Алматыда Еуропалық жоғары білім беру көрмесі ашылды

Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің ғылыми кітапханасында Еуропалық жоғары білім беру көрмесі ашылды. Оған Еуроодақтың 24 елінен 100-ден астам университет пен жоғары білім беру бойынша ұлттық агенттіктердің өкілдері қатысуда.«Қазақстандық жастар негізінен Германия, Франция және Англия секілді елдердің жоғары оқу орындарын жақсы біледі. Сондықтан бұл көрменің басты мақсаты - жастарды Еуропаның көптеген елдерінің жоғары оқу орындарымен, білім беру жүйесімен толыққанды таныстыру және оларға оқуға түсу жолдарын түсіндіру. Осылайша олар жоғары білім алу бойынша көп мүмкіндіктерді біле алады», - деді өз сөзінде «Еуропалық білім берудің Азия мен Орталық Азиядағы көрмесі» жобасының жетекшісі Стивен Вебер.

Сонымен қатар, ол Еуропа елдері арасында жоғары білім беру жүйесі мен оқу ақысы бойынша өзгешіліктер бар екендігін жеткізді.

«Еуропа елдері ішінде Ұлыбританияда жоғары білім алу қымбат тұрады. Мұнда оқу ақысы жылына 20-30 мың еуроны құрайды. Ал керісінше, шығыс Еуропа және Балтық жағалауы елдерінде оқу ақысы арзан, бірнеше мың еуроны құрауы мүмкін. Сонымен қатар, мысалы Бельгияда шет елдік студенттер тек жылдық тіркелу жарнасын ғана төлеп оқи алады. Ол шамамен жылына 600-700 еуро болады. Ал Германия, Швеция, Финляндия және тағы  бірқатар елдерде тіпті тегін де оқуға болады. Бұл үшін шетелдік талапкерлер оқуға түсерден кем дегенде алты ай бұрын жоғары оқу орнымен хабарласып, шәкіртақыға арыз жазады. Сонымен қатар, басқа да тиісті құжаттарды тапсырады. Егер арыз қабыл алынса, онда ол тегін оқиды. Тіпті жатақханаға да тегін тұруы мүмкін. Яғни, қолына шәкіртақы алмайды. Шәкірт ақы оқу ақысы мен жатақхана шығынын толығымен жабады», - деді С. Вебер.

Айта кетелік, көрме бүгін және ертең, яғни сенбі және жексенбі күндері таңғы сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін жалғасады.

Онда жастар Еуропалық Одақ университеттерінде бакалавр мен магистрден бастап, PhD деңгейіне дейін барлық сатыларда білім алуға байланысты толыққанды ақпарат ала алады.

Ал үстіміздегі жылдың 28-ші қыркүйегінде аталмыш жоғары оқу орнында «Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасы арасында жоғары білім беру саласындағы ынтымақтастық» тақырыбы бойынша халықаралық конференция  өтеді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе