Астанада «Соңғы қоңырау» атап өтілуде

АСТАНА. 25 Бүгін Астана мектептерінде кезекті оқу жылының аяқталғанын білдіретін соңғы қоңырау ойнағаннан кейін,елордалық түлектерге арналған дәстүрлі мереке сағат 14.00-де қаланың үш жерінде: «Студенттік» саябақта, «Ғашықтар» саябағында және Қаржы министрлігі алдындағы алаңда жалғасады. Бұл туралы Астана әкімдігінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

«Әрбір түлек осы шараларда құрбыларымен тілдеседі, бір-біріне ізгі тілектер білдіріп, демалып, мектеп оқушылары дайындаған концерттік бағдарламаларды тамашалай алады», - дейді Астана қаласы Білім басқармасының бастығы Әсима Бимендина.

Ә.Бимендинаның айтуынша, биылғы жылы Астанада мектеп бітіруші 3988 түлектің 3652-сі ҰБТ тапсыруға дайын. Қалғандары халықаралық олимпиадаларға қатысып, оқу гранттарына ие болған немесе шетелдік жоғары оқу орындарына түсу үшін дәстүрлі емтихан тапсырады.

Ә.Бимендинаның айтуынша, 2012 жылдың басты жаңалығы - колледж түлектері үшін тестілеудің енгізілуі болып табылады.

«Жоғары оқу орындарына түсу үшін олар өздері өткен бағдарлама бойынша ҰБТ-дағы пәндердей кешенді тестілеуден өтеді. 9 шілдеге дейін жоғары оқу орындарына түсуді қалаған колледж түлектерінен өтініштер қабылданады. Қазір тест тапсырмалары әзірленіп жатыр, тексеру сынақтары жүргізілуде», - деді ол.

Елорданың бас мұғалімі тәмамдалған оқу жылын табысты екендігін де ерекше назарға алды. Бұған алдын-ала берілген қаладағы орташа статистикалық мәліметтер ғана емес, оқуда үздік нәтижелерге қол жеткізген дарынды балалардың жетістіктері де дәлел бола алады.

Астанада «Алтын белгіге» 178 оқушы үміткер атанып отыр. Республикалық олимпиадалар мен ғылыми сайыстар қорытындысы бойынша елордалық команда 95 жүлдеге ие болып, кезекті рет жалпыкомандалық есепте бірінші орын алды. Астаналық мектеп оқушыларының қоржынында олимпиадалардан 7 алтын мен республикалық ғылыми сайыстардан бір алтын бар.

Жергілікті оқушылар халықаралық деңгейде де сәтті өнер көрсетті. Бүгінгі уақытқа дейін олар Бразилия, Корея, Қытай, Ресей, Түркия, Румыния, Үндістан, Грузия, Кипр және басқа да елдерден 92 жүлделі орын алды.

 Қазақстан олимпиадалық құрамасына Астанадан 3 оқушы кіреді. Бұл ҚТЛ шәкірттері Әзім Аманжолов пен Айдар Жетесов, сондай-ақ «Зерде» дарынды балаларға арналған мектебінің оқушысы Әкежан Амангелдин.

 «Биыл Астананың үздік түлектері мен олардың ұстаздары Оқушылар сарайында «Триумф» балында марапатталады», - деп хабарлады Ә.Бимендина.

 «Жыл сайын Астанадағы олимпиадалар мен ғылыми сайыстар жеңімпаздарының саны ұлғайып келеді. Сондықтан біз олардың барлығын балға шақырдық. Онда тек қана мектеп бітіруші түлектер емес, 10 сынып оқушылары, 9 сыныпта оқитын бірнеше адам бар», - деді Ә.Бимендина.

 «Балдың жаңа Оқушылар сарайында өтуі маңызды. Мұнда ғылыми үйірмелер өте көп», - деп жалғастырды ол.

 Ә.Бимендинаның айтуынша, балдың атауы да ерекше мәнге ие.

«Президент бүгінгі таңда жастар үшін жасалып жатқан игіліктер ертең еліміз үшін екі есе болып қайтады деген сенімде. Біздің балақайлар мұны мектеп қабырғасынан бастап дәлелдеуде, халықаралық олимпиадалардағы жеңістер  бұл үлкен триумф!», - деп атап кетті ол.

Оның айтуынша, сегіз алтын жүлдегерге қала әкімі атынан сыйлықтар табыс етіледі, оларға тәлім-тәрбие берген ұстаздар білім министрлігінен наградаларға ие болады.

Балға қатысушыларға арналған концерттік бағдарламада қала мектептерінің ұжымдары, сондай-ақ ҚР еңбек сіңірген әртісі Бақыт Шадаева мен «Айналайын» би тобы, республика бойынша үздіктер қатарына кіретін Астана қаласындағы балалар үйінің үрмелі оркестрі өнер көрсетеді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе