Батысқазақстандық университетте дінтану пәні бойынша факультет ашылмақ

ОРАЛ. 29 Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің жанынан дінтану пәні бойынша факультет ашу жоспарлануда.Облыстық дін істері департаментінің директоры Талғат Нығметовтің айтуынша, жақында өткен ІІ Дінтанушылар форумында осындай өзекті мәселелер талқыланды.

2011 жылы Қазақстан дінтанушыларының І форумында Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Ғарифолла Есім бастаған бір топ қайраткерлер дәстүрлі діни кітаптарды жазу, сараптамалық жұмыс жүргізу, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жалған діни тақуалыққа қарсы тұру жұмысын атқару, барлық дінтанушыларды бір арнаға тоғыстыру мақсатында «Дінтанушылар конгресін» құрған болатын. Қазақстан дінтанушыларының бірінші форумында сонымен қатар қайта тіркелуге де мән берілді. Нәтижесінде елдегі діни бірлестіктер айтарлықтай қысқарды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дәстүрлі емес діни бірлестіктерге қарсы жұмыс жемісін беріп келе жатыр. Осы жұмыс негізгі бастауын аталмыш форумнан алған-ды. Міне, кешегі форум алғашқысының жалғасы іспеттес. Кейбір мәселелерді пысықтап, алға жаңа серпіліс берді. Форум жұмысы негізі төрт секцияда қаралып, «Діни жүгенсіздіктің алдын-алуда қоғамдық институттардың мәні», «Діни сауаттылық-қоғам қауіпсіздігінің кепілі», «Дәстүрлі исламның Қазақстандағы діни жүгенсіздіктің алдын-алудағы маңызы», «Кеңес беру және сауықтыру орталықтарының діни теріс ұйымдардың қоғамға ықпал етуін алдын-алудағы мәні» атты тақырыптарда өзекті идеялар ортаға салынды. Мектеп оқушыларына арналған жаңа оқулық жасалу керектігі айтылды. Бұл жұмысқа ғалымдар, мемлекеттік қызметкерлер, мектеп мұғалімдері да үлестерін қоспақ. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында дінтану пәнінің дәрістерін беру қарастырылуда.

Мемлекет пен діни бірлестіктердің өзара іс-қимыл жасауының қағидаттары - діни сенім бостандығы деңгейінің көрнекті көрсеткіші. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Қазақстанда қоғам діннен бөлінбеген, сондықтан да мемлекет осы саладағы қоғамдық қатынастарды реттеуден бойын аулақ сала алмайды. Бұл ретте, діни сенімдердің өнегелі-рухани бастауларға негізделетіндігін және орасан зор гуманистік әлеуетке ие екендігін есепке алу маңызды. Бей-жай қарауға, осынау мол әлеуетті қазақстандық қоғамның рухани құндылықтарын дамыту, қазақстандық патриотизмді нығайту, ұлтаралық және дінаралық келісімді бекіту және діни экстремизмнің алдын алу ісіне пайдаланбауға енді болмайды», деген болатын.

Міне, Елбасымыздың осы бастамалары форумда жалғасын тапты. Мемлекеттің дінге қатысты саясатын барлық діни сенімдердің заң алдындағы ар-ұждан бостандығы мен теңдігінің конституциялық қағидаттарын іске асыруды ұлттық қауіпсіздіктің мүдделерін қамтамасыз етумен, Қазақстан халқының тарихи-мәдени мұрасын, оның дәстүрлі рухани құндылықтарын сақтау мен дамытуға баса назар аудару басты назарға қойылды. Бұл жерде сарапшы қоғамдастықтың, ғылыми және шығармашылық зиялылардың, бұқаралық ақпарат құралдарының белсенді қатысуының маңыздылығы анықталды. Жүгенсіз идеялардың таралуына зияткерлік тұрғыда тойтарыс беру, гуманитарлық саладағы ғалымдардың күш-жігерімен тақуалық мен шектен шығушылықтың адамгершілікке қарсы идеологиясына қарсы шығу керектігі айқындалды. Діни бірлестіктердің құқықтық мәдениеті мен қызметінің айқындылығын анықтау керектігі баса айтылды. Өйткені кейбір діни бірлестіктердің іс-әрекеті заңмен шектелген әрекеттерден асып кететіндігі анықталды. Осыған байланысты жұмыстарды атқаруға жол салды.

«Қорыта айтқанда, Қазақстан қоғамын, әсіресе, жастарды жүгенсіз күштердің теріс пиғылды ықпалынан қорғау үшін насихат, ағарту және түсіндіру жұмыстарын жүргізуде тиімді тәсілдердің керектігін уақыт көрсетіп отыр», - деп түйіндеді ойын Т.Нығметов.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе