ХАЛЫҚ ТАРИХ ТОЛҚЫНЫНДА: ЖОО ғылымында да, зерттеу институттарында да ел тарихы кезеңдері бойынша кең пікірсайыс өткізу қажет, жіті бағдардың болмауы түсінбестік тудырады - профессор Зәуреш Сақтағанова

ҚАРАҒАНДЫ. 9 Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасымен "Халық тарих толқынында" бағдарламасы жасалуда. Бұл жұмысқа ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин басшылық жасауда.Басты -мақсат - Қазақстанның тарих ғылымының сапалы дамуына жағдай жасау, ұлттың жаңа тарихи көзқарасын қалыптастыру.

"Қазақстанның жаңа тарихы - тарих ғылымындағы салыстырмалы түрде жаңа бағыт. Сонықтан да ол аяқталған институциональдық сипатқа әлі ие болған жоқ, яғни, өзінің әдістемесі мен оқу-әдістемелік базасы қамтылған дербес ғылыми пәнге толық айнала қойған жоқ. Біз үшін осы кемшілікті қысқа мерзімде түзету маңызды", - деп атап өтті М.Тәжин Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде болған ҚР ұлттық тарихын зерделеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында.

Зерттеулер сапасын неғұрлым жоғары деңгейге көтеру қажеттігін кәсіби тарихшылардың өздері де айтып жүр.

"Бүгінде ЖОО тарих ғылымында да, ең алдымен, отандық тарих проблемаларымен айналысатын зерттеу институттарында да Қазақстан тарихының кезеңдері бойынша кең пікірсайыс өткізу қажет. Жіті бағдардың болмауы, ескі ақпараттық тұрғыға сүйену, өкінішке орай, мектеп және жоғары оқу орындары мұғалімдерін әртүрлі бағамдап, түсіндіруге әкеп соқтырады", - дейді тарих ғылымдарының докторы, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің профессоры Зәуреш Сақтағанова.

Беделді пен өз пікірлерімен бөлісті.

- Тарихи үдерістерді кезеңдерге бөлу проблемасы көптеген әртүрлі пікірлер туғызып келе жатқан күрделі теориялық-әдістемелік проблемаларға жатады. Тарихты кезеңдерге бөлу жүйелеудің ерекше түрі, ол тарихи үдерісті белгілі бір хронологиялық кезеңдерге шартты түрде бөлуді қажет етеді, ол кезеңдердің кейбір өзіндік ерекшеліктері бар, ол таңдалған кезеңдер өлшемдеріне қарай анықталады.

Еуропалық материалдар негізінде жасалған кезеңдік схемалар Қазақстан тарихына қолдануға келмейтіні сөзсіз. Алайда еліміздің тарихын бүкіләлемдік тарихи үдерістен бөліп алып қарастырудың да реті жоқ. Қазақстандық авторлар бұл проблемаға әртүрлі ұстанымдар тұрғысынан келіп жүр, бірақ та олардың кезеңдер нұсқаларында жүйелеу өлшемдері сапырылысып, бір кезеңнен екіншісіне өзгеріп кетіп жатыр.

Мысалға айтар болсақ, жоғары оқу орындарының оқу құралдарында әртүрлі авторлар әрқилы анықтаулар, кезеңдер атауларын ұсынады, бұл кезеңдердің хронологиялық үзіктері бір-бірінен басқаша болып келеді. Атап айтқанда, Мемлекет тарихы институтының директоры, ғылым докторы, профессор Б.Аяған өзінің мақалалары мен сөздерінде жаңаша тарихымызды 1991 жылдан бастайды. Хрестоматиялық нұсқада Қазақстанның жаңа тарихы 1917 жылдан басталған. Әрине, ғалымдардың өз нұсқасы болуына еркі бар, ал сонда тарих мұғалімдері қайтпек, мектеп оқушыларының, студенттердің тарихи білімдерін жүйелеу үшін қай автордың нұсқасын ұсыну қажет?

Өкінішке қарай, Қазақстан тарихын кезең-кезеңмен бөлу мәселесі әлі де болса арнайы пікірталас нысанына айналмай отыр. Бұл нөмірі бірінші мәселе болса да, басы әлі ашылған жоқ. Кеңес Одағы кезінде барлығы кезеңдеудің формациялық теориясы негізінде жасалатын. Ал бүгінде ондай тәсіл тарих ғылымы үшін жарамсыз. Сондықтан оған жаңа теориялық-әдістемелік және тұжырымдамалық жолдар қажет.

Тағы бір маңызды бағыт - Қазақстан тарихын жалпы білім беретін мектептерде де, жоғары оқу орындарында да оқытуды әдістемелік жағынан қамтамасыз ету.

Бізді, яғни қарағандылық тарихшыларды Қазақстан тарихы оқулықтарына пікір жазу үшін жиі шақырып тұрады. Сондағы айтарым, 1990 жылдар мен 2000 жылдардың бас кезінде шыққан оқулықтардан көрген фактілік қателіктер мен стилистикалық қателерді өмірімде ешқашан көрген емеспін.

Бір ғана мысал айтайын, орта ғасырлардағы Қазақстан тарихына арналып жазылған бір кітаптағы (2000 жылдары жарыққа шыққан) оғыздарға арналған 5 беттік тарауда Оғыз мемлекетінің өмір сүрген жылдары деп үш түрлі дата көрсетілген (бір дата тараудың тақырыбында, екіншісі мәтіннің жанына бөлектеліп берілген, ал үшіншісі қорытындысында жазылған)! Біздің тарапымыздан айтылған сындар мен ескертпелерге қарамастан мұндай кітаптар шығарыла берді және соларды оқушылар осы күнге дейін оқып келді.

Ал қазір ҚР Білім және ғылым министрлігі бекіткен Орта ғасырлардағы Қазақстан тарихы бойынша оқулықта ондай қателер жоқ, әйтеуір. Бүгінде мектеп оқулықтары едәуір сапалы шыға бастады, мен жоғарыда айтқан сияқты өрескел қателер жойыла бастады. Дегенмен, олардың өзі түпкілікті жетілдіру мен тыңғылықты сараптауды қажет етеді.

Жаңа айтқан оқулықтармен білім алған оқушылар бүгінде біздің тарих факультеттеріне келіп жатыр. Ал біз оларды ЖОО-ларға арналған мемлекеттік стандарттар бойынша дайындаймыз. Мұнда бір айта кететін мәселе, қазіргі Қазақстан тарихы (ХХ ғ.) курсы 2 кредит бойынша, яғни 30-ақ сағат оқытылады. Ал жалпы білім беретін мектептерде осы курс бойынша 9 сынып оқушылары 56 сағат, 11 сынып оқушылары 68 сағат оқулары тиіс. Бұл дегеніңіз, ЖОО-лардағы, тарих факультеттеріндегі болашақ тарих пәнінің мұғалімдері қазіргі Қазақстан тарихын 9-11 сынып оқушыларынан гөрі 2 есе аз оқиды! Мұндай жағдай дүниежүзі тарихын оқыту саласында да бар. Бұл жерде Батыс Еуропа немесе Азия мен Африка елдерінің ортағасырлық тарихын оқытушы 2 немесе 3 кредитке (30-45 лекциялық сағат) сыйғызуы тиіс. Ал сонда болашақ кәсіби тарихшы бакалавр мамандарын дайындау мәселесі қайда қалады?

Чехияның Карлово университетінде ғылыми тәжірибеден өткенімде тарихшыларды дайындайтын оқыту жоспарларымен танысқан болатынмын. Осы жоспарлардың 99 пайызын кафедра мен факультет белгілеп береді. Және мамандық бойынша пәндердің үлесі де осы шамада болады.

Еліміздегі тарихи білімнің мазмұнын жетілдіру жанжақты талқылау мен түбегейлі қайта қарауды талап етеді.

Бұлар әбден пісіп жетілген мәселелер, сондықтан оларды тез арада шешу қажет. Қазақстандықтардың тарихи білімі мен жалпы тарих ғылымының сапасы осы мәселелерді қалай шешкенімізге тікелей байланысты болмақ.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе