Жастар саясаты мен спорт мәселесі - басты назарда - ҚР БҒМ кеңейтілген алқа отырысы

АСТАНА. 25 Бүгін Алматыда  «Ғылым ордасында» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен министрліктердің кеңейтілген алқа отырысы өтті.Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Отырыстың күн тәртібінде жастар және жалпыхалықтық спорт мәселелері, мемлекеттік жастар саясатын дамыту сияқты бірқатар маңызды, стратегиялық мәні зор мәселелер талқыланды. Жиында Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов, ҚР Президент Әкімшілігі ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Жапсарбай Қуанышев, ҚР спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов қатысты.

Жастар саясаты мәселесі, дене тәрбиесі, мектептік және студенттік спорт саласын дамыту мәселелері  алғашқы рет министрліктің кеңейтілген отырысында қарастырылды. Жиынға Қазақстан Республикасының Парламент депутаттары, ҚР Президенті Әкімшілігі мен Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері,  облыс әкімдері және орынбасарлары, 100-ден астам жоғарғы оқу орындарының ректорлары, колледж және кәсіби лицей, облыстық білім басқарма басшылары, білім және ғылым саласында жұмыс істейтін өңірлік департамент директорлары, білім беру ұйымдары басшылары, бала және бала құқығын қорғау басқарма басшылары, жасөспірімдер, жастар ұйымы өкілдері  қатысты.

- Елбасымыз биылғы жылғы Жолдауында халықтың  спортпен жаппай айналысуы үшін  сппорттық инфрақұрылымға қол жеткізу бойынша шаралар қабылдау қажеттігіне тоқталды, - деп атап өтті министр өз сөзінде. - 2017 жылы Қазақстан қысқы XXVIII Бүкіләлемдік Универсиадаға қатыспақшы. Универсиадаға дайындықты Елбасының осы тапсырмасын басшылыққа алып, жаппай спортпен айналысудан бастауымыз қажет.

Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтің айтуынша, Алматыда өтетін Бүкіләлемдік Универсиада-2017-ге қызығушылық арта түсуде. Бұл маңызды оқиға қаланың инфрақұрылымын одан әрі дамытуға ықпал етеді. Мысалы, жаңадан ашылған Алатау ауданында 15 мың орынды Спорт сарайы мен 2 сырғанау катогын салу үшін жер бөлінді. 20 мың орындық Олимпиада деревнясын салу студенттер арасында жатақхана мәселесін шешетін болады. Алматы әкімі қазіргі таңда қалада жастар мәселесі бойынша нақтылы шаралардың жасалып жатқандығын айтты. Мысалы, Алматы қаласы әкімдігі жанындағы жастар ісі жөніндегі қалалық Кеңес, инновация мен жаңа технологиялар жөніндегі Кеңес жас ғалымдар инновациясының алға жылжуына ықпал етуде. Қалалық бюджет есебінен бөлінген Алматы қаласы әкімінің гранты арқасында көптеген жас мамандар білімдерін жетілдірді.

Ресми отырыста, сонымен қатар Елбасымыздың тапсырмасымен еліміздегі жастар саясатына қолдау көрсету және дамыту жолдары талқыланды.

Қазақстан Республикасының жоғарғы оқу орнында мемлекеттік бағдарлама бойынша, Қазақстан Республикасының білім саласын дамыту, білім жүйесіндегі тәрбиелік аясын күшейту, Қазақстан Республикасының дене тәрбие және бұқаралық спортты дамыту жолдарын қарастыру жолында ресми мәжіліс, екі секциялық отырысы өтеді деп жоспарланып отыр.

Әлемдің тәжірибеге сәйкес, елге  жүктелген әлеуметтік функцияларды орындауға қабілеттілік спорттық қызмет  көрсетумен халықтың 30 пайызы қамтылғанда арта түседі екен.

Қазіргі кезде әртүрлі бағалаулар бойынша Қазақстанда бұл көрсеткіш 20-дан астам пайызды құрайды.

11 спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп интернатта, 15 жоғары спорттық шеберлік мектебінде және 17 олимпиада резервін дайындау орталығында 7 211 бала спорттық шеберлігін жетілдіруде. Оларды 938 тренер дайындайды. «Дене тәрбиесінің мұғалімі» мамандығы бойынша жоғары оқу орындарында 16 мыңға жуық студент білім алуда.

ҚР Білім және ғылым министрлігі аталмыш саладағы бірқатар басты проблемаларды анықтады. Олар: дене тәрбиесі мұғалімдерінің сапалық құрамы, балаларды  жасөспірімдер спорттық ұйымдармен қамту, мектептер спорттық базалары, яғни спорт залдар, спорт алаңдарының жетіспеушілігі.

Жастар саясаты саласында министрлік саясаты жастардың бәсекеге қабілеттілігін, олардың азаматтық белсенділігін арттыруды қолдау керектігін алға тартып отыр.

Елбасының тапсырмасын орындау барысында «Жас ұлан» бірегей балалар мен жасөспірімдер ұйымы құрылды. Бүгіңде ұйымда 20 мыңнан астам жеткіншек тіркелген. Барлық білім беру ұйымдарында тәрбиелеу компонентін күшейту жөнінде үлгілік кешенді жоспар жасалды. «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға», «Жастар тәжірибесі» атты жалпыұлттық жобалар жүзеге асырылды. 19-дан аса ресурстық орталықтар жұмыс істеуде.

Министрлік жастардың жаңа білім саласындағы бастамаларын қолдау мақсатында Ұлттық студенттік кеңес құру идеясын қолдады. Сонымен қатар, Парламент мүшелері «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарастыруда.

Алқа мәжілісінде еліміздің қоғамдық-саяси, әлеуметтік өмірінде жастар белсенділігінің артқаны атап айтылды, Мәселен, ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің 70 пайызы жастар ҰЕҰ өкілдері болып табылады.

ҚР БҒМ  2020 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатын қолдау тұжырымдамасының жобасын дайындады. Бұл мәселе алқа мәжілісінің арнайы секциясында қарастырылады. Тұжырымдама еліміздің экономикалық, инновациялық даму бағыттарындағы жастардың үлес-салмағын анықтау алуы қажет.

Өз сөзін қорытындылай келе, ҚР БҒМ басшысы Дүниежүзілік қысқы универсиадаға дайындық шараларының қадамдық жоспарын жасауды, мектептердегі спорттық инфрақұрылымды дамыту, спорттық  инвентарлармен қамтамасыз ету мәселесін алға тартты. Сонымен қатар, Елбасының тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдар аймақтарда   жастар саясаты басқармаларын құруды ерекше бақылауға алулары қажет екені айтылды.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе