Бүгін Алматыда «Мектепке жол» акциясы аясында 200-ге жуық балаға қамқорлық жасалды

Бүгін Алматыда «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған, көп балалалы отбасылардың мектеп жасындағы балаларына, сонымен қатар мүгедек және жетім балаларға қайырымдылық көмек көрсетілді. «Балаларға жақсылық жаса!» атты ұранмен өтіп жатқан бұл акцияның басты мақсаты - балалардың мектепке дайындалуына жәрдемдесу. Яғни, ұйымдастырушылардың сөзімен айтқанда:«әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларын құрбы-құрдастарының қасында өздерін кем сезіндірмеу!». Демократия үйінде өткен аталмыш шараға балалар өздерінің ата-аналарымен келді. «Бүгін осы акция аясында мектепте оқитын әр түрлі жастағы 164 балаға мектепке қажетті сөмкелер мен дәптер, қарындаш секілді басқа да керек-жарақтар табыс еттік. Бұл қайырымдылық акциясы биыл осымен бесінші жыл өткізіліп отыр. Жыл сайын 500 мектеп оқушысы мектепке қажетті бұйымдармен қатар, мектеп формасымен де қамтамасыз етіледі. Биылғы шараға жалпы 2 миллионнан теңгеден астам қаржы жұмсалды» - деді өз сөзінде осы шараны ұйымдастырушы - Алматы қаласының Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Айнұр Бекжанова. «Мұның өзі біз үшін үлкен көмек» - дейді көп балалы ана Маташева Салтанат, - бұрын мен мұндай көмекке зәру емес едім. Енді қазір балаларым өсіп, мектепке баратын болған соң, олардың шығыны ауыр тиіп жатыр. Мен бүгін екі балама мектепке қажетті бұйымдарды аламын. Екі балам қолымда. Енді әкімдікке, демеушілерге алғысым шексіз».Мұндай акцияға қатысу - бірқатар демеушілер үшін дәстүрге айналған. «Біз «Көп балалы аналар Одағымен жеті жылдан бері ынтымақтасып келеміз. Жыл сайын 100 балаға мектеп сөмкесі мен керек-жарақтарын және Жаңа жыл алдында 100 сыйлақ жасау - біз үшін бұлжымас дәстүрге айналған. Мұндай әлеуметтік шараларға қатысуға қашанда дайынбыз. Өйткені басты мақсатымыз - балалардың білімді, мейірімді азамат болып өсулеріне сәл де болса септігімізді тигізу» - деді «Transinter TIMgroup» ЖШС бөлім бастығының орынбасары Айнагүл Елшібаева.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе