагерінде өтеді. Онда көшпенділер мәдениетіне басымдық беріледі. Яғни, жастар үшін садақ ату, бүркіт жіберу, атқа міну, киіз үй құрастыру шаралары ұйымдастырылады», - деді «Ұлы дала скауттары» қоғамдық ұйымының президенті  Ильдар Катенов Астанада Ұлы дала скауттарының VIII конференциясында.

Оның айтуынша, аталған жиын Қазақстан үшін теңдессіз имидждік жоба болмақ. Бұл арқылы еліміздің туристік танымалдылығын арттыруға болады. 

Бұған дейін қазақстандық скауттардың АҚШ-та өтетін әлемдік слетке қатысатыны хабарланған еді.  Онда 13-17 жас аралығындағы 12 қазақстандық өз елін, мәдениетін және салт-дәстүрін таныстырады және әлемге әйгілі тұлғалармен кездеседі.

Скаутинг - балаларға түрлі ойындар мен қызықты сабақтар арқылы орта мектептен де мол мәлімет, зор білім мен дағды бере алатын білім жүйесі. Оны бейресми білім беру жүйесі деп атайды. Скауттар жазда - табиғат аясында тіршілік етудің қыр-сырын үйренсе (отқа ас пісіреді, қос құрады, шатырда ұйықтап, отын жинайды, суда жүзеді, түрлі командық ойындар ойнайды, ағашқа өрмелейді т.б.), қыста - туризм бойынша  жарыстарға, квестерге қатысып, түрлі акциялар өткізеді. Скаут болу үшін жас ерекшелігі маңызды емес. Қысқаша айтқанда, бұл жүйе балаларға жеке тұлға ретінде дамудың жолын айқындап бермек.

Бүгінде скауттық қозғалысты ҚР Парламенті, жергілікті басқару органдары, ҚР білім және ғылым министрлігі, ҚР Тұңғыш Президентінің кітапханасы, мектептер мен балалар шығармашылық үйлері, қоғамдық бірлестіктер, балаларды дамыту жекеменшік орталықтары мен жалпы бастамашыл ата-аналар қолдап отыр.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе