ОҚО: Жаңа жыл қарсаңында ежелгі шаһарда жаңа нысандар бой көтерді

АСТАНА. 29 Кеше Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі А.Мырзахметов Түркістан қаласына жасаған жұмыс сапары барысында жаңадан салынған 5 нысанның ашылу салтанатына қатысты. Атап айтқанда, осы ежелгі қалада ауысымына 500 адам қабылдайтын қалалық орталық емхана, 150 орындық Ы.Алтынсарин атындағы шағын жинақталған жалпы орта мектебі, орталық кітапхана, 120 орындық «Мереке» балабақшасы және елімізде алғаш рет бой көтеріп отырған қолөнер орталығы өз жұмысын бастады. Бұл туралы ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарланды.Ауысымына 500 адам қабылдайтын емхананың құрылысын облыстық құрылыс басқармасының тапсырысы бойынша «Ақ жол» ЖШС жүргізді. Конкурстық бағасы 967 млн. теңгені құрайтын нысан 2012 жылғы наурыз айында басталған. Осы күнге дейін қалалық емхана жұмысы көпшілік тарапынан жиі сынға ілігіп отыратын. 1983 жылы небәрі 100 мыңға жетер-жетпес тұрғынға қызмет көрсету мақсатында салынған көне емхана ғимаратында бұл күндері 250 мыңға тарта адам медициналық көмекке жүгінеді. Сонымен қатар санитарлық нормаларға толық сай келмейтін ғимараттың сыйымдылығы да төмен болатын. Міне соның салдарынан үлкен жүктемемен жұмыс жасайтын емханада ұзын сонар кезекте тұрып шыдамы таусылатын науқастардың шағымы орынды еді.

Жаңа емханада ересектер, балалар бөлімшелері, әйелдерге кеңес беру және мамандандырылған көмек бөлімшелері, лабораториялық-диагностикалық қызмет түркістандықтарға қызмет көрсететін болады.Бұдан бөлек, емхана ультрадыбысты зерттеу, рентгендиагностик, флюорограф, маммограф, зертханалық аппараттармен, фиброгастроскоп, фибродуоденоскоп, фиброколоноскоп, стоматологиялық және ЛОР-қондырғылары, электрофорез жүйесі, электроэнецефалограф сынды заманауи үлгідегі медициналық құралдармен жабдықталған.Ал 150 адамға арналған Ы.Алтынсарин атындағы шағын жинақталған жалпы орта мектебінің сметалық құны 304171902 теңгені құрайды. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінген. Түркістан қаласы аумағындағы бұл жаңа білім ұясы Тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі қасиетті қалада жаңадан іске қосылған 26-шы мектеп ғимараты болып отыр. Сонымен қатар бұл ғимарат биыл Түркістанда пайдалануға беріліп отырған үшінші білім ұясы. Сондай-ақ, қала әкімі Б.Әшірбековтің айтуынша келер жылы 4 мектеп, 1 балабақшаның құрылысын жүргізу жоспарланып отыр.

Түркістан қалалық орталық кітапхана құрылысы 36,054 млн. теңгені құрады.118258 кітап қоры бар Түркістан қалалық орталық кітапханасы осы уақытқа дейін бар-жоғы 20-30 оқырманды қабылдай алатын шағын ғимаратта жұмыс жасап келген болатын. Осы мәселені ескерген қала басшылығы жаңа ғимараттың ашылуына мүмкіндік жасап жаңа ғимарат салып берді. Мұнда кітапхана жүйесіне қажетті жағдайлар қарастырылған. Кітапханаға бір мезгілде 100-ге тарта оқырман келе алады.Сонымен қатар, облыс басшысы аралап көрген 120 орындық «Мереке» балабақшасын ашудың арқасында қазіргі таңда Түркістанда балаларды балабақшамен қамтамасыз ету 65 пайыздан асып отыр. Қала басшылығы тарапынан бос тұрған ғимараттарды мемлекет меншігіне алып, оны қайта жөндеу есебінен бірнеше балабақшаның ғимараты пайдалануға берілді. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.Бүгінгі таңда Түркістан қаласы бойынша 1-6 жасқа дейін 13822 бала мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қамтылған. Атап айтқанда, 62 мектеп жанынан ашылған шағын орталықтарға 8024 бала, ал балабақшаларға 5678 бала қамтылған.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе