Көкшелік оқушылар Аққұмда болды - БҚО

Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің озат оқушылары «Туған елге тағзым» жобасы аясында Қаратөбе ауданы аумағындағы тарихи әрі табиғаты ерекше мекен саналатын Аққұмда болды.Күні бұрын жасақталған бағдарламаға сай алдымен оқушылар үш бағытта жұмыстанды. Алғашқы екі топта Егіндікөл орта мектебінің мұғалімі Дина Қожбаеваның жетекшілігімен киелі өлкенің биологиялық-жағырапиялық ерекшеліктеріне зерттеу жұмыстары жүргізілді. Үшінші бағытта Ақбота Сағындықованың жолбасшылығымен тарих тұңғиығына зер салынды.

Қалдығайты өзенінің бойымен Аққұмды аралаған балалар далалық өсімдіктер мен дәрілік шөптерге де қызығушылық танытып, суретке түсіріп алып, мәре-сәре болысты.

Көкшетау қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі биология пәнінің мұғалімі Мұратбек Қожахметовтің мәлім еткеніндей, олардың Батыс Қазақстан облысына жасаған сапары Орал қаласының тарихи орындарынан бастау алып, суы мөлдір Шалқар көлі мен Хан тоғайында, одан кейін әйгілі Аққұм жерінде жалғасын тапқан. Басты мақсат -  табиғаты ғажайып, тарихы тереңде жатқан өлкенің астарына үңілу. Шәкірттер Қалдығайты өзенінің суын кешіп, алтын құмда жалаң аяқ асыр салып, рахатқа бөленді.

Өрендер аялдаған тағы бір тарихи орын Құныскерей үңгірі болды.Тарихта: Бір тентек ел ішінде жүрмей ме екен, Соңыма неге түстің бәрің бірдей - деп елім деп еміренген есіл ер тоқтаған тұсқа келген, өрендерге Егіндікөл ауылдық округінің әкімі Мербол Мағзомұлы тарихтан терең мағлұматтар келтірді.

Үңгір ішіне енген жеткіншектер тарихшы мұғалімдерге сауалдарын жолдап, Құныскерей турасындағы таным-біліктерін кеңейте түсті.

Сәл-пәл ауқаттанып алған кішкентай қонақтарды ауыл шетіндегі мөлдір бұлақ сыңғыры үнімен баурады.

Бұлақ басында емен-жарқын әңгіме құрасқан балғындар табиғат құдіреттілігіне қайран қалысты. Бірі бұлақ суын ішіп рахаттанса, енді бірі құтыларына құйып алысты.

Егіндікөл ауылдық мәдени-демалыс орталығында өткен сергіту сәттері танысу кешіне ұласты. Танымдық бағытта ойындар ойналып, сазды бағдарламаға да кезек берілді.

Ауылдың шежіресін жатқа соғар Батырхан Тінәлиев пен Меңдібике Сәлімгерееваны ортаға алған бала атаулы сауалдарын жолдап, ел тарихына қанықты. Бұл өлкеде емдік шөптердің ішінде қалақай, түймедақ, андыз, қырықбуын, ит ошаған сынды шөптер өседі. Бұл шөптердің қасиеті ерекше. Кез-келген сырқатқа қарсы тұра алады.

«Туған елге тағзым» жобасы аясында қасиетті Қаратөбе өңірінде еркін саяхаттаған көкшетаулықтарға округ әкімі Мербол Есендосов «Қаратөбе ауданының тарихи-танымдық анықтамалығы» кітабын сыйға тартты.

Жас саяхатшылардың басы-қасында бірге жүрген Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімі Бибінұр Нұрмағанбетова, Егіндікөл орта мектебінің директоры Мақуза Құрманғалиева бастаған ұжымға алғыс айтылды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе