Халыққа заң тұрғысынан көмектесуді бастаймыз - Izgilik elshisi жобасының жетекшісі - Айнұр Сәбитова

– Алматыдағы «Акселератор добра - Ізгілік елшісі» жобасының жетекшісі мұқтаж азаматтарға заң тұрғысынан көмек беруді қолға алмақ.

Бұл тілшісіне «Акселератор добра - Izgilik elshisi» қозғалысының жетекшісі Айнұр Сәбитова айтты. Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінің Қазақстан-Сарбонна институтының директоры, жоба авторы Айнұр Сәбитова бүгін Нұр-Сұлтанда болған волонтерлар фронт-офисінің ашылу салтанатына қатысып келді. «Биыл Президент Волонтерлар жылын бастап берді. Бүгінгі шара өте жоғары дәрежеде өтті. Сұхбат алаңына елдегі барлық волонтерлар, қайырымдылық ұйымдарының басшылары қатысты. Қай салада болмасын әлеуметтік қолдау, экология, білім беру бойынша жұмыс істеп жүрген волонтерлардың барлығы бас қосты. Президенттің «Волонтерлар – елінің нағыз патриоты» деген сөзі жүрегімді қатты толқытты. Шынымен де қазіргі заманда уақытын басқа адамға көмек беру үшін тегін бөлу тек қана батырлардың қолынан келеді», - деді ол. Бірнеше ай бұрын пайда болған «Izgilik elshisi» қозғалысы жүздеген жасты қайырымдылық жолында біріктіріп үлгерген. «Бұл – азаматтық позициясы айқын қала тұрғындары, жастар, мұғалімдер, студенттер. Олар уақытын кешке теледидар көріп те өткізсе болар еді, бірақ, бос уақытында мұқтаж адамдарға көмектесуді жөн санайды. Біз әлеуметтік, білім саласында мұқтаж адамдарға тұрмыстық көмек береміз. Үкіметтен басқа сенері қалмаған үлкен кісілерге, мүмкіндігі шектеулі бала бағып отырған отбасыларға, науқастарға көмек береміз», - деді Айнұр Сәбитова. Президент Жастар жылын қорытындылай келе волонтерлардың барлығына бірігу керектігін айтқан болатын. «Президенттің айтқаны өте орынды. Бізге әр саладағы күшімізді нығайту үшін бірігу керек. Әркім өз бағытын анықтап алуы керек. Береке түбі – бірлік деген сөз бар», - деді ол. «Izgilik elshisi» жобасының волонтерлары болашақта заң тұрғысынан кеңестік көмек беруді қолға алмақ. Қоғамда заң тұрғысынан шешілмеген түйткілді мәселелері көп адамдар жетерлік. «Олардың көпшілігі сауатты адвокаттардан, заңгерлерден көмек ала алмайды. Себебі, қалталары көтермейді. Біз өз мүмкіндігімізді бағамдап көрдік. Бізде білікті оқытушылар, студенттер, заңгерлер баршылық. Олардың көпшілігі бірігуге ынта білдірді. Мұқтаж жандарға заң тұрғысынан көмек беретін боламыз. Тіпті бізге келе алмайтын, құзырлы органдардың табалдырығын тоздыра алмайтын адамдар бар. Оларға үйіне барып көмек көрсететін боламыз. Сонымен қатар, біздің еріктілер әлеуметтік және инклюзивті білім беру саласында да тегін көмек көрсететін болады», - деді ол. Осы бағытта аталған волонтерлік қозғалыс шетелдік үздік тәжірибені өздеріне игермек. «Мен Абай атындағы қазақ педагогикалық университетінің Қазақстан-Сарбонна инстиутының директоры болғандықтан, француз, герман әріптестеріміздің озық тәжірибелерін ескеріп, зерттейтін боламыз», - деді ол. Айта кетсек, елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ЭКСПО көрмесінің «Art Hub» павильонында орналасқан волонтерлардың «Birgemiz» республикалық фронт-кеңсесінің ашылу салтанатына қатысты. Фронт-кеңсе бүкіл Қазақстанның волонтерлары үшін кеңес беру, әдістемелік, оқыту және ақпараттық орталыққа айналатын болады. Сондай-ақ, ол волонтерлік жобалар мен оқыту бағдарламаларын үйлестіру, мониторинг жасау, волонтерлікті ілгерілету бойынша бірыңғай ақпараттық саясатты жүргізеді және бірыңғай Call-орталықтың жұмысын ұйымдастырады.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе