Астанадағы Аграрлық университетте «Түлек-2012» жәрмеңкесі өтті

АСТАНА. 26 Елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде «Түлек-2012» жәрмеңкесі өтті.Университет қабырғасындағы түлектер жәрмеңкесі бұл жолы компьютерлік жүйелер және кәсіптік білім беру (КЖжКББ) факультетінің жастарын жұмысқа орналастыру мақсатында өтті. Еске салсақ, осындай жәрмеңке ағымдағы жылғы ақпан айының соңында ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетінің болашақ түлектері үшін ұйымдастырылып, оған жұмыс берушілер ретінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты 25 мекеме қатысқан болатын.

КЖжКББ факультетінде 2011-2012 оқу жылында «Кәсіптік білім», «Ақпараттық жүйелер», «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша барлығы 123 студентті шығару жоспарланып отыр. «Түлек-2012» жәрмеңкесіне Астана қаласы әкімдігінің «Жастарға кәсіптік бағдар беру және жұмысқа орналастыру орталығы» МКҚК, №4, №6 және №7 кәсіптік лицейлер, Менеджмент және бизнес колледжі, «АСУ» гуманитарлық-техникалық колледжі, Астана техникалық-экономикалық колледжі, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ, «Қазақстан геоақпараттық жүйелер орталығы» ЖШС және өзге де жекеменшік компаниялардың өкілдері қатысты. Кәсіптік лицейлердің өкілдері қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде техникалық пәндердің мұғалімдері және өндірістік оқытудың шеберлері жетіспейтіндігін атап өтті. Алайда, осы оқу жылында КЖжКББ факультетінде «Өндірісті механикаландыру мен автоматтандыру» мамандығы бойынша түлектер жоқ. Сол себепті, болашақта осы мамандыққа студенттерді қабылдауды көбейту ұсынылды. Жұмыс берушілер еңбек нарығында алған білімдерін тәжірибеде қолдана алатын сауатты да, білікті мамандардың жетіспейтіндігін атап өтті. Аталған компаниялардың басшылары университетпен тығыз ынтымақтастық орнатып, студенттерді жұмысқа алып қана қоймай, оларды тәжірибеден өткізуге даярлықтарын білдірді.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе