Павлодар облысының Қызылағаш ауылында 100 орындық мектеп салынуда

Павлодар облысы Ертіс ауданының Қызылағаш ауылындағы апатты жағдайда тұрған Бірлік мектебінің құрылысы биылғы жылдың қазан айында басталды. 100 орынға шақталған аталмыш білім ордасы келесі жылы пайдалануға берілмек. Бұл жөнінде облыс әкімдігінде БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында Ертіс ауданының әкімі Нығман Пішембаев мәлім етті, деп хабарланған Павлодар облысы әкімдігінің ресми сайтында.- Ескі мектептің орнына жаңа ғимарат тұрғызу мақсатында облыстық бюджеттен 100 миллион теңге бөлінген. Келесі жылы қосымша 250 миллион теңге салынады. Ауданда барлығы 28 білім ошағы бар. Оның 5-еуі - негізгі, 23-і - жалпы білім беру мектебі. Биылғы жылы 11-ші сыныпты аяқтаған 177 түлектің 47-сі жоғары оқу орындарына түсті, - дейді аудан әкімі.

Нығман Құдайбергенұлының айтуынша, аудан бюджетінің есебінен Бескепе, Ақбетей, Қостомар және Кеңес ауылдарынан оқушылар көрші ауыл мектептеріне тасымалданып білім алуда. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында республикалық және аудандық қазынадан Қызылжар жалпы орта білім беру мектебіне 36 575,0 теңгеге, Ертіс агротехникалық колледжіне 10,3 млн теңгеге күрделі жөндеу жасалған.

Сонымен қатар Нығман Пішембаев қазіргі таңда Қызылағаш ауылының балалары бейімделген үйлерде білім алып жатқанын атап өтті.

- Арнайы комиссия мен Тұтынушылар құқықтарын қорғау департаментінің мамандары тексеру жүргізген болатын. Мұндағы ахуал балалардың алаңсыз білім алуы үшін барлық талаптарға сай. Бұл жағдай жаңа оқу жылына дейін ғана жалғасады. Ал келер жылы шәкірттер жаңа мектепте білім алмақ, - деді аудан әкімі.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе