Оқулық жазу саласында кеңестік идеологиядан арылғанымызға көп болды - Б. Аяған

АСТАНА. 25 Еліміздегі Қазақстан тарихы бойынша қазіргі оқулықтар жақсы. Кереметтей бір сын сағаты туып тұр деп айта алмаймын.Бұл пікірін бүгін Астанада Қазақстан тарихы бойынша оқу жоспарына, оқулықтар мен оқу құралдарына талдау жүргізу мен сараптама жасау жөніндегі жұмыс тобының кезекті мәжілісінде аталған жұмыс тобының төрағасы, Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған білдірді.

«Еліміздегі Қазақстан тарихы бойынша қазіргі оқулықтар жақсы. Кереметтей бір сын сағаты туып тұр деп айта алмаймын.

Дегенмен, мәселенің мәні жаңаша жазылған, жаңаша негізделген, жаңа методологиямен шығарылған кітаптар дайындауда. Сондықтан, Білім және ғылым министрлігінің тарихшы ғалымдарды жинаудағы негізгі мақсаты жаңа ой іздеу, жаңа оқулықтарға жол ашу», - деді ол.

Оның айтуынша, Кеңес одағы ыдыраған соң, қазақстандық тарихшылар қыруар шаруа атқарды, бүтіндей бір тарихты оқытудың жүйесі жасалды. Әр сыныптарға бейімделіп жазылған әртүрлі авторлардың кітаптары шығарылды.

 «Жалпы біз оқулық жазу саласында кеңестік идеологиядан арылғанымызға көп болды. Тіпті 90-жылдары Манаш Қозыбаев, Кеңес Нұрпейісов, Сәкен Жолдасбеков және басқа да ғалымдарымыз жазған оқулықтардың өзі заманға сәйкес деп айта аламын.

Дегенмен қазір технология өзгерді. Бұрынғыдай тақтаға бормен жазу қалып барады. Ақпарат көздері көбейді. Әлемдік үдерістердің ықпалы артты. Елімізді сырт айналып өтпейтін діни, экономикалық, саяси өзгерістер бар. Солардың барлығын қамтитын, солардың барлығына жауап беретіндей деңгейде мұғалімдер дайындау керек», - деді профессор Б. Аяған.  

Айта кетейік, жұмыс тобы ҚР Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен Мемлекет басшысының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында құрылған болатын. Топ құрамында Қазақстанның көрнекті ғалым-тарихшылары, жоғары және арнайы орта оқу орындарының оқытушылары, мектеп мұғалімдері бар.

Отырыста заманауи білім талаптарына сай Қазақстан тарихы бойынша оқулықтарды әзірлеудің көкейкесті мәселелері талқыланды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе