Астанадағы Аграрлық университетте «Қыз сыны -2012» байқауы өтті

АСТАНА. 20 Астанадағы Қазақ агротехникалық университетінде «Қыз сыны -2012» байқауы өтті.Байқауды Қоғамдық кәсіптер факультеті ұйымдастырды. Оған ниет білдірген 18 арудың іріктеу кезеңінен өткен 12-сі қатысып, төрт кезең бойынша бақталастырды.  

«Сыр мен сымбат сұлулығы» кезеңінде арулар жиналған қауымға өздерін таныстырды. Қазылар алқасы, сондай-ақ олардың сахнада өзін-өзі ұстай білу мәнері мен ұлттық киім үлгісіне мән берді. Қолөнер шеберлігінің «Бес саусағынан бал тамған» сайысында қыздар ою-өрнек салу, кесте тігу, ұршық иіру және дәмді тағамдар әзірлеу өнерлерін паш етті. «Ақыл жастан, асыл - тастан шығады» кезеңінде бойжеткендердің салт-дәстүрлер мен мақал-мәтелдерді білу бойынша білім деңгейлері бағаланса, «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» сайысында көрермендер қатысушылардың ән айту, би билеу, мәнерлеп өлең оқу шеберліктеріне тәнті бола алды.

Байқауды тамашалаған университет ректоры Ақылбек Күрішбаев көрермендер мен қатысушыларға ыстық лебіздерін білдірді.

Қызықты әрі тартысты өткен байқау қорытындысы бойынша, бірінші орынды экономика факультетінің 1-інші курс студенті Перизат Серік, екінші орынды агрономия факультетінің 2-нші курс студенті Гүлмира Мұратхан және үшінші жүлделі орынды компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру факультетінің 1-інші курс студенті Арайлым Сипат иеленді. Аруларға ақшалай сыйақылар мен марапаттау қағаздары берілді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе