Петропавлдағы ҚР ІІМ ІӘ Әскери институтынан үш елдің офицерлері түлеп ұшты

АСТАНА. 17 Сенбі, 15 маусым күні Петропавлдағы ҚР ІІМ Ішкі әскерлері Әскери институтының тарихында тұңғыш рет офицерлердің халықаралық шығарылымы болды.Бұл туралы ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің баспасөз қызметінен мәлім етті.

Салтанатты сәтте қазақ елінің түлектерімен бірге әскери оқу орнында білім алған көршілес Қырғызстанның - сегіз және Тәжікстан Республикасының он өкілі алғашқы офицерлік «лейтенант» шенін иеленді. Биылғы шығарылымның тағы бір ерекшелігі - түлектердің саны оқу орнының тарихындағы ең үлкені.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров, Қырғызстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы полковник Болот Аманалиев және Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары подполковник Музаффар Джабборов қатысты. Сонымен бірге Ішкі әскерлер Бас қолбасшылығының, жергілікті мемлекеттік органдардың, қырғыз және тәжік диаспорасының өкілдері, Ішкі әскерлер ардагерлері, сондай-ақ түлектердің ата-аналары мен туған-туысқандары, дос-жарандары келді.

Жалпы алғанда әскери білім ордасы шетелдік түлектерді қосқанда биыл Ішкі әскерлер мен еліміздің басқа да әскери құрылымдарына 234 офицерді аттандырды. Олардың 17-сі Әскери институтты үздік бағамен тәмамдаса, оның төртеуі - лейтенанттар Қуаныш Айтқожинов, Ерболат Мырзабаев, Әсет Қажкенов пен Нұрлан Төтешев «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісін алды. Олардың есімдері білім ордасының Құрмет тақтасына енгізілетін болады.

Бұл күні ұлдарының Отан алдында сардар атанып, лейтенант иелену сәтін көруге ата-аналар еліміздің түкпір-түкпірінен, тіпті, көршілес қырғыз мемлекетінен де келді. Әскери институттың қолбасшылығы мен жеке құрамы түлектердің оқуды тәмамдау рәсіміне жіті дайындалды. Халықаралық шығарылым қарсаңында 13 маусым күні институттың саптық алаңында Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдерінің Тулары салтанатты түрде көкке көтерілді. Оны көтеру құрметіне оқу үздіктері, үш мемлекеттің биылғы түлектері ие болды. Халықаралық шығарылымның құрметіне орай білім ордасының өмірі туралы фотокітап әзірленді. Сондай-ақ, арнайы кеуде белгісі дайындалып, ол әр түлекке тарту етілді.

«Сіздер сарбазға әке де, аға да боласыңдар. Сіздер бейбіт халықтың тыныштығын күзетесіңдер. Сіздер ішкі істер органдарымен бірге қылмыспен күрестің алдыңғы шебінде тұрасыңдар. Қызмет оңай болмайтыны анық. Бірақ, қандай қиындық болмасын, Сіздер өз міндеттеріңді абыроймен атқару қажетсіңдер», - деп жеткізді ҚР Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Қалмұханбет Қасымовтың құттықтауын ҚР ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-майор Руслан Жақсылықов.

Қырғызстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер қолбасшысының бірінші орынбасары - штаб бастығы полковник Болот Аманалиев мамандарды даярлағаны үшін Қазақстан ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшылығына өздерінің ризашылықтарын білдіре отырып, түлектердің өте қиын, сонымен бірге өте құрметті маман иесі атанғанын, бұл жолда аянбай тер төгу қажеттігін жеткізді.

Тәжікстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Қолбасшысының жауынгерлік дайындық жөніндегі орынбасары подполковник Музаффар Джабборов әскери істің маңыздылығына тоқталып, түлектерге сәттілік пен мінсіз қызмет тіледі.

Үкімет қаулысына сәйкес Ішкі әскерлер үшін офицер кадрларды даярлау мақсатында өз есігін айқара ашқан әскери оқу орны 1997-ші жылдың 18 наурызында құрылды. Сол жылдың 20 желтоқсанында Елбасы - Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев оқу ордасына Жауынгерлік Туды табыс етті.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы Қаулысына сәйкес әскери училище атауы Әскери институт болып өзгертілді.

Өзінің құрылу мен қалыптасу жылдарында Әскери институт құқықтық тәртіп әскерлері үшін жоғары білікті офицерлердің ұстаханасына айналып, Ішкі әскерлерге жүктелген міндеттерді орындауға қомақты үлесін қосып келеді. Білім ордасы Ішкі әскерлер үшін офицер мамандарды даярлайтын еліміздегі бірден-бір әскери оқу орны болып табылады.

Әскери оқу орнында офицерлер 7 мамандық бойынша даярланады. Курсанттар 7 кафедрада оқып білім алады. Институтта біліктілікті арттыру факультеті жұмыс істейді. Жыл сайын мұнда Ішкі әскерлердің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері түрлі мамандықтар бойынша даярлықтан өтеді.

Институттың халықаралық байланысы жақсы жолға қойылған. Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің үкіметтері арасындағы келісімге сәйкес, 2009 жылдың қыркүйек айынан Әскери институтта қырғыз және тәжік елдерінің 10 өкілі жыл сайын тегін әскери білім алады.

Бүгінде 16 жылды еңсеріп отырған Әскери институттың азды-көпті тарихы қалыптасып үлгерді. Офицер мамандардың алғашқы түлектері ел Тәуелсіздігінің онжылдық мерейтойында қанат қақса, қазіргі күні әскери оқу орнын тәмамдаған сардарлардың саны 2280 офицерді құрайды, олардың 198-і Әскери институтты үздік бағамен тәмамдаса, оның ішінде 26 түлек «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісімен марапатталды. Олардың есімдері білім ордасының Құрмет тақтасына енгізілген.

Осы күні Ішкі әскерлердің батальондар құрамындағы офицерлердің 90 %-ын Әскери институт түлектері құрайды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе