Тимур Сүлейменов мемлекеттік қызметке қалай келгенін айтып берді

«Болашақ» халықаралық стипендиясының түлегі, қазіргі Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов шетелдегі оқуы және мемлекеттік қызметке қалай келгендігі туралы айтып берді, деп тілшісі.«Оқуды 2000 жылы бастадым, 2002 жылы магистратураны аяқтадым. «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-тан, Англиядан келіп, жұмыс істеп жатқандар көп болды. Бірақ, екі мыңыншы жылдардың басындағы Қазақстан, сол жылдардағы АҚШ-қа да, Англияға да ұқсамайды. Әлбетте, мәдени сипаттары, корпоративтік тиімділік тұрғысынан да министрліктер мен өңір биліктерінің, ұлттық компаниялардың шет мемлекеттерге қарағанда айырмашылығы өте көп еді. Менің бұл ретте жолым болды десе де болады. Себебі, мен Батыстан оқып келіп, бірден батыстық компанияға жұмысқа тұрдым», - деді Тимур Сүлейменов Астанада «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына арналған форумда.

Министр өз сөзінде кейін ұлттық компанияға, одан соң мемлекеттік қызметке ауысқанын еске алды.

«АҚШ-тағы мен оқыған Мэриленд университетінде маған дейін де, менен кейін де оқыған қазақстандықтар болмады. Неліктен олай болғанын түсіндіріп бере алмаймын. Осында отырған адамдардың бәрінің өмірінде «Болашақ» бағдарламасы терең із қалдырғаны анық. Браун мырза (Ато Браун - Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі) жаңа өз сөзінде «nation building» сөзін қолданып қалды. Біз оны «мемлекет құру» деп аударамыз. Бірақ, мұндағы «nation» сөзі - ұлтқа да қатысты қолданыла алады. Әлбетте, қазақ ретінде біздің тарихымыз тереңде. Бірақ, заманға сай мемлекет, заманға сай ұлт ретінде біз әлі де қалыптасып келе жатырмыз», - дейді Тимур Сүлейменов.

Министр мемлекетті құруда да, ұлттың бірлігінде де «Болашақ» бағдарламасының маңызы ерекше екенін атап өтті.

«Біз көршілес бірқатар мемлекетпен бір старттан жол бастаған елміз. Бірақ, көп бағытта алға шыққанымыз айқын. Осыған ең алдымен, Президенттің көшбасшылығы, екіншіден, осы бағдарлама негіз болғанын айтқым келеді», - деді ол.

Еске сала кетсек, Астанада «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына орай «Адами капитал - жаңғыру негізі» атты форум өтті. Оның  барысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стипендианттарға жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Елбасының атап өтуінше, «Болашақ» халықаралық стипендиясы дүниежүзіне танылған қазақстандық брендке айналды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе