«Астана» ХҚО қызметкерлері Цинхуа университетінде біліктіліктерін арттырады

Бүгін Бейжіңде «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Цинхуа университетінің вице-президенті Ши Игун  АХҚО мен аталмыш қытай университеті арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық жайлы меморандумға қол қойды, - дейді Қытайдағы «ҚазАқпарат» ХАА меншікті тілшісі.Меморандум жасалуының басты мақсаты - қаржы орталығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жолында  біріккен ғылыми жобаларды жүзеге асыру. 

Ши Игунмен келіссөз барысында Қ.Келімбетов халықаралық деңгейдегі мамандарды даярлау - АХҚО-ын ірі қаржы орталықтарының бірі ретінде қалыптастыру жолындағы маңызды қадам екендігін атап өтті.

Бүгінгі таңда АХҚО қызметкерлердің кадрлық резервін қалыптастыру және қаржылық қызметтің жоғары деңгейін қамтамасыз ету мақсатында халықаралық стандарттарға сәйкес кәсіби даму бағдарламасын жүзеге асыруда. АХҚО өкілдері АҚШ, Ұлыбритания, Жапония елдерінде білім алады. 

«ҚазАқпаратқа» берген сұхбатында университеттің вице-президенті Цинхуа Ши Игун алдағы уақытта АХҚО-мен тәжірибе алмасу байланысын нығайтудан үміттенетіндігін атап өтті.

«Қазақстан - «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасын жүзеге асыру жолында Қытай үшін маңызды серіктес, сондай-ақ Жібек жолындағы экономикалық белдеудің негізгі нүктесі. Біз «Астана» халықаралық қаржы орталығының әлемдік деңгейдегі ірі қаржы орталығына айналатынына сенімімз мол», - деді ол.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе