Алматыдағы жоғары оқу орындарының қатары жаңа университетпен толықты

Алматыдағы Халықаралық бизнес академиясы Алматы Менеджмент университеті болып қайта аталды. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен баспасөз мәслихатында аталмыш жоғары оқу орнының президенті, бизнес әкімшілендіру докторы Асылбек Қожахметов мәлімдеді.«Қазіргі заманғы университеттердің барлығы дерлік халықаралық сипатқа ие. Оның үстіне өздеріңіз білесіздер, әлемдегі алдыңғы қатарлы университеттердің атаулары жергілікті қалаға байланыстыра айтылады. Мысалы, Кембридж университеті, Оксфорд университеті, Беркли университеті, Сингапур университеті және т. б. Сондықтан біз де «Халықаралық» деген сөзді «Алматы» атауына өзгерттік. Ондағы мақсатымыз Алматыны бүкіл әлемге барынша таныту. Одан басқа, біз студенттерге бизнес саласы бойынша дәріс бере отырып, оларды басқару ғылымына баулимыз. Сол үшін де Менеджмент сөзін таңдап алдық. Менеджмент - біздің түлектердің негізгі құзыреті», - деді өз сөзінде Асылбек Қожахметов.

Университет мәртебесі аталмыш жоғары оқу орнына енді жаңа мақсаттар мен міндеттер жүктейтіні белгілі. Алматы Менеджмент университеті Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің университеттері арасында 7 бағыт бойынша көш басына шығуды көздеп отыр. Олар: әлемдік дәрежедегі кәсіпкерлік университеттің жемісті моделін жасау, білімдерді басқару жүйесінің моделін жасау, әлеуметтік жауапкершілігі жоғары университетті құру, ақпараттық технологияны дамыту және қашықтықтан білім берудің тиімді моделін жасау, Қазақстанда инновациялық менеджментті дамыту, Алматының экономикасына ықпал ету және бизнес-инкубатор мен венчурлық қор қору, бизнес-зерттеулер жүргізу және Еуразиялық экономкалық одақ аясында менеджмент бойынша консультативтік кеңестер көрсету.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш жоғары оқу орны Алматыда 1988 жылы Менеджмент мектебі болып құрылған болатын. 1996 жылы Халықаралық бизнес академиясы болып қайта құрылды. Енді университет мәртебесіне ие болды. Бүгінде мұндағы оқытушылар саны 208-ге жеткен. Олардың ішінде 8 профессор, 30 ғылым докторы бар. Сонымен қатар 5 шетелдік оқытушы дәріс береді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе