Оралда ғалым Ғ.Әбухановтың 100 жылдығы аталып өтті

ОРАЛ. 24 Батысқазақстандық белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ғабдырахим Әбухановтың 100 жылдығы М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде аталып өтілді.Жиынды университет ректоры Асхат Иманғалиев ашты. Ол еліміздегі ежелгі жоғары оқу орындарының бірінен саналатын М.Өтемісұлы атындағы БҚМУ-ға биыл 80 жыл толатындығын, ғалым Ғабдырахим Әбухановтың өрелі өнегесі мен рухани мұрасы туралы айтты. Қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі Азамат Мамыров «Өнегелі өмір» тақырыбында тартымды баяндама жасады. Соғыс және еңбек ардагері Бисен Жұмағалиев ұлағатты ұстаз жөніндегі естелігімен бөлісіп, Орал қаласындағы бір көшеге Ғ.Әбухановтың есімі берілмегендігіне және үйіне ескерткіш тақта орнатылмағанына қынжылыс білдірді. Облыстық мұғалімдер біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының ректоры Софья Ізмұхамбетова «Ғ.Әбухановтың «Қазақ тілі» оқулығының өміршеңдігі» атты тақырыпта хабарлама жасап, ғалымның еңбегіне терең сараптама берді. БҚМУ-дың ардагерлері Шәндә Жұмағазиева мен Меруерт Жолдықайырова талай жыл әріптес болған Ғабдырахим ағаның сан алуан адами қасиеттері туралы ағынан жарыла әңгімеледі. Ғ.Әбухановтың қызы, шет тілдерін оқыту қағидаты мен машығы кафедрасының меңгерушісі Алма Әбуханова әкесі хақындағы естелігімен бөлісіп қана қоймай, университет әкімшілігі мен ұжымына көрсетілген құрмет үшін шын жүректен алғыс айтты. Шара соңында Ғ.Әбухановтың қыздары Светлана мен Алмаға, немере-жиендеріне ғалымның осында қайта басылып шыққан оқулығы мен гүл шоқтары табыс етілді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе