Қамыстан салынған мектептердің орнына жаңа нысандар тұрғызылады - Ақтөбе облысының әкімі

Ақтөбе облысында қамыстан салынған мектептердің мәселесін шешуге қаржы қарастырылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында осы өңірдің әкімі Бердібек Сапарбаев мәлім етті.«Осы уақыт ішінде облыстағы барлық аудандарды аралап шықтым. 80-ге жуық елді мекенде болдым. Бұл жерлерді аралаған кезде ең біріншіден мектеп, аурухана, балабақша және су мен жылу беретін нысандардың жұмысымен танысамын. Сонда қанша мектеп қамыстан, ағаштан, саманнан салынғанын білдік. Қазір енді тиісті басқармаларға тапсырмалар берілді. Ең бірінші кезекте қамыстан тұрғызылған, пешпен жағылатын 6 мектептің орнына жаңа нысан салуымыз керек. Біз қазір осы мәселемен айналысып жатырмыз», -деді Б. Сапарбаев.

Осы орайда әкім алдағы жылдың бюджетінде аталған мектептердің құрылысына қаржы қарастырылатынын жеткізді.

Оның сөзіне қарағанда, «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес, апаттық жағдайдағы, үш ауысымда білім беретін мектептерге қаржы бөлінбек. Биыл өңірде үш мектептің құрылысы жүргізілуде. Келесі жылы жоба бойынша төрт мектеп салынуы керек.

«Осының нәтижесінде, 2017 жылы біз апаттық жағдайдағы мектептердің барлығын жоямыз. Бала санының өсуіне байланысты қосымша үш ауысымдағы мектептер пайда болуда. Бұндай оқу орындары 2018-2019 жылдары болмайды деп жоспарлап отырмыз», - деді Б. Сапарбаев.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе