«Болашақты» бітіргендер жұмыссыз жүрмеуі тиіс - Апталық шолу

АСТАНА. 19 сәТәуелсіздіктің алғашқы жылында, нақтыласақ, 1993 жылы Қазақстанда мемлекеттік басқару саласын заманауи жетілдіру мақсатында «Болашақ» атты бірегей бағдарлама қабылдаған болатын.Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынып, Елбасы тағайындаған «Болашақ» стипендиясы арқылы жастар басында Германия, Ұлыбритания, Франция, АҚШ секілді озық елдерден тәлім алса, 2005 жылдан бері қазақстандық жастар аттанған әлемнің таңдаулы оқу орындарының қатары 33-ке жеткен еді. Бағдарламаның басты мұраты - шетелде білім алған түлектердің ел игілігіне қызмет етуге мүмкіндігін кеңейту. Осынау 20 жылдың ішінде «Болашақ» аясында біршама олқылықтар орын алғаны да белгілі. Осыған орай, осы аптада Министрлер Кабинетінің назары «Болашақ» халықаралық бағдарламасын іске асыру мәселесіне ауды.

Тоқталсақ, Елбасы тағайын­даған «Болашақ» бағдарламасының 20 жылы ішінде 9250 стипендия таға­йындалыпты. Со­ның ішінде 5714-і - оқуын тәмамдаса, қалған 2736 стипендиат әлемнің 33 елін­де әлі дәріс алып жатқан көрінеді. Бүгінгі күні «Болашақты» бітірген түлектердің 20 пайызы мемлекеттік секторда болса, 21 пайызы ұлттық компанияларға тартылған, ал 55 пайызы же­ке­ компанияларда, 4 пайызы халық­ара­лық ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдарда қызмет етіп жатыр. Дегенмен, кезінде қазынаның қаражатынан білім алған кейбіреулердің шетте қалып қою фактілері де жоқ емес. Мәселен, Халықаралық бағдарламалар орталығының президенті Саясат Нұрбектің айтуынша, мұндай фактілер «Болашақ» бағдарламасының бірінші онжылдығында, яғни 2005 жылға дейін көбірек орын алған. «2005 жылдан бастап бұл мәселеге нүкте қойылды десе де болады. Өйткені,  әрбір стипендиатқа кепілдікке жылжымайтын мүлікті қою талабын енгіздік. Бұл өз кезегінде стипендиаттардың шетелде қалып қоймауының алдын алатын мықты шара болды. Себебі осы шара қолға алынғаннан бастап, шетелде студенттердің қалып қою фактілері тіркелген жоқ», - дейді Саясат Нұрбек. Ал сарапшылар пікірінше, бағдарлама арқылы білім алып, Отанға оралудан жалтару негізгі үш себептен тұратын көрінеді. Оның бірі елдегі жалақының аздығы, қызмет көрсету сапасының төмендігіне байланысты болса, екіншілері мемлекеттік қызметтен қашады, ал үшіншісі ауылға барғысы келмейді. Білім және ғылым министрлігі осындай олқылықты жою және  «Болашақ» түлектерін жұмысқа орналастырудағы жүйесіздікті болдырмау үшін ендігі кезекте өңірлерге қажет ма­мандар тобын мақсатты дайындау ісін қолға алмақшы. «Бұған дейін бағдарламаға құжаттар тек Алматы мен Астана қаласынан қабыл­данған болатын. Енді сәуiр айынан бас­тап Халықаралық бағдарламалар орта­лы­ғы жергiлiктi өңірлерде құжаттарды жи­нау ар­қы­лы ақпараттық жұмыстар жүр­гiзетiн бола­ды. Кез келген өңірдегі, қа­­­ла­­лар­дағы, өнді­ріс­тік орталықтардағы жо­ғары оқу орын­­дарына, ауруханаларға ба­рып, 1 шіл­деге дейін құжаттар қабылдай­ды. Осылайша «Қазақстан-2050» страте­гия­сы аясында аймақ­тардың экономикалық да­му сұранысы­на сәйкес білікті маманд­ар­мен қамтамасыз ететін боламыз», - дейді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.  Айтпақшы, «Бола­шақ» бағдарламасы арқылы білім алған 87 маманның жұмыссыз жүргені де анық болды. «Атал­ған түлектер оқуларын 2013 жылдың қаңтар-наурыз айлары аралығында бітіріп келген. Олардың жұмысқа орналаспауының басты себебінің бірі - қолдарында диплом­да­ры жоқ. Әр мемлекетте диплом құжатта­рын дайындау мерзімі үш айдан тоғыз айға дейін созылады. Сондықтан әзірше қолда­ры­на диплом тимей отыр. Дипломдарын ал­ған­нан кейін барлығы жұмысқа орналастырылатын болады», - дейді Білім министрі.

Өз кезегінде Үкі­мет басшысы Серік Ахметов «Болашақ» бағдарламасының тү­­лек­­терiн жұмыспен қамту бойынша кешендi iс-шаралар қабылдауды тапсырды. «Орталық және жер­гiлiктi атқарушы органдарға эконо­ми­каның даму басымдықтарын және еңбек нарығының нақты қажеттiлiгiн ескере оты­рып шет­елде кадрларды даярлау жоспарын жа­сауды тапсырамын», - деді Премьер-Министр.

Елдің болашақ дамуы халыққа тікелей білім беру ісімен байланысты

Осы аптада Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалық етуімен «Назарбаев Университеті», «Назарбаев зияткерлік мектептері» және «Назарбаев қоры» Жоғары қамқоршылық кеңесінің екінші отырысы болып өтті. Жиынды ашқан Елбасы ең алдымен елімізде білім саласында биік мақсаттарға жету үшін бар­лық мүмкіндік бар екенін атап өтті. «ХХІ ғасырда еліміздің дамуы халыққа тікелей білім беру ісімен байланысты болады. Бұл барлық елдерде солай. Мәселен, күні кеше ғана елі­мізге алғашқы мемлекеттік сапармен келген финдіктер туралы айтатын болсақ, бұл елде білім саласы барынша жоғары деңгейде. Соған байланысты басқа салалар да өркендеп отыр», - деді Н. Назарбаев. Сосын Елбасы университет аз уақыт ішінде үлкен бедел жи­­нап, қазіргі таңда әлемнің же­текші университеттерінің қата­рына қосылғанын, ал зияткерлік мек­тептердің 9-11 сыныбы ха­лық­аралық аккредитацияға ие болып, зор жетістікке жеткенін хабарлады. Десе де алдағы басты міндет - бұл мектептерді әлемнің озық елде­ріндегі мектептермен иық теңестіретіндей жағдайға жеткізу. Келешекте Қазақстан балалары осы мектепті бітіріп, әлемнің кез-келген елінде білімін жалғастыра алатын болуы тиіс.

 «Университет жанынан ин­новациялық кластер құру мәсе­лесін талқыға салдық. Менің ойымша, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтетін нысандар университетке тақау, жолдың қарама-қарсы бетінде салынуы керек. Әрі ол алдағы уақытта «Назарбаев Университеті» білім ордасының кластері қатарына кіреді. Онда зерттеулер жүріп, студенттер оқитын болады және біздер жаңа технология­лар жасаймыз. Бұл кластерлер зияткерлік-инновациялық даму міндеттерін орындап, экономиканың қажеттілігін шешуге бағытталады. Сондықтан Университетке кластерлер құруда ірі ұлттық және халықаралық компанияларды тарту бойынша жұмыстарды жандандыруды тапсырамын. Бұл қарапайым мәселе емес. Егер Үкімет басшысының орынбасары Орынбаев мұны қолға алатын болса, Премьер оны қолдауы керек», - деп атап өтті жиын барысында Мемлекет басшысы. Президенттің айтуынша, бұл жер­лерге ғылыми-зерттеу бөлім­ше­лерін орналастырудағы алғашқы қадамды «Самұрық-Қазына» қоры мен оның барлық ұлттық компаниялары жасауы тиіс. Ал кластер­лер қызметінің мөлдірлігін ба­қылауды қамтамасыз ету үшін Университет жанынан Байқаушы кеңесі құрылмақ.

Бұдан бөлек, Елбасы ағымдағы жылы Бурабай шипажай-сауықтыру аймағында экологиялық зертхана салу мәселесіне тоқталып, экологиялық зертхананың немен айналысатынын анықтау қажеттігін, алдын ала болжау, жердің, желдің, күннің жағдайы, технологияларды зерделеу, климаттық ахуал, суды тиімді пайдалану, су тазалау, су балансы динамикасын зерттеу міндеттерін шеше алатын болса ғана бұған ертерек кірісуге болатынын атап көрсетті. Сондай-ақ, Елбасы «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» басшылығына сапасыз оқулықтар мәселесін шешу ісіне белсене кірісуді тапсырды.«Біздерде оқулықтардың сапасына қатысты проблема бар. Сондықтан да зияткерлік мектептерге бұл проблеманы шешу жұмыстарын басшылыққа алуды тапсырамын. Біріктірілген білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін оқу­лықтарды, әдістемелік материалдар мен сандық білім беру ресурстарын әзірлеуді ұйымдастыру қажет. Бүгін сіздермен барлық мәселелер бойынша қабылдаған шешімдер жоғары білімді ұлт пен бәсекеге қабілетті мемлекет құруға тағы бір қадам деп ойлаймын», - деді Н.Назарбаев.

Зейнеткерлік жүйесін жаңғыртуға бағытталған құжат бірінші оқылымда мақұлданда

Аптаның айтулы оқиғаларының бірі - Парламент Мәжілісі Үкімет ұсынған «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Жалпы зейнетақы жүйесін жаңғырту арқылы Үкімет азаматтардың келешекте бүгінгі еңбегіне сай мардымды зейнетақы алуларын қамтамасыз етуді көздейтінін мәлімдеген болатын. Заң жобасына келсек, бұған дейін де айтылғандай, онда ең алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Мемлекеттік  жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ негізінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру қарастырылады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Үкіметі Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының құрылтайшысы мен акционері болып табылады, ал оның зейнетақы активтерін басқаруды ҚР Ұлттық Банкі  жүзеге асыратын болады.. «Міндетті зейнетақылық жинақтау, салымдардың сақталуы бойынша мемлекеттік кепілдік қамтылады.  Жалпы алғанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру зейнетақы салымдарының сақталуын, зейнетақы активтерін басқаруды бақылауда ұстауды, қор қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуді қарастырады. Сонымен қатар, инвестициялық табыстылықты арттыру есебінен зейнетақы жинақтарының тиісті өсімін қамтамасыз ету шаралары қарастырылады», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Әбденов.  Екінші басты жаңалық -  ауыр және қауіпті өндіріс жағдайында жұмыс істейтін адамдар үшін міндетті санатқа еңбекақы төлеу қорынан 5 % мөлшерінде ерікті кәсіптік зейнетақы жарналарын аудару. Бұл ретте жұмыс берушіге жүктеме көбеймейді, өйткені кәсіптік зейнетақы жүйесіне аударылатын сома салық төлемдерін жүзеге асыру кезінде шегерімге жатқызылады.

Бұнымен қоса, заң жобасында әйелдердің зейнеткерлік жасын біріздендіру нормалары да қамтылып отыр. «Әйелдер үшін зейнеткерлік жасын ер азаматтармен теңестіру олардың өздері үшін зейнетақы мөлшерін арттыруға деген мүмкіндікті қамтиды. Қосымша бес жылға арттыру зейнетақы жинақтарының өсімін 15 пайызға көбейтуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру келер жылдан басталып, 2023 жылға дейін он жыл бойы, жыл сайын алты айға көтеріле отырып, жүзеге асады. Мәселен, 1956 жылы туылған әйел келесі жылы 58 жасқа толады, ал ол зейнеткерлікке 58-де емес, 58,5 жасында  шығады», - деп түсіндіреді министр Серік Әбденов. Оның айтуынша, әйелдер үшін ертерек зейнеткерлікке шығу құқықтары да сақталады. Онда біріншіден, зейнетақылық жинақтары жеткілікті болғанда әйелдерге елу жасында зейнетке шығу құқы сақталады. Екіншіден, 20 жыл еңбек өтілі болғанда, бес және одан да көп бала туған әйелдерге  58 жаста зейнетке шығуға болады. Үшіншіден, Семей ядролық сынақ алаңдарындағы сынақ салдарынан жапа шеккендер, жоғары радиациялық аймақтарда тұрғандар 20 жыл еңбек өтілі болғанда 45   жасында зейнетке шыға алады. 

Тоқтала кететін жайт, бүгінде әлем елдері арасында зейнет жасын ұзартуға мәжбүрлік байқалып қана қоймай, оған қатысты нақты қадамдар атқарылып жатыр. Бұған біріншіден, жұмыс күшінің жетіспеушілігі себеп болса, екінші себеп халықтың өмір сүру жасының ұзарғаны болып табылады. Мәселен, Ұлыбритания, Германия, Франция, Норвегия, Швеция, Оңтүстік Корея, Чехия, Әзірбайжан, Украина, Эстония мемлекеттерінде де бұл шара қолға алынып жатыр. Еуроодақтың 18 елінде әйелдердің зейнетке шығу жасы 2020 жылы ерлердің жасымен теңестіріледі, басқа 5 елде де бұл мәселе күн тәртібінен түспеген. Осы мемлекеттерде де зейнеткерлік жасты арттыру кезең-кезеңмен жүргізіледі. Мысалы, Оңтүстік Кореяда әйелдердің зейнеткерлік жасын 65-ке жеткізу 20 жыл ішінде жүргізілсе, Францияда 62 жасқа дейін 8 жылда, Украинада 60 жасқа дейін 10 жылда жүзеге асырылатын болады.  

Финляндия Қазақстанның «жасыл» дамуына қызығушылық танытады

Осы аптада елімізге Финляндия Республикасының Президенті Саули Ниинистё мемлекеттік сапармен келді. Ақордадағы жүздесу барысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Саули Ниинистё елдер арасындағы екі­жақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары жөніндегі кең ауқымды мәселелерді талқылады. Оның ішінде екі елдің сауда-эко­номикалық ынтымақтастығын тереңдету жағына ерекше мән бе­рілді. Тараптар, сондай-ақ халық­аралық өзекті мәселелерге қатысты да пікір алмасты.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстан мен Финляндия қарым-қатынасы 1992 жылдан бері табыс­ты жалғасып келеді. Осы жылдар ішінде экономикалық байланыстар да өз деңгейінен көрінген. Дегенмен, арттыру әлеуеті де жеткілікті. Статистикаға келсек, өткен жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан-Финляндия ара­сындағы  сауда айналымы 800 миллион доллар құраған.

«Шағын құрамда өткен әңгі­мелесу барысында біз Финляндия Президентімен елдер ара­сын­дағы ынтымақтастықтың барлық қырларын талқыладық және даму әлеуеті әлі де толық пайдаланылмай отыр деген пікірге кел­дік. Біз Финляндияны Еуропадағы маңызды сауда-экономикалық се­ріктесіміздің бірі ретінде қа­рас­тырамыз және екіжақты ын­тымақтастықтың әлеуетін кеңі­нен дамытуды қалаймыз. Мен­ Қазақстанда фин тарапы қы­зы­ғу­шылық таныта алатын көп нәр­се бар екеніне, сол сияқты Финляндия біз үшін өте маңызды екен­дігіне сенемін. Соңғы жыл­дары біздің жоғары деңгейдегі байланысымыз фин бизнесінің Қазақстан рыногындағы өз аясын кеңейте түсуіне жол ашты. Қазір елімізде фин капиталының қатысуымен 70-тен астам компания экономиканың әртүрлі саласында жұмыс істейді. Бұл біздің екіжақты қатынастарымызды дамытуымызға негіз бола алады», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ал Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев пен Финляндия Президенті Саули Ниинистё бірлескен бас­пасөз мәслихаты барысында Елбасы қазіргі кезде екіжақты саяси үнқатысу белсенді сипатқа ие болып отырғанын айтып, бұған нақты дәлелдер келтірді. Мәселен, Н. Назарбаев Фин­ляндия прези­денттерімен бір жарым жыл ішінде үшінші мәрте кездесіп отыр. Ал Финляндияның Қазақстандағы елшілігі 2010 жылдан бері жұмыс істеп келсе, өткен жылы Қазақстан да Хельсинкиде өз елшілігін ашқан. Осының өзі елдердің екіжақты ынтымақтастықты тереңдетуге деген ұмтылысын білдіреді.Қазақстан мен Фин­лян­дия арасындағы экономи­ка­лық қатынастар да атап өтуге тұрарлық. Қаржылық дағдарыс қиындық­тары­на қарамастан, екі елдің өзара сауда-экономикалық салалардағы көрсеткіші артып келеді.

Сөз арасында. Елбасы фин компанияларын Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамытуға қатысуға шақырды. «Қазақстан бүгінде «жасыл» эко­номикаға көшу аясында белсенді жұмыстар жүргізіп келеді. Бұл­ тұрғыда бізде ауқымды мүм­кін­діктер бар. Біз сіздерді «жасыл» экономиканы дамытудағы өз­ара тиімді ынтымақтастыққа шақырамыз. Қазақстан-Финляндия бизнес форумында «жасыл» экономика саласындағы әріптестік туралы декларация қабылданбақ. Бұл декларацияны қабылдаудың маңызы зор. Сонымен бірге, бұл Қазақстанда өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің тақырыбы болашақ энергиясына байланысты екендігімен барынша өзекті бола түседі», - деді Нұрсұлтан Әбішұлы.

Өз кезегінде Финляндия Президенті Саули Ниинистё Қазақстанның эко­номикалық даму қарқынын жоғары бағалады. Оның айтуныша,  Қазақстан Орталық Азиядағы саяси тұрақ­ты­лықты қамтамасыз етуде ерекше рөл атқарады. Бұл осы өңір үшін ғана емес, көптеген елдер үшін де пайдалы. Кездесуде талқыланған мәселелер екі мемлекет арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға ықпал ететін болады.

Кездесуден соң Нұрсұлтан Назарбаев пен Саули Ниинистё  Қазақстан-Финляндия экономикалық форумына қатысты. Онда «жасыл экономика» саласындағы әріптес­тік туралы декларация рәсімделді. «Біз үшін «жасыл экономиканы» дамыту туралы ортақ декларацияның маңызы зор. Себебі бұл мәселе ЕХРО-2017 халықаралық көр­месінің болашақ энергетиканы дамыту тақы­рыбымен үндес болып келеді», - дейді Мемлекет басшысы.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе