Ақжайық аудандық білім бөлімі мен балалар шығармашылығы орталығы көлікті болды - БҚО

ОРАЛ. 26 Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз Наурыз Ақжайық ауданында да толымды мазмұнымен, ыстық әсермен аталып өтті.Күн ілгері ойластырылған іс-шаралар халықтың есінде ұзақ қалардай ұйымдастырылды. Мысалы, жер-жерде табиғаттың көктемгі күн сәулесімен оянуы экологиялық дәрістерде, орманшы қауымның тұрғындармен жүздесу сағаттарында баяндалып, көріктендіру, тал егу жайында кеңінен әңгімеленді. Ата-бабадан қалған құндылықтарымыз, өнеріміз орталықтандырылған кітапхана жүйесі жанындағы «Муза» шығармашыл оқырмандар отауы (жетекшісі - ақын Сағынтай Бисенғалиев) мүшелерінің ауылдарға сапарында басты тақырып болды. Балауса талапкерлерді сөз өнеріне шыңдайтын бұл отау жаңа мүшелермен толықты. Аудан орталығынан жас көркемөнерпаздар ұжымдары да елді мекендерге сапарға шығып, концерттер берді.

Наурыз күні аудан орталығының басты алаңы әдеттегіден өзгеше жайнап кетті. Еңбек ұжымдары тіккен жеті киіз үйде жайылған мерекелік дастарқаннан қариялар, балалар дәм татты. Аудан әкімі Нариман Төреғалиевтың арнайы шақыруымен Оралдан жерлес ардагерлердің, ауылдардан еңбегі, ізденісі өнегелі кәсіпкерлердің той мейманы болуы бұл күннің келісті бір айшығына айналды. Нәсіпке бөлер еңбектің құдіреті театрландырылған қойылымдарда айрықша әйгіленді.

Наурыздан Наурызға дейін ауданның үш ауылында «Ақбұлақ» бағдарламасы жүзеге асырылды, шалғай жатқан Жанама ауылына Жайықтың табаны арқылы газ апарылды. Биыл екі ауылда жаңа орта мектеп пайдалануға беріледі. Басқа да игі өзгеріс күтілуде. Той сахнасынан құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Н.Төреғалиев көктемгі су тасқыны зардаптарының алдын алудан бастап, жылдың әр күнін көрікті тірлікпен өрнектеу жайында айтты. Ол білім бөліміне жаңа «УАЗ», балалар шығармашылығы орталығына «ГАЗель» автомобильдерінің кілтін табыс етті. Нұрлы күннің бір үлкен сыйы осы болды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе