Бұқара халықтың ұсынысын ескермей, мектеп оқушыларының демалыс күндеріне қатысты біржақты шешім қабылдауға болмайды - Б.Жұмағұлов

АСТАНА. 11 «Бұқара халықтың ұсынысын ескермей, мектеп оқушыларының демалыс күндеріне қатысты біржақты шешім қабылдауға болмайды»,- дейді Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов.   Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, министр Бақытжан Жұмағұлов мектеп оқушыларының, олардың ұстаздары мен ата-аналарының және бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің мектеп оқушыларының демалыс тәртібіне өзгеріс енгізу жөніндегі өтініштеріне осындай жауап қайтарған.

Министрдің айтуынша, бұл мәселеге байланысты ата-аналардан да ұстаздардан да көптеген ұсыныс, пікірлер түсіп жатыр. Алайда бұл мәселені ерікті түрде шешуге болмайды. «Бұл бағытта бізге әлемдік тәжірибені жіті зерттеп, өзімізге ұсынылып отырған ұсыныстардың артықшылықтары мен кемшіліктерін сараптап алу керек. Сондай-ақ аталмыш мәселеге қатысты бұқараның да пікірімен санасу керек. Осы себепті  менің бұйрығыммен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Парламент депутаттары, мүдделі министрліктер мен ведомство өкілдері, білім басқармаларының басшылары мен педагогтар, ата-аналар қоғамдастығы мен үкіметтік емес ұйым өкілдері кірді»,-дейді Б.Жұмағұлов.

Оның айтуынша, күн тәртібіне қойылып отырған мәселе бір күнде біте салатын жұмыс емес. Оған жылдар кетуі мүмкін. Оның үстіне жұмыс тобының ұсыныс, пікірлері де Үкіметтің және білім басқармаларының қатысуымен мұқият талқылануы тиіс. Өйткені бұл мемлекеттік мәселе, оған қатысты тек қоғам өкілдерінің ұсыныс, пікірлерімен санасқаннан кейін ғана біржақты шешім қабылдауға болады. «Бұл реттегі біздің басты мақсатымыз - оқу шараларының тиімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, балалардың денсаулықтарына да назар аудару. Бұл біздің ылғи есте ұстауымыз қажет маңызды міндеттердің бірі», - деді министр.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе