Білімді жас қай сыннан да сүрінбей өтеді - Қ.Бозымов, Жәңгір хан атындағы БҚАТУ ректоры, БҚО

ОРАЛ. 31 Маусым айында әдетте мектеп түлектері ҰБТ-ға қатысып, бақтарын сынайды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешіміне сәйкес енді барлық колледж бітірушілер де ҰБТ-ға қатысады.Осыған орай Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ректоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қазыбай Бозымов өз ой-толғамын былайша білдірді.

Оның пікірінше, бұл ретте ең алдымен колледж түлектеріне кешенді тестілеуге қатысу нендей артықшылықтар береді, яғни, түптің-түбінде неден ұтыламыз деп емес, неден ұтамыз деген маңызды сауалдарға жауап іздеген дұрыс. Ең басты артықшылық, колледж түлектерінің республикалық білім гранттарына қатыса алуы. Ұсынылатын грант көлемі еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарға қол жеткізуге ынталы колледж түлектерінің арасынан ылғи «сен тұр, мен атайын» дегізетін мықтыларын, білімділерін, ізденімпаздарын іріктеп алуға мүмкіндік беретіндей болуы тиіс.

Қазір сан емес, сапа маңызды. Әлемнің дамыған елдерінде колледждердің саны біздің еліміздегідей аса көп емес, оған қоса, шетел жастары бірнеше кезеңнен тұратын үлкен сынақтан өтіп, еңбектенудің нәтижесінде ғана колледжге оқуға қабылданады. Оның өзінде де тек мыңнан жүйрік, жүзден тұлпарлары ғана. Демек, колледж түлектерін жоғары оқу орындарына қабылдау талабын күшейту, қатаңдату, жетілдіру арқылы, еліміздегі арнаулы оқу орындарының беделін арттыруға, сол арқылы кәсіптік және техникалық білім беруді дамытуға қол жеткіземіз. 9 сыныпты аяқтаған оқушы колледжге оқуға түспес бұрын ол жердегі білім беру сапасын, оқытушылардың біліктілік деңгейін және тағы да басқа критерийлерді салмақпен сарапқа салып, ой елегінен өткізетін болады. Өйткені ол кейін жоғары оқу орнында күндізгі немесе сырттай бөлімде білім алуды көздесе, колледжде алған білімінің сапалы әрі жан-жақты болғаны қажет екенін алдын ала біледі. Демек, қазіргідей әңгімелесуді әйтүп-бүйтіп өтерміз деп арқаны кеңге салып жүрмей, тыңғылықты дайындыққа әу бастан жете көңіл бөледі.

Тағы бір ескеретін жайт, тест жүйесі мектеп түлектеріне қарағанда колледж түлектерінің оң жамбасына көбірек келетін сыңайлы.  Өйткені, колледж қабырғасында  жүріп өз мамандығының қыр-сырын меңгерген, оған қоса теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып жүрген адам қосымша көп ізденеді, өндірісте тәжірибе жинақтайды, адамдармен қарым-қатынаста ысылады. Мектепті енді ғана бітірген жас түлектер ҰБТ барысында дайындығы мықты бола тұра, психологиялық тұрғыда әлсіздік танытуы, білімін дәлелдей алмай қиналуы мүмкін. Ал білімі білігіне сай маман иесі атанып үлгерген колледж түлектеріне кешенді тестілеу психологиялық, моральдық тұрғыда салмақ салмауы тиіс. Үш-төрт жыл бұрын колледжде алған білімін ұмытып қалғандықтан, кешенді тестілеу қиын соғады деп ақталу да әбестік. Кешенді тестілеу сұрақтары айдан түскен жоқ, мектеп бағдарламасы негізінде дайындалған, колледжде оқығанда бірнеше мәрте қайталанған таныс тапсырмалар. Колледж студенттері үшін қолданылатын әдіс мектеп бітіруші түлектердікіне қарағанда жеңілірек. 9 және 11 сыныпты бітіргендердің әрқайсына лайықты бөлек бағдарлама жасалады. Және олар бөлек тапсыратын болады. Білімді жас, өзіне сенімді түлек тестілеудің қай түрінен да сүрінбей өте алары анық.

Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен еліміздің барлық өңірлерінде үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Жаңадан бой көтерген өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін орта кәсіптік-техникалық мамандарға деген зәрулік күннен-күнге артуда. Ресми мәліметке сүйенсек, 2014 жылға дейін еліміздегі индустрияландыру картасы аясында қолға алынған 141 жоба аясында жалпы саны 106,5 мың кадрға қажеттілік туындайды екен. Сұранысқа ие мамандардың 67,5 мыңын техникалық және кәсіптік мамандық иелері құрамақ.

Демек, қысқа мерзімде жоғары білімге қол жеткізгісі келетін колледж түлектерінің де қатары көбейеді. Осы тұста ҚР Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов 2012 жылдың 6 сәуірінде Теміртау қаласында өткен республикалық семинарда атап көрсеткен кәсіптік-техникалық кадрларды дуальды даярлау жүйесінің өзектілігі де арта түседі. Аталмыш жүйенің ең басты ерекшелігі - оқытудың өндіріспен тығыз байланыстылығында болып отыр.

Білім беру жүйесіне жаңаша қарау, білімнің сапасы мен тиімділігін қалыптастыру - заман  талабы. Білім берудің жаңа са­пасын іске асыру мемлекеттік деңгейде көтеріліп отырғанда, колледж бітірген түлектерді жоғары оқу орындарына кешенді тест нәти­желеріне сәйкес қабылдау туралы Білім және ғылым ми­нистрлігінің жаңа тәр­тібін қолдаймын. Білім саласына еніп жатқан инновациялық үрдістерге жатырқай қарамауымыз керек. Өйткені түпкі мақсат - еліміздің жастарына өркениетті елдердің деңгейінде сапалы білім беру.

Қазіргі таңда біз облыс аумағындағы колледждермен тығыз байланыс орнатып, кәсіптік бағдар беру жұмыстарын ұдайы жүргізіп отырамыз. Айтайын дегенім,  қазіргі колледж түлектерінің білімі таяз деген пікір шындыққа сәйкесе бермейді. Талапты, еңбекқор, білімді жастар қай жерде де бар. Кешенді тест тапсыру туралы бастама аяқ асты қолға алынған жоқ. Көзі қарақты, көкірегі ояу оқырман бұл ұсыныстың өткен жылдан бері БАҚ арқылы таратылып жатқанына куә. Биылғы көктемнен бастап кең көлемде талқыланып келеді.

«Қысқасы, колледж түлектеріне жаңа жүйені жатырқап, алыпқашпа әңгімелерге алаңдаудың орнына алтын уақыттың қадірін түсініп, кешенді тестілеуге мұқият дайындалғаны әлдеқайда тиімді демекпіз», деп қорытты ойын Қ.Бозымов.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе