Алматыда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Академиясының жаңа оқу нысанының іргетасы қаланды (ФОТО)

Бүгін Алматыда ҚР ҰҚК Шекара қызметі Академиясының жаңадан салынып жатқан Автокөлік өткізу оқу бекетінің іргетасына капсула салынды.Аталмыш рәсімге ҚР ҰҚК Шекара қызметінің директоры, полковник Дархан Ділманов, Алматыдағы АҚШ Бас консулының міндетін атқарушы Кристофер МакКейб, Шекара қызметі Академиясының офицерлері мен курсанттары және БАҚ өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Дархан Ділманов Академия аумағында жаңа оқу нысанының салынуын  оқу орны үшін тарихи оқиға деп бағалады.

«Бұл оқу нысаны АҚШ Үкіметінің қаржылық қолдау көрсетуімен және АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Экспорттық бақылау және шекаралар қауіпсіздігі» бағдарламасының көмегімен салынып жатыр. Оқу өткізу бекеті болашақта ҚР ҰҚК Шекара қызметі мен Қырғызстан, Тәжікстан және Ауғанстан Ислам мемлекеті үшін шекарадағы бақылау-өткізу бекеттерінде қызмет атқаратын кәсіпқой офицерлерді даярлауға пайдаланылады. Қазақстан - ашық мемлекет. Өткізу бекеттері еліміздің қақпасы іспеттес. Сондықтан Қазақстанға келетін шетелдік қонақтар осы шекарашылар мен өткізу бекеттері арқылы еліміздің қандай екендігі туралы ой түйіндейді. Бізде негізі, бағдарлама бойынша курсанттар алғашқы екі жылда жалпы курс бойынша, ал кейінгі екі жылда шекаралық бақылау мамандығы бойынша білім алады. Бұған дейін курсанттар Алматыдағы өткізу пунктінде және шекарада тағлымдамадан өтетін. Бұл басқаша деңгей болатын. Ал енді осы нысанның арқасында біз біліктілігі өте жоғары, мықты мамандарды даярлап шығара аламыз», - деді Д. Ділманов.

Сонымен қатар, ол бұл нысанда жаңа заманауи техникалар орнатылатындығын айтты.

«Бұл жерде төлқұжат тексеру құрылғылары, суық қаруларды және есірткі заттарын анықтайтын аппараттар, радиациялық сәулесі бар заттарды анықтайтын кешендер орнатылады. Одан басқа, бұл жерде оқу сыныптары ашылады. Олар заманауи компьютерлік техникалармен жарақтандырылады», - деді Д. Ділманов.

Айта кетелік, ҚР Шекара қызметі Академиясы мен АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі арасындағы ынтымақтастық 2006 жылдан бастау алады. Күні бүгінге дейін АҚШ елшілігінің белсене араласуымен 34 ірі шара жүзеге асырылыпты. Енді, алдағы уақытта америкалық әріптестердің қолдауымен Академия аумағында үлкен тексермелеу алаңдары салынбақ. Ол жерлерге теміржол вагондарының, автокөліктердің және ұшақтардың үлгілері қойылатын болады. Сонымен қатар, тағы бір оқу орталығы салынады.

Ал, жоспар бойынша Автокөлік өткізу оқу бекетінің құрылысы биылғы жылдың қазан айында аяқталады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе