Премьер-Министр Өскемендегі №46 мектепте болды

Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен жүрген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев Өскемендегі №46 мектепте болып, білім беру саласындағы ілкі жобалармен танысты, деп тілшісі.

Премьер Министрге аталмыш мектеп базасында «Менің мектебім» акциясының нәтижелері таныстырылды. Өңірдегі ірі кәсіпорындар мен кәсіпкерлер «Парыз» қорына аударған 2,8 млрд теңгеге 277 мектептің физика, химия, биология және IT-технология пәндерінің кабинеттері Назарбаев Зияткерлік мектебінің стандартына сай жабдықталған. Бұдан бөлек, аталмыш қаржы есебінен 600 мұғалім кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік алды.

Өңірдегі білім беру саласына тың серпін берген акция 2021 жылға дейін жалғаспақ. Екінші кезеңде демеушілердің қаржысына 492  мектепті 1068 актив панельмен қамту көзделген.

«Сенсорлы экранмен жабдықталған бұл панельдер оқушының ақпаратты тез меңгеруіне таптырмайтын құрал. Бұрын қандай да бір тәжірибені іс жүзінде жасау қажет болса, қазір актив панельдің көмегімен соның бәрін экранда көрсетуге болады. Мұғалім тақтаға бормен кесте сызып, қаламмен жазып әуре болмайды», - дейді мектеп директоры Гүлфарида Ауғанбаева.

  Заманға сай жабдықталған пән кабинеттерін аралаған Бақытжан Сағынтаев жасалып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді.

«Облыс әкімінің айтуынша, еліміз бойынша ашылған IT-сыныптардың 90 пайызы Шығыста екен. Сенсорлы панельде кез келген зертханалық жұмысты электронды түрде жасайтындай жағдай бар. Бұл әрі қолайлы, әрі тиімді» - деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының назарына білім беру саласында жүзеге асып жатқан өңірлік бағдарламалар да ұсынылды. Түлектердің өзге мемлекетке ағылуын тоқтату үшін жыл сайын облыс бюджетінен оқу гранттары бөлінуде. Биыл ондай гранттар саны 446-ға жетіп отыр. Осы қадамдардың арқасында сыртқа кеткен түлектердің саны екі жылда 1800-ден 636-ға азайған.

Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, қараша айында Шығыста үш ауысымдық мектептер мен апаттық жағдайдағы білім ошақтарының мәселесі  толық шешілмек.

«2017 жылы облыс бойынша 5 мектеп берілсе, 2018-2019 жылдары 10 млрд теңгеге 6 мектеп салынуы тиіс. Осының арқасында қараша айының өзінде 3 ауысымдық және апаттық жағдайдағы мектептер мәселесі күн тәртібінен түседі»  -деді Әсем Нүсіпова.

Оның айтуынша, биыл мектеп түлектерінің 40 пайызы саналы түрде кәсіби-техникалық колледждерді таңдаған.

«Бұл облыстағы кәсіби-техникалық колледждердің білім сапасы жоғары екенін айғақтайтын көрсеткіш. Жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары болғандықтан, түлектер колледждерді таңдауда. Өзге облыстарға да таратуға  болатын тәжірибе» - деді Үкімет басшысы.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе