ҚР БҒМ қызметкерлерін үйлеріне уақтылы жібереді, ендігі кезек қалған министрліктерде - Апталық шолу

Осы аптаның басында Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің екіжақты кездесуі өтті.

 

 Елбасы Астанадағы  Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығының XIII өңіраралық форумы өте маңызды екенін, оған Қазақстан мен Ресейдің 900 бизнесмені жиналғанын айтты. Пікір алмасулар мен талқылаулардан кейін президенттер елорданың Тәуелсіздік сарайында өткен аталған форумға қатысты. Айта кетерлігі, форум аясында таңертеңнен бері екі елдің көлік-логистика әлеуетінің дамуы, туризм саласы, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы сауда саласындағы кедергілер мен шектеулерді жою және екіжақты ынтымақтастықтың өзге де өзекті мәселелері панельдік сессиялар барысында талқыланды. Мұнан бөлек, Forbes және Global-2000 тізіміне кіретін қазақстандық және ресейлік жетекші компаниялар басшыларының қатысуымен қазақстандық-ресейлік бизнес-форум өтті.

«Дағдарысқа дейінгі кезеңдегі біздің өзара сауда көлеміміз 20 млрд. АҚШ долларынан асып түскен еді. Қазір 30 пайызға төмендеді. Оның қандай себептермен орын алғанын білесіздер. Себептердің басым бөлігі сыртқы жайттар. Олар: санкциялар, біздің елдеріміз арасындағы биржалық тауарлар құнының төмендеуі. Сонда да осы жылдың бірінші жартыжылдығында біздің тауар айналымымыз 6 млрд. АҚШ долларына жуықтайды», - деді ҚР Президенті.

Осы ретте Мемлекет басшысы екі елдің арасындағы тауар айналымына тың серпін беру қажеттігін баса айтты.

«Бізде барлық алғышарттар бар, біз сауда-саттық жасайтын тауарлардың құны төмендегенімен нақты көлемі еселену үстінде. Көптеген ресейлік кәсіпкерлер Қазақстанда бизнес жасауда. Бізде ресейлік бизнеспен бірлескен 6 мыңнан астам кәсіпорын бар. Көптеген екіжақты инвестициялық жобалар да жүзеге асырылуда», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы  Қазақстан мен Ресейдің жүзеге асырылуы жоспарланған сомасы 20 млрд. долларды құрайтын 60 жобасы бар екенін жеткізді. Оларды жүзеге асыруға еліміз тарапымыздан толықтай қолдау көрсетілетін болады. Осы ретте Президент Қазақстан мен Ресей арасында өзара тиімді ынтымақтастықтың мол тәжірибесі жинақталғанын да еске салып өтті.

«Бұған қоса, өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту үшін пайдаланылмаған әлеует те бар. Біріншіден, біз сіздермен Бірыңғай экономикалық кеңістікте жұмыс істеудеміз. Кеден одағынан Еуразиялық экономикалық одағы сынды толыққан өңірлік бірлестік құрылды. Бүгінде бастамашысы Қазақстан, Ресей және Беларусь болған одақ 5 елді біріктіреді», - деді Назарбаев.

Елбасының айтуынша, бұл одақ пен Вьетнамның еркін сауда туралы келісімі жасалды, ҚХР, Оңтүстік Корея, Сингапур елдері де осындай аймақ құруға ниеттеніп отыр. «ЕАЭО-мен ынтымақтастыққа Үндістан, Мысыр, Иран, АСЕАН елдері сынды мемлекеттер ниетті. Бұл ЕАЭО-ның қажеттілігін білдіреді», - деді ҚР Президенті.

Жаңа министрлік құрылды

Ағымдағы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі құрылды. Осы ретте Президенттің Жарлығымен Бейбіт Бәкірұлы Атамқұлов осы ведомствоның министрі қызметіне тағайындалды.

«Қорғаныс, аэроғарыш өнеркәсібі және электрондық өнеркәсіп, ақпараттандыру және байланыс саласындағы ақпараттық қауіпсіздік (киберқауіпсіздік), жұмылдыру даярлығы және жұмылдыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру және дамыту, бірыңғай әскери-техникалық саясатты және әскери-техникалық ынтымақтастықты жүргізуге қатысу, қорғаныстық тапсырысты қалыптастыру, орналастыру және орындау саласындағы басшылық Министрлік қызметінің негізгі бағыттары болып айқындалсын»,-деп атап өтілген қол қойылған құжатта.

  

Психологтарға жағдай жасалады

Өтіп бара жатқан бұл аптадағы Үкімет отырысында білім саласындағы бірқатар мәселелер талқыланды. Осы бағытта сөз сөйлеген еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ведомствода мектеп психологтарының жалақысын көтеру мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтті.

«Министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға қарамастан әлі де көптеген проблема бар. Қазіргі уақытта айлықтары аз болғандықтан психологтар мен әлеуметтік педагогтар мектептерде жиі ауысады. Мектептерді психологтармен қамтамасыз ету орта есеппен 98 пайызды, әлеуметтік педагогтар 80 пайызды құрайды. Жалпы психологтар бар, бірақ, олардың айлықтарының көлемін қарастыру керек. Осыған орай тиісті ұсыныстарды дайындап отырмыз, содан кейін енгізетін боламыз», - деді министр.

Сонымен қатар ол мектептерде полиция инспекторлары жетіспейтіндігін, олар тек 46 пайызға қамтылғандығын атап өтті.

«Қалыптасқан проблеманы шешу үшін бір инспектор бірнеше мектепке бекітілген күннің өзінде, олар мектептерге барып жұмыстарын жасап, министрлікке қосымша есеп беруі қажет деп санаймыз. Біз мәселені ары қарай Ішкі істер министрлігімен бірге қарастыратын боламыз», - деді Сағадиев.

Мұнымен қоса министр  ата-аналардың жартысы 11 жылдың ішінде мектептерге мүлдем келмейтінін  және олардың балаларды тәрбиелеудегі рөлі мен жауапкершілігі төмендеп кеткенін сөз етті.

«Ата-аналар үнемі жұмыста болғандықтан баланың тәрбиесімен айналысуға уақыты болмайды. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер де көп. Қазіргі уақытта ата-аналардың тек 10-12 пайызы ғана мектептегі жиналысқа қатысады. Біздің есебіміз бойынша ата-аналардың 50 пайызы 11 жылдың ішінде мектептерге келмейді. Біздің ойымызша, ата-аналарды сағат 6-дан кейін уақытында үйлеріне, балаларына жіберу тәжірибесін бастау қажет», - деді Е.Сағадиев.

Сонымен қатар министр психологтарды дайындау үшін, сондай-ақ балаларға психологиялық көмек берудің бірыңғай заманауи методологиясы қажет екенігін баса айтты.

«Қазіргі уақытта ЮНИСЕФ балалар қорымен бірлесіп, ғылыми негізде арнайы бағдарлама жасалды. Аталған бағдарлама Шығыс Қазақстан облысында бейімдеуден өтіп, осы жылдан бастап алты өңірде Алматы қаласында, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында енгізіліп жатыр», - деді ол.

 

Айтпақшы, Қазақстанда мектеп түлегі жүргізуші куәлігін алып шығатын болады. Балалардың жолда жарақат алу деңгейі азаймай отыр. Осыған байланысты алғашқы әскери дайындық оқу бағдарламасына оқушыларға көлік жүргізу, сонымен қатар жол қауіпсіздігі ережесін оқытуды енгізу ескерілген. Осының нәтижесінде мектеп бітіретін балаларға көлік жүргізу  курсын бітіргендігі туралы куәлік беріледі.

Министрдің айтуынша, бұл жайында еліміздің Қорғаныс министрлігімен арада келісім де жасалған. Осы үдеріс кезең-кезеңімен 2017 жылдан бастап қолға алынбақ.

 

Сағынтаев әкімдерді сынға алды

Бұл аптадағы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев мемлекеттік қаржыны игере алмай отырған бірқатар облыс әкімдерінен жауап алды. Ең алдымен, Үкімет басшысы Қостанай облысының әкімі Арxимед Мұxамбетовтен «Нұрлы жол» бағдарламасына қатысты есебін тыңдады. Баяндамадан соң Б. Сағынтаев қаражат игеруде проблема барын еске салды.

«Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бойынша 4 миллиардтан астам теңге бөлінген деп айттыңыз. Бірақ, менде бар ақпараттар бойынша, бұл қаражатты игеру тек 19 пайызға жүзеге асырылған. Қыс болса жақындап келеді. Осы жөнінде не айтасыз?», - деді Үкімет басшысы.

Өз кезегінде А. Мұxамбетов, бұл нысандардың жылыту маусымына ешқандай қатысы жоқтығын айтып ақталды.

«Облыс бойынша жылыту нысандарының барлығы дайын. Салынып жатқан нысандар қосымша қуатты арттыруға арналған, сондықтан ешқандай проблема болмайды», - деп сендірді өңір басшысы.

«Қысқы маусымға үлгересіз бе, жоқ па - мәселе онда емес. Көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту керек. Ал, сіз болсаңыз игерілмеген ақша жылыту маусымына еш әсер етпейді дейсіз. Ақша бөлінді ме, игеру керек», - деді Б. Сағынтаев.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы Алматы облысында да қаражат игеру төмен деңгейде, небәрі 22% екендігін ескертті. Бұған қатысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «Нұрлы жол» бағдарламасының бірқатар бағыттары бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар бойынша есеп берді және қаржының толық игерілетінін атап өтті.

«Атырау облысы, шағын және орта бизнесті дамытуға күш салу керек. Мұнайлы өңір болған соң тұрғындардың көбі сол салада жұмыс істейді. Дегенмен, де біз Елбасы тапсырмасы бойынша, «Бизнестің жол картасы-2020» аясында қаржы бөлудеміз. Инфрақұрылымдарды бизнеске тарту үшін. Сіздің облысқа 692 млн. теңге бөлінген. Осы уақытқа дейін сіздер оны алған жоқсыздар. Сіздерде ниет жоқ па, әлде бизнестерде қажеттілік жоқ па? Тіпті алынбайды да, сұралмайды да. Ол қаражат әлі күнге дейін бізде жатыр», - деді Бақытжан Сағынтаев.

«Бақытжан Әбдірұлы, 692 млн. теңге бойынша, қазіргі уақытта келісімшарттар барлығы жасалған. Қажетті істер атқарылып жатыр. Жылдың аяғына дейін бұның барлығын толығымен игереміз», - деді өз кезегінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.

Алайда, бұл жауап Премьер-Министрдің көңілінен шықпады..

«Ол менің ойымша жай ғана сөз. Өйткені, қазан айы басталып кетті. Оны өздеріңізге аударып алғаныңызша, кәсіпкерлерге береміз дегеніңіздерше, байқау өткізгендеріңізше жыл бітеді. Биылғы жылы әрбір облыстан сұранысы бар кәсіпорындар, шағын және орта бизнес ол ақшаны пайдалана алмай қалды деген сөз. Жылдың соңында сізден осы мәселені сұраймыз», - деді Үкімет басшысы.

 

Бұдан бөлек Үкімет басшысы еліміздің Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа  құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі үшжылдық жоспар әзірлеуді тапсырды.

«Ішкі істер министрлігіне жергілікті органдармен бірлесіп, осы жылдың 1 желтоқсанына дейін белгіленген тәртіппен таяу 1 жылға арналған құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі кешенді жоспардың жобасын әзірлеп, Үкімет қарауына енгізуді тапсырамын», - деді Б.Сағынтаев.

Сонымен қатар ол бұл бағыттағы жұмыстарды барынша күшейту қажеттігін баса айтты.

«Бізге халықпен азаматтық қоғам институттарына шынайы арқа сүйей отырып, бұл жұмыстарды қайта қарау және жүйелеу қажет. Барлығының нақты өзара іс-қимылын қамтамасыз ету керек», -  деді Б.Сағынтаев.

Мұнымен қоса,  Премьер-Министр республикалық және жергілікті маңызы бар жолдардың ең қауіпті учаскелерін анықтау қажет екенін жүктеді. Осы ретте Ішкі істер, Инвестициялар және даму министрліктеріне өңір әкімдерімен бірлесіп, ірі жол-көлік апаттарының себебін анықтау тапсырылды.

«Республикалық және жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының барынша қауіпті учаскелерін анықтау, мұндай оқиғалары төмендету бойынша кешенді шаралар қабылдау қажет. Қыркүйек айының үш күнінің ішінде ғана Оңтүстік Қазақстан облысының 1 учаскесінде 12 адам қаза тауып, 19-ы жарақат алды», - деді Сағынтаев.

Үкімет басшысы мұндай жайттың орын алуына не себеп болғандығын анықтауды тапсырды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе