Бүгінгі білім саласындағы бәсекелестік адамның өмір бойғы оқуын талап етеді

АСТАНА. Ақпанның 8/Қанат Мәметқазыұлы/ ‑ Жаһандану заманында әрі ұлттар мен мемлекеттердің өзара бәсекелестігі мен ықпалдастығы артып отырған жағдайда, ең бірінші  кезекте, адамның «ақыл ойына», оның біліміне  көп күш салынатыны белгілі. Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысы соңғы жылдардағы халыққа Жолдауларында білім саласын реформалауға қатысты

 мәселелерді дүркін-дүркін алдыға қойғаны  мәлім. Оның үстіне саналы түрде басқарылатын дамудың ұзақ мерзімді көрінісін қамту үшін де бүгінгі ұрпақтың заман ағысынан кейін қалмай, сапалы білім нәрімен сусындай түсуі қай кезде де өзекті мәселенің бірі болып қала бермек.  Яғни, Елбасының бұған дейінгі һәм ағымдағы Жолдауында жүктелген бәсекеге қабілетті елдердің қатарынан көріну идеясының тікелей амалы да, болашақта өркениетті елдермен терезені тең ұстау қағидаты да білім саласын көтермелеумен, оның мемлекет тарапынан қолдауымен тығыз байланысты десек болады. Шындығында, ғылыми бәсекеге төтеп берудің жолы көбінесе білім сапасына байланысты болып отырады. Ал бірақ білімнің сапасы қандай білім берілгендігіне байланысты емес, сол білімді сананың қаншалықты қабылдай, сіңіре алғандығына да байланысты. Ендеше қазіргі заманғы білім бәсекелестігінде екі негізгі мәселе айқындалған деп айтуға негіз бар. Бұның бірі - білімнің сапалы іргетасын қалап, сол арқылы үздіксіз білім беру болса, екіншісі заман ағымынан қалмай адамды өмір бойғы оқыту.

Мемлекет басшысы Үкіметтің 2009 жылды қорытындылауға арналған жиын барысында білім-ғылым саласына баса назар аударып, Қазақстанның бұл бағыттағы жаңалығының барлығы Финляндия тәжірибесіне негізделуі шарт екендігіне тоқталып өткен болатын. Елбасы бұл ретте  Үкімет 2010 жылғы жұмысында, сондай-ақ Қазақстанның 2020 жылға дейінгі даму стратегиясын түпкілікті пысықтағанда Финляндияның тәжірибесіне арқа сүйеуі қажеттігін алға тартты. Президент Финляндияның қарқынды дамуының маңызды тұстарын да атап көрсетіп: «Ең алдымен жоғары стандартты білім. Екіншісі, ғылыми әзірленімдерге қаражатты бөлудегі бәсекелестік. Үшіншісі, келешектің ұлттық инфрақұрылымдары. Төртіншісі, мемлекеттің, ғылым мен бизнестің күшін біріктіру. Егер қысқаша айтатын болсақ, олардың дамуы осы төрт тұжырымнан тұрады», деді.  Яғни, әлемдегі озық саналатын Фин білімінің негізгі ерекшелігі осынау төрт қағидатты қамтып отыр. Оның ішінде финдіктердің балаларды мектепке дейінгі тәрбие және  білім беруге баулуының да, содан кейінгі сабақтаса түсетін үздіксіз белім беруінің де өзіндік ерекшелігі баршылық.

Соған орай болуы керек, Елбасы Жолдауында Үкіметке жүктелген бұл тапсырма нақтылана түсті.  «2020 жылға қарай қалалық, сол се­кілді ауылдық жерлердегі барлық балалар мектеп жасына дейінгі тәрбие беру және оқытумен қамтылатын болады. Бізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестігінің зор әлеуеті бар. Жеке меншік отбасылық балабақшалар мен шағын орталықтар - бұл мемлекеттік мекемелерге балама. Үкіметке әкімдермен бірлесіп үстіміздегі жылдың бірінші жартысында-ақ балаларды мектеп жасына дейінгі оқытумен және тәрбиемен қамтамасыз етуді арттыруға ба­ғытталған «Балапан» арнайы бағдар­ла­ма­сын әзірлеп, іске асыруға кірісуді тапсырамын», деді Президент  Жолдауда.

Шындығында, баланы білім берудің алғашқы сатысымен тұтастай қамту шарасы - болашаққа қарай қаланған сапалы білім іргетасы іспеттес. Әлем елдері ішінде білім саласының оқ бойы озығы саналатын мемлекеттер өзіндік даму үлгісінде бұған айрықша мән беретіні белгілі. Мәселен, Президент мысалға алған Финляндияның алып қараңыз - финдік оқушылардың басым бөлігі, тіпті түгелге жуығы ең алғашқы оқу табалдырығын аттап, мектеп партасына жайғаспас бұрын, алдымен балабақшадағы дайындық тәрбиесімен сусындайды. Мектепке дейінгі дайындық нәрімен ауыздандыру мәселесіне үлкен назар аударылатыны соншалықты, кей жағдайда осы төңіректе қоғамдық пікірталастар, проблемалар ашық, бұқаралық талқыға шығарылып отырады екен. Ал дамыған мемлекеттерде, атап айтқанда Жапон елінде мектепке дейінгі қамту көрсеткіші - 97 пайызды, АҚШ-та  61 пайызды құрайды. Қазақстанда қолданыстағы заңнама бойынша сәбилерге  мектепке дейінгі тәрбие мен оқуға, оған дайындыққа  кепілдік берілгенімен де, бүгінгі жағдайдың қаншалықты екендігі жұртқа белгілі. Ендігі Елбасы тапсырмасы да осындай олқылықтың орнын толтыруға бағытталғаны айқын.

Сонымен бірге, білім саласы үшін мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш білім беру ісін жаңа сапалық деңгейге көтеру міндеті бүгінгі күннің көкейкесті мәселесі екендігі сөзсіз. Білім саласының алғашқы сатысы, іргетасы болып саналатын мектепке дейінгі ұйымдар болашақ ұрпақтың дүниетанымын дамытуға, олардың жеке тұлға ретінде қалыптасуына септігін тигізуі тиіс. Ал одан кейінгі кезеңдерде білім беру сатылары сабақтасып, жүйелі қамтылғаны орынды.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, үздіксіз білім берудің  балабақшадан басталып, университет дипломымен тәмамдалып қалмауына қатысты болып отыр. Өйткені, бүгінгі заманның талабы - адамның өмір бойғы білім алуын талап етеді. Яғни, өмір бойғы білім алу - заманға сай кәсіби, білікті болуды білдіреді. Мәселен, бұған дейін классикалық білім ұғымына барынша мән беріліп келді, көпшілігіміз осыған бейімделдік, осы жүйемен өмір сүріп те келеміз. Бұл ұғым бойынша адам жас кезінен бастап толығып, көбінесе кәмелеттен асқанға дейін білім алады да, одан кейінгі өмірінде сол  алған білімін іс жүзінде көрсететін жағдай қалыптасатын еді. Ал бүгінгі  жылдам қарқынмен дамып, шапшаң құбылып, тез өзгеріп отырған дәуірде «былтырғы» амалды пайдаланудың маңызы қаншалықты? Ендеше қазіргі заман тұжырымы адамның өмір бақи оқып-үйренуге тиістігін қажет етеді. Яғни, адам замандастарымен өзара бәсекеде ғұмыр бойына шәкірттік кезеңнен өтіп, білім жарысына түседі. Бұл да төтеннен келген жаңалық емес, заманның алға тартып отырған үлгісі. Мәселен, шведтің осындай үлгісіне қарап отырсаңыз, сол елдің өнеркәсібінде жүрген азамат өзінің кәсіби деңгейінен қалып қоймас үшін алды 45 рет кәсіби білімін, біліктілігін жаңартуға мәжбүр болып отырыпты. Демек, бұл елде бүгінгі жұмыс қайратындағы адам өмір бақи шәкірт  болып өтеді деген сөз. Ендеше білім беру тек мектеппен, университет дипломымен шектелмеуі шарт. Үйдегі тәрбиеден бастап, балалар бақшасы, мектеп жасына дейінгі, мектептен кейінгі білім беретін, кәсіби білім беретін жүйелердің барлығын қабаттастыра алып жүретін жағдайға жеткенде ғана мемлекет ұлттық  реформаны табысты жүргізеді.

Жалпы, бұндай оқыту, кәсібилікті арттыру, маман даярлау ісінде елімізде қажетті бағдарламалар баршылық. Дегенмен де, ондай бағдарламалар соңғы жылдары ғана қарқын алып, көбінесе жұмыссыздықтың негізгі құралы ретінде қалыптасып қалған тәрізді. Ендеше өмір бойғы оқыту үлгісіне де белгілі бір мемлекеттік қолдаулар керек.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе