Қазақстанның жетім балаларын шетелдіктердің асырап алуы азайып келеді - Р.Шер

АСТАНА. 11 Өткен он жылда  қазақстандық жетім балаларды көбінесе АҚШ-тың азаматтары асырап алды.Бұл жайында бүгін Астанада өткен «дөңгелек үстел» барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Раиса Шер мәлім етті.

Бүгінде Қазақстанда 37 мыңға жуық жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар. Оның ішінде 23 мыңнан астамы қазақстандық азаматтардың отбасыларының қамқоршылығында, патронатты тәрбиеде жүр. Ал 12 925 бала бүгінде білім беру, денсаулық сақтау, халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарының интернаттық жағдайында тәрбиеленіп жатыр.

Оның сөзіне қарағанда, 1998 жылы «Неке және отбасы туралы» Кодекс қабылданғаннан бері Қазақстанда 44 476 бала асырап алынды. 35 мыңға жуық баланы қазақстандықтар өз бауырлрына басқан, 523 баланы басқа мемлекеттерде тұратын туысқандары, ал 8 805 баланы шетелдіктер асырап алды.

Р. Шердің айтуынша, балаларды көбінесе АҚШ азаматтары асырап алған. Олардың үлесінде 6 мыңнан астам бала бар. Одан кейінгі орында Испания, Бельгия, Германия, Канада, Ирландия, Франция және Италия елдері тұр.

Төрайымның мәліметтеріне қарағанда, қазіргі кездегі жағдай біршама өзгерген көрінеді. Балаларды асырап алатын шетелдіктер саны қысқарып отыр. 2010 жылы олар 506 баланы бауырына басса, 2011 жылы бұл көрсеткіш 376-ға төмендеді. Р. Шер бұған асырап алу бойынша Гаага конвенциясын жүзеге асыруға  әзірлік аясында күту кезеңі себеп болғанын айтып өтті.

«Бүгінде 1,5 мың қазақстандық азаматтар бала асырап алуға кандидат ретінде тіркеліп отыр. Бала асырауға ниеттілердің басым бөлігі (95 пайызы) ауқаттылық деңгейі орташа адамдар. Жоғары қоғамдық және материалдық жағдайға қол жеткізген азаматтардың тек 5 пайызға жуығы ғана жетім балаларды асырап алуға ниетті»,-деді ол.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе