Сарыағашта инсульт орталығы мен балабақша ашылды

- Бүгін Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жұмыс сапарымен Сарыағаш ауданына барды. Аймақ басшысы аудандық ауруханадағы инсульт орталығы мен Дарбаза ауылындағы балабақшаның ашылу салтанатына қатысты, деп тілшісі.

Аймақ басшысы сапарын «Жібек жолы» кеден бекетінің жұмысымен танысудан бастады. Облыс әкімі сондай-ақ Жібек жолы ауылдық округінен ашылған «Бес жұлдыз» балабақшасына барды. Жеке кәсіпкердің иелігіндегі балабақшаға 1,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылған. Қазір 450 бала тәрбиеленіп жатқан мектепке дейінгі мекемеде алпыс адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Облыс әкімі балаларға базарлық ұсынып, балабақша ұжымының қадамын оң бағалады.  

Одан кейін Жансейіт Түймебаев Қапланбек ауылдық округінде орналасқан «Жабайы ата» шаруа қожалығының жылыжай кешенінде болды. Мұнда көкөніс өсіруде озық технологиялар қолданылған. Құны 1,8 млрд теңге болатын жоба бойынша 15 гектар жерге қызанақ пен қияр егілген. Шаруа қожалығында 75 адам жұмыс істейді. Жұмысшылармен тілдескен өңір басшысы облыстағы жылыжайлар туралы сөз етті.

«Бұрын жоғары технологиялар қолданылған жылыжайлар шетелде ғана болушы еді, қазір Сарыағашта да бар. Облыстағы жылыжайлардың 50 пайызға жуығы осы ауданда шоғырланған. Бұл жөнінен Сарыағаш өзгелерге үлгі бола алады. Елбасымыз Түркістан облысының диқандарына бүкіл Қазақстанды жеміс-жидек және көкөніспен толық қамту жөнінде тапсырма берді. Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмасымен шаруаларға түрлі жеңілдіктер жасалып жатыр. Нәтижесінде бұрын шетелден тасымалданатын жемістер мен көкөністер өзімізде шығарылуда. Сондықтан, осы бағыттағы жұмысты күшейте береміз. Мемлекет тарапынан қолдау болады»,- деді Жансейіт Түймебаев. 

Халық тығыз орналасқан Сарыағашта спорт саласын дамыту да - маңызды мәселелердің бірі болып отыр. Осыны ескерген жергілікті билік Қапланбек ауыл округінде «Қапланбек» спорт кешенін ашқан. Мұнда 90 бала каратэ, таеквондо, ауыр атлетика және шағын футболмен шұғылданады. Спорттың денсаулық кепілі екеніне тоқталған облыс әкімі мұнан соң Сарыағаш аудандық орталық ауруханасына атбасын бұрды. Жаңадан орнатылған компьютерлік томографияның жұмысымен танысып, инсульт орталығын салтанатты түрде ашты. Сарыағаштық дәрігерлерге 3 автокөліктің кілтін тапсырды. Заманауи құрылғы арқылы бас мидың қан айналымы ауруларын, ісік және ішкі құрылыстағы ауытқулар мен сүйек жарақаттарын анықтайды.  Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Сарыағаш ауданы, Дарбаза ауылдық округінде орналасқан «Ай-Мейірім» балабақшасының ашылу салтанатына қатысты. Мемлекет пен жекеменшік әріптестік аясында салынған балабақшада 75 бала тәрбиеленеді. Нысанды салуға және ашуға 178 млн теңге инвестиция тартылған. Қазір бұл мекемеде 28 адам тұрақты жұмыс істеп жүр. Балабақшаны ашып берген Жансейіт Қансейітұлы мемлекет тарапынан білім саласына айрықша қамқорлық көрсетіліп жатқанына тоқталып, тұрғындарды қуанышты оқиғамен құттықтады. 

Айта кетейік, бүгінде Сарыағаш ауданында 203 балабақша жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта да мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің саны артады деген болжам бар.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе