БҚО-да 136 мектеп музейі жұмыс жасайды

Батыс Қазақстан облысында 136 мектеп музейі жұмыс жасайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметі өңірлік филиалында облыстық балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Виктор Фомин мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі. Оның айтуынша, бұл бағытта Ақжайық, Зеленов, Жәнібек, Бөрлі, Бөкей ордасы, Жаңақала аудандарының мектептері белсенділік көрсетуде. Керісінше Сырым, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласы бұл мәселе жөнінен артта қалуда, оларда мектептердің 10-28 пайызында ғана музей жасақталған. Мектеп музейлерінің дұрыс жолға қойылмауы жетекшілеріне еңбекақы төленбеуіне байланысты. Осы орайда Бөрлі ауданында ғана оң тәжірибе бар, мұнда әр мектеп музейінің (21 мектеп музейінің 18-і құжатталған) жетекшісіне ақы төленеді. «Қазақстан «Мәңгілік елге» бет алған кезде өткеніміз бен өлкемізді танып-білудің маңызы зор. Осы орайда біздің орталық «Туған өлкенің көрнекті орындарынан - Қазақстанның қасиетті жерлеріне» атты туристік-экскурсиялық марафонды жоспарлаған болатын. Алайда бюджеттік өтінімнің облыстық білім мен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармаларында жатқанына екі жыл болды. «ЭКСПО-2017» көрмесі өтетін жылы аталмыш шараны қолға алсақ, дұрыс болар еді», деді Виктор Фомин.Айта кетейік, қазіргі кезде республикада 37 туризм орталығында балалардың 2,6 пайыздан астамы қамтылған. Бұл жөнінен Батыс Қазақстан облысы едәуір алда. Өңірде 14 туризм орталығы мен стансасы болса, қамту көрсеткіші - 12,6 пайыз. Бұл ретте Ақжайық және Жәнібек аудандарын (36,2 және 39,2 пайыз) атап өтуге болады. БҚО балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығы Қазақстан ғана емес, Ресей өңірлеріндегі осындай ұйымдармен тығыз байланыс жасайды. Құзға өрмелеуді дамыту бағытында қала мен аудандарда 22 скалодром орнатылған. «Батыс-West» атты БҚО құрамасы туристік көпсайыстан республикалық жарыстарға белсене қатысып, 2015-2016 жылдары бірінші орынды иеленді. Спорттық туризм және құзға өрмелеу республикалық федерациясының рейтингісіне сәйкес БҚО оқушылар құрамасы көш басында келеді. 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына енгізілген құзға өрмелеуді одан әрі дамыту үшін Орал қаласында еуропалық деңгейдегі жаңа орын салу қажет.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе