БҚО әкімі Көнеккеткендегі мектептің ашылу салтанатына қатысты

ОРАЛ. 20 19 қазан күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Теректі ауданы жасаған жұмыс сапары барысында Көнеккеткен ауылындағы жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты.Көнеккеткен ауылындағы О.Исаев атындағы орта мектеп көптен бері апатты жағдайда еді. Соған орай ауыл ақсақалдары, зиялы қауым өкілдері жаңа білім ұясын салу кезек күттірмейтін мәселе екенін айтып, аудан, облыс басшыларына ұсыныс жасаған болатын. Аталмыш білім ордасы «ҚПО б.в.» компаниясының қаржысына салынды.

- Елбасымыз «өскелең ұрпақ заман талабына сай сапалы білім алуы үшін барлық жағдай туғызылуы керек» деген болатын. Мына сәулетті, білім нәрімен сусындауға қажет құрал-жабдықтың бәрімен қамтылған мектеп осы тапсырма негізінде бой көтерді. Мемлекетіміз тәуелсіздік алған тұста Президентіміздің шақыруымен көптеген шетел инвесторы келді. Қарашығанақ кенішін игеріп жатқан «ҚПО б.в.» консорциумы - солардың бірі. Осы компанияның әлеуметтік саланы қолдау бағытындағы мемлекет алдындағы міндеттемесіне орай, биыл облыс көлемінде төрт мектеп салынды. Олардың арасында бүгін есігін айқара ашып отырған 198 орындық мектеп те бар. Инвестицияның тартылуы - еліміздегі тыныштық, тұрақтылық, ынтымақ, бірліктің арқасы. Ал мемлекеттің қаржысына 1200 орындық бір мектеп салынды. Жыл соңына дейін Орал қаласындағы «Самал» шағынауданында да осындай көлемдегі бір білім ұясы пайдалануға берілмек. Келесі жылы Жәнібек ауданының Қамысты ауылында бір мектеп тапсырылмақшы, - деді Нұрлан Асқарұлы.

Сонан соң облыс басшысы мектеп ұжымына су жаңа «Нива» автокөлігін тарту етті.

Шара барысында Ораз Исаевтың ұлы Бекет ақсақалдың жеделхаты оқылды. Алматы қаласында тұратын ол кісі денсаулығына байланысты бұл салтанатқа келе алмай қалғанына өкініш білдірген. Дегенмен де әкесінің атындағы мектептің жаңа ғимаратқа көшуіне қуанышты. Осынау мектептің салынуына ұйытқы болғаны үшін облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа өз ризашылығын айтады.

Мектеп құрылысын «Отделстрой» ЖШС жүргізді. Салтанатты шарада сөз алған серіктестік жетекшісі Валентина Михно білім ұясының жайлы болуы үшін құрылысшылардың бар шеберліктерін салғанын айтып, мектептің бейнелік кілтін табыстады.

Мектепті аралап шыққан соң, облыс әкімі аға буын өкілдерімен кездесті. Ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелер өздерінің қуанышымен бөлісуге келгені үшін өңір басшысына ризашылықтарын білдіріп, өздерін толғандырып жүрген мәселелерді де ортаға салды. Мәселен, ауылда дәрігер де, дәріхана да жоқ. Сырқаттана қалса, 170 шақырым қашықтықтағы облыс орталығына баруға тура келеді. Екі ортаға қатынайтын жол да нашар. Тағы бір өзекті мәселе суға қатысты. Ауылда ауыз су бар. Алайда құбырлар не су шүмектері (колонка) істен шықса, оның «тілін» білетін маман жоқ.

- Бірінші, дәрігерге қатысты айтайын. Биыл облысымызға жоғары білімді 48 жас дәрігер алдырдық. Бірақ олардың көбі қалада жұмыс істегісі келеді. Ауылға келгенімен, онда тұрақтамайды. Сол себепті өздеріңіз бас болып бүгінгі оқушыларды осы салаға қарай бағыттаңыздар. Жол мәселесіне келсек, бізде 12 аудан бар. Соның жартысында дұрыс жол жоқ. Біздің бүгінгі таңдағы басты мақсатымыз - аудан орталықтарына дейін қатқыл табанды жол салу. Ауылдарға сосын саламыз. Мамандарыңыз су құбырларын, шүмектерді жөндей білмесе, облыс орталығындағы «Орал су арнасы» мекемесіне жіберіп, тәжірибесін жетілдіруге аудан басшылығына тапсырма беремін. Айта кетейін, «Орал су арнасы» МКК енді «Батыс Қазақстан су арнасы» кәсіпорны болып қайта құрылмақшы. Ендігі уақытта ол аудан-ауылдардағы су жағдайын да қадағалайтын болады, - деді Нұрлан Ноғаев.

Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Шағатай, Ақсоғым, Ақжайық ауылдарының тыныс-тіршілігімен де танысты.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе