Ел Үкіметі киіктердің жаппай қырылу себептерін анықтауға міндеттелді - Апталық шолу

Жаһандық діни үнқатысу алаңына айналған Астана қаласында сонау 2003 жылдан бері әр үш жыл сайын Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съезі өткізіліп келеді. Қазақстанның осынау бастамасы әлемдік қауымдастық пен халықаралық ұйымдар тарапынан жоғары бағаға ие болып отыр. Бұған дәлел - осы аптада бесінші рет өткізілген жаһандық жиынға әлемнің беделді тұлғасы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мунның қатысуы болса керек.Биылғы басқосудың тақырыбы «Дін лидерлері мен саяси қайраткерлердің бейбітшілік және даму жолындағы үнқатысуы» деп аталды. Тақырыптың жаһандылығында, адамзат үшін өзектілігінде сөз жоқ. Өйткені, діннің негізгі мақсаты адамдарды адамдықтан ажыратпау болса, дені дұрыс саясаткерлердің мақсаты қателеспеу, қателесіп адамзатты арандатпау. Оның үстіне діннің атын жамылып, айуандыққа барып жатқандардың әрекеті жаға ұстатып жатқан тұста, сөз саптайтындар от үстіне май құйып, қақтығысты жалаңдата түскен тұста бәріне төзімділік танытып, кекпен емес, кешіріммен қарап, тағаттылық таныту нағыз дінбасының, нағыз саясаткердің ісі болатыны түсінікті. Тағаттылық танытып қана қоймай, түрлі тарапқа толерантты болу да маңызды. Ал ол үшін диалог керек, дін өкілдері бір бірін тыңдауы үшін алдымен еститін болуы керек. Сондықтан да, бүгінгі тез құбылып, алмағайыптарға төтеп беруден қалып бара жатқан заманда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізу мейлінше маңызды.

Астана төрінде екі күнге ұласа өткен бұл жиында дін мен саясат ісіндегі көптеген танымал тұлғалар диалог алаңына шығып, ұсыныс айтты. Пікірлер пайымдалып, ортаға ұсынымдар түсіп, ақыры ол жинақталып арнайы декларация ретінде бекітілді.

Декларацияда дін лидерлері әлемнің әр түкпіріндегі әскери қақтығыстарға қатысып жүрген тараптарды жанжалды тоқтатып, бітімге келіп, келіссөздер арқылы зорлық-зомбылықты доғару, бейбіт тұрғындарды қорғау мен барша қайшылықтарды бейбіт шешу жөніндегі келісімді даярлауға шақырады. Сонымен қатар, Съезге қатысушылар саяси қайшылықтарды шешуде күш қолдану әдістерінен табанды түрде бас тартуға, қазіргі заманғы әлемде сенімсіздіктің артуын тоқтатуға, өзара санкцияларды доғаруға, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақты даму үшін рухани және саяси қайраткерлер арасында өзара іс-қимылдың жаңа тетіктерін іздестіруге үндейді.

Декларацияда әлемдік және дәстүрлі діндерге бірдей сыйластықты қамтамасыз ету мәселесі атап өтілген. Мұнымен қоса онда өшпенділік пен зорлық-зомбылықты тудыруға бағытталған арандатуларға қарсы тұру, сондай-ақ экстремизмге және лаңкестікке қарсы іс-қимыл бойынша күш-жігерге қолдау жасау мәселесі қамтылған. Атап айтқанда қатысушылар Съездің БҰҰ-мен, қауіпсіздік саласында халықаралық ұйымдармен бұдан ары қарайғы өзара іс-қимылын дамытуға, жастардың білімін жетілдіруге жәрдемдесуге, БАҚ-ты дінаралық өшпенділіктің отын жағу үшін пайдалану тәжірибесін тоқтатуға шақырады.

Айта кетерлігі, жиынның қорытынды пленарлық отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, екі өтімді ұсыныс жасады. Оның бірі - Бейбітшілік пен келісім музейін ашу. Жаңа музейде съездің адамзаттың даму проблемалары бойынша бірлескен шешімдер шығару тәжірибесі жинақталып, талдануы қажет. Бейбітшілік және келісім музейі сонымен бірге Съездің ғылыми мекемесі болады, ол діндер мен мәдениеттер диалогының тарихын зерттеумен, діни форумдарда жария етілген барлық ізгі идеяларды наси­хаттаумен айналысады.

Екіншіден, Қазақстан Президенті «Рухани татулық пен келісімді дамытуға және нығайтуға қосқан үлесі үшін» сыйлығын және съезге қатысушы көрнекті тұлғаларға арналған Құрмет белгісін тағайындауды ұсынды.  «Діндер мен мәдениеттердің диалогына еңбек сіңіріп жүргендерді, руханилықтың, діндер мен этностар арасында толерантты қарым-қатынастардың аса құнды үлгілерін жасаушыларды, кон­фессияаралық диалогты дамытуға қамқорлық танытушыларды ынталандыруымыз керек деп санаймын!» - деді Н. Назарбаев.

Айта кетерлігі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VI съезі 2018 жылы Астанада өтетін болды. 

  

Үкімет Калачи ахуалы мен киіктің қырылу себебіне мейлінше ден қоятын болады 

Осы аптада Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік кеңесінің отырысы өтті. Отырыс негізінен еліміздегі экологиялық қауіпсіздік мәселелеріне арналып, қоршаған ортаны қорғау саласындағы қабылданып жатқан шаралар талқыға түскен болатын. Алқалы жиында Мемлекет басшысы Қазақстанның экологиялық ахуалымен тікелей қатысы бар әрі қоғамда үлкен дүрбелең тудырған екі мәселеге баса назар аударды. Оның бірі Ақмола облысындағы Калачи және Батыс Қазақстан облысындағы Березовка ауылдары тұрғындарының денсаулығын қорғауға қатысты болып отыр. Елбасы осы екі өңірдегі мәселені тездетіп реттеу туралы тапсырма жүктеді. Халықтың өздері тұратын өңірдегі экологиялық ахуал туралы ақпаратқа еркін қолы жетуін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті. «Калачи ауылындағы құбылыстың себебі неден екенін әлі ешкім дұрыстап түсіндірген жоқ. Құзырлы органдар жағдайды анықтай алмаса, қажетті сарапшылары жоқ болса, онда шетелдіктерді шақырып, бұл істі соларға тапсыруы керек еді», - деді Мемлекет басшысы.

Мемлекет басшысы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар Қазақстанды орнықты дамыту жөніндегі міндеттерді орындаумен қатар жануарлар мен өсімдік әлемінің биоалуандығын сақтауды қамтамасыз етуге, соның ішінде бірқатар облыстардағы киіктің жаппай қырылуының басты себептерін анықтауға міндетті екенін айтты. «Әрқилы болжамдар мен қарама-қайшы пікірлер айтылуда. Ол дегенің бұл бағытта мүлде жөнсіздік орын алып отырғанын, тиісті мамандардың жоқтығын, осындай жағдайға әкеп соқтырған жайттарды анықтай алмағандықты білдіреді», -  деді Елбасы.

Шындығында, Қазақстандағы киіктер қырылуын ұлт басына түскен үлкен апат ретінде қарастыруға болатын еді. Өйткені, соңғы жылдары әупірімдеп жүріп басын көбейтіп жатырмыз деп жүргенде аяқ астынан бір-екі аптаның ішінде 120 мыңнан астам киік қырылып қалды. «Қазақстанның экологиялық жұмбағы» деп халықаралық деңгейде назар аударылып жатқан осы апаттың себебі әлі де толыққанды анықталған емес.

Айта кетейік, соңғы 5 жылда Қазақстанда киіктер үш рет жаппай қырылыпты. Ол жағдай 2010 жылы Батыс Қазақстан, 2013 жылы Ақмола және Қарағанды облыстарында орын алған. Ал биыл осы таяуда ғана Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарында ақбөкендер апаты әбден асқынып, шырқау шегіне жетті. Осыған байланысты ел ішінде түрлі алып-қашпа әңгімелер де айтылуда. Қалай болғанда да, киіктердің жаппай қырылу себептері әлі толық анықталып болған жоқ. Сондықтан да, Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің деңгейінде осы мәселеге назар аударып отыр.

Бұдан бөлек, Кеңесте Президент табиғат қорғау саласындағы саясат ресурс үнемдеу, шаруашылық қызметінің барлық саласында қалдықсыз технологияларды енгізу мәселелерін шешу ісіне бизнесті ынталандырып, кеңінен тартуға бағытталуы тиістігін жеткізді.  Мемлекет басшысы қоршаған ортаның ахуалын мониторингілеу, экология саласындағы қатерлерді алдын ала анықтау үшін Жерді қашықтан зондтайтын, 2014 жылы іске қосылған қазақстандық екі ғарыш аппаратын тиімді пайдаланудың маңыздылығына тоқталды.

Талқылау қорытындысы бойынша Қазақстан Президенті Үкіметке бірқатар нақты тапсырма беріп, олардың орындалуын бақылауды Қауіпсіздік кеңесінің Хатшылығына жүктеді.

 

Биылғы ҰБТ сәтті өтті ме?

Осы аптаның жұмасында Білім және ғылым министрлігінің өкілдері  биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеудің жалпылама қорытындысын шығарды. Басқаға қандай болғаны белгісіз, бірақ Білім және ғылым министрлігі биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуді сәтті өтті деп санайтынын жеткізді. Бақсақ, ҰБТ төңірегінде әңгіме толастамай тұрғанына қарамастан, биылғы көрсеткіш біршама жақсарған. Мәселен, биыл 124 мың 346 мектеп бітіруші түлектерден 84 мың 248 бала қазақ тілінде бітірді, бұл - 70 пайыз. Қырық мыңнан астамы орыс тілінде бітірген. ҰБТ-ға өтініш берген 87 мың 783 бітірушілерден 82 мың 865 оқушы бірыңғай тестілеуге қатысыпты, бұл 94,4 пайызға тең. Ал «Алтын белгіні» растаған балалар саны он пайызға өскен екен. «Бұл біз үшін өте жағымды жаңалық. Ұлттық бірыңғай тестілеу арқылы «Алтын белгіге» 4 мың  397 үміткердің 52 пайызы өздерінің деңгейін растады.  Бұл көрсеткіш былтырғы жылы 42,2 пайыз болатын. 2 мың 205 бала «Алтын белгісін» растаған. Сосын биыл ҰБТ бойынша орташа балл 2,6 пайызға көтеріліп, 79,5 балды құрады, бұл көрсеткіш былтыр 76,9 пайызды құраған болатын. Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілгеннен бергі тағы бір жағымды жаңалық қазақ және орыс тіліндегі бітірушілердің білім сапаларының айырмашылығы жақындай түсті, бұл 1 пайызды құрайды және теңесті деуге де болады. Былтырғы жылы бұл айырмашылықтың арасы 7 пайыз еді, сондықтан да қазақ тіліндегі мектеп саны ғана емес, сапасы да артып келе жатыр. Бұл - біз үшін аса қуанышты жағдай», - деді Білім және ғылым министрлігінің Білім беру мен ғылым саласын қадағалау комитетінің төрағасы Саят Нүсіпов. Оның айтуынша, биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша бес оқушы 125 балл алды.  Былтыр бұндай дәрежеге жеткендер саны төртеу болатын. Ал 100 балдан жоғары алғандар тестілеуге қатысқан мектеп бітірушілердің жалпы санының 17,4 пайызын құрап отыр. Ол былтырға қарағанда 2,4 пайызға артып, жалпы саны 14 мың 420 балаға жеткен. Сонымен қатар, жоғары оқу орындарына түсу үшін шекті балды еңсергендер саны бес пайызға өсті. Бұл көрсеткіш 2014 жылы  - 77 пайыз болса,  2015 жылы 82 пайызға жетіп отыр.

Айта кетерлігі, министрлік өңірлердегі Ұлттық бірыңғай тестілеуді бағалаудың тың тәсіліне биылдан бастап көшкен болатын. «ҰБТ индексі» аталатын осынау композиттік индексі бойынша биыл Астана қаласы бірінші орын алды. «ҰБТ қорытындыларын біз бұған дейін облыстарға орташа балл қойып, сол арқылы білім деңгейін анықтап келгенбіз. Биыл біз алғаш рет композиттік индексті енгізіп отырмыз. Бұдан былай «ҰБТ индексі» деп аталатын бұл көрсеткіш ешқандай да облыстардың, мектептердің рейтингін білдірмейді. Өйткені, тәжірибеден белгілі, рейтинг қуғандар бір бірімен «жарысқа» түсіп кеткен болатын. Ал  жаңа индекс үш бөліктен тұрады, бұлар, біріншіден,  өңірдегі ҰБТ бойынша орташа балл. Екіншіден, бітірушілердің жалпы санының ҰБТ қатысушыларға үлес салмағы. Үшіншіден, тіркелген бұзушылықтар көрсеткіші», - деді комитет басшысы.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе