Жас ғалымдар аға буын профессорлардың «көлеңкесінде» қалып қоюда - ҚазАТУ ректоры

АСТАНА. 11 Жастар ғылым саласында бар мүмкіндіктерді толық пайдалана алмай жүр.Бұл туралы бүгін С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ-дің 55 жылдығына арналған «Жас ғалымдардың Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуындағы рөлі» атты форумында университет ректоры Ақылбек Күрішбаев мәлім етті.

«Мемлекеттің алға қойған міндеттерін іске асыруда, белгіленген мақсаттарға жетуде жастарға артатын үміт мол. Бірақ, жастар әлі де болса, әсіресе ғылым саласында, бар мүмкіндіктерді толық пайдалана алып жүр деп айта алмаймыз. Аға буын доктор, профессорлардың "көлеңкесінен" шығып, қанаттарын еркін сермеп ұшып кете алмай жүр. Мамандардың пайымдауынша, елдегі ғылым докторларының  48 пайызының жасы 60-тан асқан. Жалпы, ғалымдардың орта жасы - елу бес», - дейді А. Күрішбаев.

Ректор форум барысында Елбасының қолдауымен ғылымды қаржыландыру үздіксіз өсіп отырғандығын ерекше атап өтті.

«Ғылыми зерттеу жұмыстарына 2011 жылы бюджеттен бөлінген қаржы көлемі 28,8 миллиард теңге болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 49 миллиард теңгеге жетті, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 70% артық. 2015 жылы ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 1%, ал 2020 жылы 1,5%-ға дейін жеткізіледі деп жоспарлануда», - деп қорытындылады сөзін А. Күрішбаев.

Айта кетейік, форум жоғары оқу орындарындағы жас ғалымдардың ғылыми және зерттеу қызметі саласындағы ынтымақтастығын әрі қарай дамыту мақсатында өтті. Оның барысында Астана қаласының ЖОО-лары арасында ынтымақтастық орнату туралы келісімге қол жеткізілді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе