Жаңаөзенде жаңа кәсіпорындарды құру қажеттілігі бар - Маңғыстау облысының әкімі

АСТАНА. 15 ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде біраздан бері Қазақстан өңірлері басшыларының әр аптаның жұмасында баспасөз мәслихатын өткізу науқаны жүріп жатыр. Осы күнге дейін облыс басшыларының түгеліне жуығы өздері басқарып отырған өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен таныстырып, қордаланған мәселелер бойынша тілшілер қауымының сауалдарына жауап беруге тырысып бақты. Енді алда бірқатар ғана әкімнің баспасөз мәслихаты қалып отыр. Бүгінгі осындай баспасөз мәслихатына Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев қатысты.Әкімнің сөзіне қарағанда, Маңғыстау облысында өңірлік жалпы өнім тұрақты түрде өсім беруде. Соңғы 3 жылда оның деңгейі 1 трлн. 600 млрд. теңгеге жетті. Халықтың жан басына шаққанда өңірлік жалпы өнім 19,6 мың долларды құрады. Әрине, осы көрсеткіштерге Маңғыстаудың кен орындары байлығының қосқан үлесі елеулі екені мәлім. Негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша ағымдағы жылы өңірде оң қарқын байқалуда. Мұнай-газ секторы мемлекеттік бюджет түсімінің елеулі көлемін қамтамасыз етуде. Оның ішінде Ұлттық қор да бар. Мәселен, 2013 жылдың 9 айында түсімдердің жалпы көлемі 662 млрд. теңгені құрады, соның 403 млрд. теңгесі немесе 62 пайызы өндіруші кәсіпорындардың есебінен жүзеге асырылды. Осы кезеңде Ұлттық қордағы Маңғыстау облысы түсімінің үлесі 38 пайызға жетті. Жалпы алғанда осы өңірде елдің 13 пайызға жуық өнеркәсіптік өнімі шығарылады. Соңғы 3 жылда өнеркәсіптік өнім көлемі 1,3 есеге өсіп, 2 трлн. 170 млрд. теңгені құрады. Ағымдағы жылы 1,7 трлн. теңгенің өнеркәсіптік өнімі шығарылған көрінеді. Белгілі болғанындай, халықтың жан басына шаққандағы инвестиция көлемі бойынша елімізде Маңғыстау облысы үздік үштікке еніп отыр. 2012 жылы бұл көрсеткіш 698 мың теңгені құрап, орташа республикалық көрсеткіштен екі есеге асты. «Инвестиция құрылымында негізгі көлемді мұнай-газ өндіру секторы алып отыр. Жыл басынан бері өңірге 290 млрд. теңге инвестиция тартылды, оның ішінде мұнай секторының үлесіне 62 пайызы тиесілі», - деді өңір басшысы. Жалпы ағымдағы жылғы 9 айда облыста 13,4 млн. тонна мұнай өндірілді. Бұл өткен жылғы деңгейге қарағанда 101,4 пайызды құрап отыр. Атап айтқанда, Қазақстанның индустрияландыру картасын сапалы жүзеге асыру негізгі басымдықтардың бірі екенін ескерсек, бүгінде картаға маңғыстаулық 34 жоба еніп отыр. Оның ішінде республикалық картада 2 жоба, ал өңірлікте 32 жоба бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру кезінде 8800 маңғыстаулық жұмысқа тартылады. Ал соның ішінде 1800 адам бүгінде аяқталған 23 жобада еңбек етуде. Мұнымен қоса, жыл соңына дейін тағы екі ірі жоба аяқталатын болады. Олардың ішінде сметалық құны 83,5 млрд. теңге құрайтын «Каспий Битум» және «Каспий Цемент» зауыттары бар. Сондай-ақ, бұл кәсіпорындар 600 тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді. Алдағы жылдары сметалық құны 65,1 млрд. теңгенің 9 жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Бұл тұрғыда 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылады екен. Белгілі болғанындай, бүгінде облыста баспана кезегінде 9 мың 787 адам тұр, оның ішінде Ақтау қаласы бойынша 5415 адам тіркелген. Өңірде жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Күні бүгінге дейін осы мәселе бойынша әкімдіктерге берілген арыздардың саны 146 мыңнан асады. Алик Айдарбаевтың сөзінше, Маңғыстау облысында тұрғын үй құрылысын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру аясында соңғы 3 жылда 1,5 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 180,8 мың шаршы метрі немесе 1751 пәтері мемлекеттік қаржы есебінен салынды. Ағымдағы жылы 340,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бүгінде өңір бүлдіршіндері мектепке дейінгі тәрбие берумен 81 пайыз қамтылды. «Балапан» бағдарламасының арқасында соңғы 3 жылда жаңа балабақшалар салынып, ал бұрын жабылғандары қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар, шағын орталықтар мен жеке ұйымдарды ашу мәселесіне ерекше назар аударылды. Осының нәтижесінде тағыда 26 мың бала сапалы мектепке дейінгі білім алуға мүмкіндік алды. Қазіргі уақытта мектепке дейінгі тәрбие алу және білім берумен қамту 72 пайыздан 81,2 пайызға дейін жеткізілді»,-деді әкім. Орта білім саласында үш ауысымды мектептер мәселесін шешу үшін биылғы жылы 4832 орынға есептелген 7 білім беру мекемесінің құрылысы аяқталды. Бұған қоса 5220 орындық тағы 5 мектептің құрылысы жүргізілуде. Биылғы жылдың соңына дейін екі білім ошағы тапсырылады деп күтілуде. Нәтижесінде әкім облыста үш ауысымдағы екі мектеп қалатынын және бұл проблема 2015 жылға дейін өз шешімін табады деп сендіруде. Сонымен қатар А. Айдарбаев Жаңаөзен қаласының да мәселесіне тоқталып өтті. Ол бүгінгі таңда Жаңаөзенде жағдай тұрақты екенін айта келе, 4 жыл бұрын басталған 2020 жылға дейінгі қаланы дамытудың кешенді жоспары жүзеге асырылып жатқандығын сөз етті. «Өздеріңіз білесіздер, бұл моноқала болып есептеледі және оның барша экономикасы «ӨзенМұнайГаз» АҚ-ның қызметіне тікелей байланысты. Кезінде Жаңаөзен вахталық елді мекен ретінде құрылған болатын. Ондағы халық саны 60 мыңды құрап, 16 млн. тонна мұнай өндірілетін. Бүгінде осы жерде 120 мың адам тұрып жатыр. Ал өндірілетін мұнай көлемі 5 млн. тонна», - деді әкім. Оның сөзіне қарағанда, қала халқы бүгінде өсіп келеді. Мұнда жыл сайын 3 мыңнан астам сәби өмірге келуде. Және бұл көрсеткіш өңірде ең жоғары болып саналады. Жаңаөзен қаласын 2020 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары және Моноқалаларды дамыту бағдарламасы аясында тек 2013 жылдың өзінде қаланы дамытуға 12 млрд. теңгеге жуық қаржы бағытталды. Бұл өз кезегінде аурухана, мектеп, балабақша, жол мәселелерін шешуге мүмкіндік беруде. «Қазір қаладағы әлеуметтік мәселелер мен тіршілікті қамтамасыз ететін инфрақұрылымның жайы белсенді дәрежеде шешіліп отыр деп сеніммен айтуға болады», - деді А. Айдарбаев. Бұдан кейінгі сөзін әкім мырза Жаңаөзендегі жұмыспен қамту мәселесімен жалғады. «Қалада жұмыспен қамту проблемасы сақталуда. Барлық адамдарға мұнай саласынан жұмыс беру мүмкін емес. Және оны түсіну керек. Дегенмен де, «ӨзенМұнайГаз» кәсіпорны сервистік өндірістерді ашу арқылы жаңа жұмыс орындарын құру бағытында тиісті шараларды жүргізіп келеді. Біз, қалада шағын және орта бизнесті дамыту саясатын негізге алдық. Алайда, бұл жұмыспен қамту мәселесін түбегейлі шешпейді»,-деді өңір басшысы. Осы орайда ол қалада жаңа кәсіпорындарды құру керектігін қадап айтты. «Сондықтан да біз Үкіметте Жаңаөзен маңында жаңа кен орындарын барлау және пайдаланылып жатқан кен орындарына қосымша зерттеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін үнемі көтерудеміз», - деді А. Айдарбаев. Бұған қоса облыс әкімі Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккен азаматтарға көмек беру жұмысы алдағы уақытта да жалғасатынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі кезде арнайы қор құрылып, оған жан-жақтан ақша аударылып жатыр. Сол қаржыға Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккен азаматтарға көмек беру көзделген. «Көмекке барынша мұқтаж азаматтарға тиісті қолдау шаралары жасалады. Мен өзім бақылайтын боламын», - деді А.Айдарбаев.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе