Патриотизм мәселесінде мектеп туризмін қалыптастыруға тиіспіз - А. Смайыл

АСТАНА. 4 Патриотизм мәселесінде мектеп туризмін қалыптастыруға тиіспіз. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Алдан Смайыл осы мәселені көтерді.Сауал барысында депутат Елбасының «Қазақстан - 2050» стратегиясы айқындалған Жолдауында ұлттың тарихи санасын қалыптастыру міндетіне айрықша мән берілгенін атап өтті. «Сол тарихи сана Қазақстан өрендерінің бойында қай кезден қалыптаса бастауы керек? Тарихты құрметтеу сезімі бүгінгі балдырғанда бар ма? Жоқ болса, не істеу қажет? Бұл сауалдарға қазіргі таңда мемлекет те, қоғам да, зиялы қауым да жауап іздеуде. Тарихқа оралу, жеңістер мен жеңілістерге, қателік пен даналыққа, өкініштер мен қуаныштарға толы ұзақ тарихқа оралу үрдісі қауырт жүріп жатыр. Тарихты, барлық ақиқатын ашық айтып, қайта жазу қолға алынды. Көнерген ғасырларды өзгелердің жаласы мен жалғандығынан тазартуға бет бұрдық. Осы қарбаласта бір мәселе, біздіңше өте өзекті мәселе, жеткіншектерді тарихтың уызына жарыту мәселесі қалтарыста қалып барады. Біз бұдан былай мектеп туризмін қалыптастыруға тиіспіз», - дейді А. Смайыл.

Оның айтуынша, бүгінгі балаларды патриоттық құлшыныстан тыс қалып барады. «Талай тарихи жауһарлар құладүзде жетімсіреп тұр. Олар қазақтың бүгінгі ұрпағымен табыспай жатыр. Білім және ғылым министрлігі соны ескеріп, мектеп туризмін қалыптастыру жөнінде арнайы бағдарлама жасағаны абзал. Облыстар, қалалар мен аудандар әкімдіктері оқу озаттарын жаз айларында еліміздің тарихи жерлеріне сапарға жіберуді мақсат етсе, мүмкіндіктері жеткілікті емес пе?! Егер осылай жасасақ, уақыт өте келе мектеп туризмі республикадағы жалпы туризмнің сүбелі саласына айналар еді. Қолға алынбай келе жатқан, шын мәнінде елеулі рухани және елдік маңызы бар осы шараны, мектеп туризмін қалыптастыруды жүзеге асыруға ықпал етуіңізді өтінемін», - деді депутат.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе