Алматыда биылдан бастап мектеп оқушылары оқулықтармен толығымен тегін қамтамасыз етіледі - С. Такева

Алматыда биыл мектеп оқушылары оқулықтармен толығымен тегін қамтамасыз етіледі. Оқулықтарды мектептер тарататын болады. Бұл туралы бүгін Алматыда «Мектепке жол» жалпыреспубликалық қайырымдылық акциясы аясында Алматы қалалық білім басқармасының әдіскері Саида Такеева мәлімдеді.«Өздеріңіз білесіздер, біз 2011 жылдан бастап, кезең-кезеңмен оқушыларды оқулықтармен тегін қамтамасыз ете бастадық. Сол жылы 1-4-ші сыныптың оқушылары қамтылды. Кейінгі жылдарда бұл көрсеткіш біртіндеп жоғарылай берді. Енді міне, биылдан бастап, мектеп оқушылары бірінші сыныптан бастап он бірінші сыныпқа дейін оқулықтармен тегін қамтамасыз етілетін болады. Ал ата-аналар болса тек киім-кешек, жұмыс дәптерлерін, қаламсаптарды, контурлық карталарды және басқа да қажетті заттарды сатып алады», - деді С. Такеева.

Сонымен қатар, ол биыл да Алматыда «Мектепке жол» акциясы қызу жүріп жатқандығын жеткізді.

«Бұл шара биыл 8-ші рет өтіп отыр. Оған мемлекет те, жеке демеушілер де атсалысып жатыр. Шара 1-ші тамыздан 30-шы тамызға дейін жалғасады. Осы шара барысында қаламызда 4 мыңнан астам мұғалім тұрғын үйлерді аралайтын болады. Сөйтіп, отбасының қандай жағдайда екендігін, тұрмысы төмен бе, көп балалы ма, балаларын мектепке дайындауға шамалары келе ме,  осы жағын анықтайды. Сонымен қатар, жағдайы төмен отбасылардың өздері де мектепке жүгіне алады. Ол үшін қандай анықтама қағаздар жинау керектігі жөнінде мектептерде тізімдер ілініп қойылады. Жалпы, акция аясында балалар оқулықтан басқа керек-жарақтардың барлығымен қамтамасыз етіледі. Олардың ішінде киім-кешек, сөмке, қалам-қарындаштар және басқа да заттар бар.

Былтыр қалада 5362 мектеп оқушысына жалпы сомасы 67 млн. 40 мың теңгені құрайтын материалдық көмек көрсетілген болатын.  Оның 47 млн. 94 мың теңгесі «Жалпы оқыту қоры» есебінен, ал 19 млн. 945 мың теңгесі демеушілер мен меценаттар тарапынан төленді. Қазір қаламызда тұрмыс жағдайы төмен отбасыларында барлығы 9752 бала бар. Биыл да қолымыздан келгенінше барлығына көмек көрсетуге күш саламыз.  Жалпы, қаламызда жағдайының болмауынан мектепке бара алмай қалған балалар жоқ», - деді С. Такеева.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе