Ұлтта да ұлы армандар болуы қажет - қытайтанушы-ғалым Дүкен Мәсімханұлы

Еліміздегі білім беру жүйесінің деңгейі, ұрпаққа тәрбие беру ісі, «Мәңгілік Ел»... Осы және басқа да мәселелер тілшісі Қытайтанушы-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Л.Н. Гумилева атындағы Еуразия ұлттық университеті қытай тілі кафедрасының меңгерушісі Дүкен Мәсімханұлымен тілдескен еді.  - Дүкен Мәсімханұлы, Атажұртқа оралғаннан бері ұстазық қызметте жүрсіз. Қазірде Астанадағы белді оқу орындарының бірінде қызмет етесіз. Осыған орай, Қытай елі мен Қазақстандағы білім жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктер туралы айтып берсеңіз?

- Мен өзім шығыстағы көршіміз Қытай Халық Республикасында туып-өстім, бастауыш, орта мектепті сонда оқып, жоғарғы білімді Бейжіңдегі Орталық Ұлттар университетінен алдым. Аталған оқу орны Қытайдағы аз ұлттардың түйінді университеті болып есептеледі. Яғни, аз ұлттардың ғылым-білім, мәдениет, әкімшілік секілді түрлі салаларына кадр дайындауды мақсат етеді. Қытайда өзіндік беделі мен салмағы бар. Әсіресе, Орталық Ұлттар университетінің тіл ғылымын оқытуда әлемдік деңгейде аты танылған. Кейін университетті бітірген соң Шынжаң Қоғамдық ғылым академиясының әдебиет институтына ғылыми қызметкер болып орналастым, арасында кейбір жоғары оқу орындарында сабақ та бердім.

Жалпы Қытайдағы білім беру Дың Шиаупиң (Дэн Сяопин) қытай билігіне келгелі біршама жүйеге түсе бастаған. Оның алдында 1949 жылы Қытай Халық Республикасы құрылған кезде таза кеңестік білім беру жүйесін көшіріп алған болатын. Тіпті, оқулықтарына дейін. Кейбір жағдайда жоғары оқу орындарын жаңаша қалыптастыруда кеңестік мамандар атсалысты. Ал, әйгілі «Мәдениет төңкерісі» кезінде мектептердің бәрі тоз-тоз болып, Хунибиндердің күрес алаңына айналды. Тек 1978 жылы Дың Шиаупиң тұсында білім жүйесі жаңаша қалыптаса бастады. Біз сол қалыптасудың алғашқы кезеңдерінде оқыдық. Ол тұста әлі де жүйеге түсіп кеткен жоқ болатын. Біріншіден, оқытушы, профессорлар, екіншіден оқулықтар мәселесі әлсіз болды.

Ал, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің арнайы шақыруымен атамекенге келдім. 1992 жылдың соңынан бастап, бүгінге дейін 22 жыл ішінде Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарында сабақ беріп келемін. ҚазҰУ-де 2002 жылға дейін қызмет еттім, одан соң міне ЕҰУ-демін. Жалпы елге оралғалы табан аудармай Қазақстанның білім беру жүйесінде жұмыс істеп келемін.

- Осы уақыт ішінде нені байқап, көңілге түйдіңіз?

- Қазақстанның білім жүйесі тәуелсздіктің алғашқы жылдары кеңестік білім беру бағытын сол қалпында сақтап қалған еді. Кейін 2002 жылдан бері батыстық үлгідегі білім жүйесін көшіріп әкеле бастады. Болон үдерісі, кредиттік технология секілді білім берудегі жаңа әдістемелерді әкелді. Қазір соның бәрі сынақ ретінде жүруде. Алайда, дәл осы 2002 жылдардан бері түрлі реформалар жасаудың салдарынан білім беру жүйесін қожыратып алдық. Жалпы, батыстық білім беру жүйесінің өзіндік артықшылықтарын ғана сырттай қарау арқылы көшіріп әкелгендіктен, оның ішкі мән-мазмұны бізге сәйкес келмей жатыр.

Мәселен сол батыстық білім жүйесінің кей талаптары бойынша әрбір профессордың жеке кабинеті болуы тиіс. Соған студенттер келіп жазылып, дәріс алып кетуі қажет. Ал, біздің ҚазҰУ, ЕҰУ секілді түйінді оқу орындарында тіпті, кафедра меңгерушілерінің өзіне жеке кабинет болмай жатады. Жай қарапайым профессор, ұстаздарды айтпаған күннің өзінде.

Екіншіден, сол батыстық білім жүйесіне лайықталған оқулықтар жоқ. Көбі кеңестік кезеңдегі әдебиеттен алыстай қоймағанын айту керек. 

- Қазақ тілді оқулықтар мә әлде жалпы оқулық па?

- Негізі, қазақ тілді оқулық жайы да қиын. Оның өзі жүрдім-бардым, әр жерден аудару арқылы шығып жатқан дүние. Әрине, оған да шүкір дейміз. Ал, неге осындай сапалы оқулық жоқ деген мәселеге келейік. Мысалы, сапалы оқулық жазу үшін Қытай елінде профессор, маманға бір-екі жыл жалақысын беріп үйіне шығарады. Оған «сен осы салада мықты оқулық дайындап шық» деп тапсырма береді. Содан кейін жазған дүниесін саралаудан өткізіп, ары қарай пайдалануға жібереді.

Бізде де оқулық жазу туралы тапсырма беріледі. Бірақ оған қаламақы төлеу, арнайы шығармашылық демалыс беру мәселесі ескерілмеген. Сонымен жаңағы маман не істейді? Әйтеуір жазды деген атақ пен ғылыми дәрежесін көтеру үшін өлшемге толмайтын дүние құрастырып шығарады. Шын мәнінде оқулықтың қазіргі жағдайы осындай. Ал, жақсы маман, сапалы оқулық болмаса одан жақсы шәкірт шығады деу құстан сүт дәметкенмен бірдей.

- Ал, білім саласындағы әлі де жетілдіре түсетін өзге тұстар қандай?

- Осы сұраққа байланысты мына жайтты айтқым келеді. Мен бала күнімізден Қытайда оқыдым. Ал, ол жақта ұлттық тұрғыдағы тәрбиені білім берумен ұштастыру жағы жақсы жолға қойылған. Қытай ұлты жөнінде алып айтқанда балабақшаның өзінде ұлттық этика секілді сабақтар жүреді. Орта мектепте әдеп-иба, жоғарғы оқу орындарында елдік, ұлттық бағыттағы тәрбие тыңғылықты түрде жүреді. «Тарыдай болып кіресің, таудай болып шығасың» деп, Мұқағалидың сөзімен айтсақ, мектепке тарыдай болып кіргеннен бастап, таудай болып шыққанға дейін баланы Қытайдың нағыз патриоты қылып шығарады. Бұл әрине идеологияның жүйелі жолға қойылғандығы.

Университетте ғылыми коммунизм, ғылыми социализм деген секілді саяси бағыттағы тәрбиелер де жүреді, оның сыртында төрт жыл бойы жоғары оқу орындары студенттерге оқытылатын этика деген сабақ болады. Онда негізінен қалай адам болу, қайткенде қытай халқының адал перзенті болу керек деген мәселелер қарастырылады.

Ал, бізде басқашалау. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы жағдайда ешкімге кінә қоя алмайтын шығармыз. Ескі жүйенің орнына жаңасы орнаған жағдайды ескерген дұрыс әрине. Қазір міне 22 жыл өтті. Балабақшада киіз үйдің модельдерін көрсету, қыз сыны, жігіт сұлтаны секілді сыртқы формада тамашалау үрдістері ғана бар. Жалпы жас ұрпақты қалай адам қылып шығару керек, адам ретінде, қазақ азаматы ретінде қандай тәрбие беруіміз тиіс деген мәселеге қатты көңіл бөлген жөн. Себебі қазір онымен ата-аналар айналыспайды. Капиталитсік қоғамда мейлі бай, мейлі кедей болсын барлық ата-ана таңның атуы, күннің батуымен жұмыс бабында болады.

Бұрын бала тәрбиесімен тұтас ауыл айналысатын. Кішкене күнімізде темекі тартып тұрған сотқарлау балаларды көрсе ауылдың ақсақалдары айқайды сала боқтап, атпен қуып, қамшымен шықпыртып жіберетін. Қазір есіктен шыға салып темекі тартып тұрған өрімдей студент қыздарға бір адам бұларың не деп айтпақ түгілі, бұрылып қарамайды. Бірдеңе десең «темекі тарту менің өз құқым, сенің қандай шаруаң бар» дейді.

Жағдай осындай болған соң жастардың «тәрбиесімен» қазір теледидар мен интернет ресурстары айналысып жатыр. Ол жерде батыстың біздің ұлтымыздың менталитетіне жат, түрлі ерсі әрекеттері еркін шарлап жүр. Яғни, ұрпақ тәрбиесімен сен айналыспасаң бәрібір басқа біреу сенің орныңа өзі қалаған тәрбиесін береді.

- Бұны бір жөнге салу үшін қандай қадамға барған жөн деп ойлайсыз?

- Ол үшін балабақшаға кіргеннен бастап, бізде де сондай балалардың қабылдау деңгейіне сәйкестендірілген этика жөнінде пән болуы қажет. Оған қоса түрлі деңгейдегі оқу орындарына сай етіп, осы этика бойынша оқулық дайындауымыз тиіс. Оны арнайы бағдарлама негізінде жүйелі ойластырылған дербес пән ретінде жүргізу керек.

- Әңгімені көрші Қытай елі тарапына бұрсақ, Қазақстан осы алпауыт елді зерттеп, алдағы іс-қимылына баға беру жағына қалай көңіл бөліп жатыр?

- Менің 22 жылдан бері айтып жүрген бір мәселем - қытайтану институты ашу жайы. Қытайдың әр өлкесінде Орта Азияны зерттеу инситиуттары бар. Аты Орта Азия болғанымен негізінен Қазақстанды, қазақ даласын зерттейді. Қайсы аумағында қандай байлығы бар, қанша халық тұрады, оның қаншасы қазақ, басқа ұллтардың саны қандай, кім басқарып отыр, сана-сезмі қалай деген сұрақтардың бәрін зерттеп отыр.

Бізде әр облыс болмаса да, бүкіл республикаға бір қытайтану институтын құру керек. Қытай туралы мәліметіміз бен көзқарасымыз басқалардың айтуына, солардың ақпаратына ғана сүйеніп отырғаны шындық. Көбі Ресейдің ақпараты. Бұл мәселені мен 2001 жылы Елбасының қабылдауында болған кезімде де ол кісіге айтқан едім. Президент сол кездегі Президент Әкімшілігінің жетекшісі С.Қалмырзаевке бұның өзекті мәселе екенін айтып, алдағы уақытта мұқият қарастыру қажеттігін айтты. Алайда аталған тақырып кейін қайта қозғалған жоқ.

­- Биылғы жылы Елбасы Жолдауында қоғамның назарын аударған мәселенің бірі -­ «Мәңгілік Ел» тақырыбы. Бұл өміршең идея туралы ойыңызбен бөлісе отырсаңыз?

- Менің үнемі айтып жүретін «ұлтта да ұлы армандар болуы керек» дейтін сөзім бар. Ал, «Мәңгілік Ел» болу сынды асқақ мұратты ойламайтын адам кемде-кем. Оны бүкіл халық қолдайды. Қазақ елі мәңгілік болса екен дейтін арман бәріміздің де жүрегімізді тербейді. Бұл тарихи тамырластық. Аталған идеяның сонау көктүріктер заманынан нәр алғаны белгілі.

Бүгінгідей тәуелсіз ел ретінде тарих сахнасына қайта оралып жатқан біз ғана емес, тіпті, Қытай Халық Республикасының жаңа басшысы Ши жин Пиң (Си Цзиньпин) де билікке келе салып, «Қытай арманы» дегенді айтты. Оның тірелетін жері де сол - 2050 жыл. Сол кезде ең дамыған қуатты, бай, ауқатты елге айналуды көздейді. Осындай үлкен елдердің өзі алдына үлкен мақсат қойып отырғанда, дамуға белсенді ұмтылып отырған еліміздің де биік белестерге ұмтылуы, асқақ идеяны ту етуі өте құптарлық дүние. Саясатта алдымыздағы жүретін қадамды айқындамай дұрыс қадам басылмайды. Әр басшы өз заманын ғана ойламау керек, мемлекеттің күні ертең не болады, болашағы қалай беталады деген өзекті мәселені бүгін қамтамасыз етуге күш салады.

Мемлекетте белгілі бір жағдайда ынталандыратын, шабыттандырып отыратын идея керек. Бұл идея алдағы жолды межелеп, ұрпақтарымыздың осы елдің азаматы ретіндегі сенімін орнықтырады. Елбасы жолдауын мен осы тұрғыдан жылы қабылдадым. Сонымен қатар ғылымға үлкен мән беру, оны елдің даму бағытының өзегі етіп алу мәселесі де халықтың көңілін серпілтіп тастады. Себебі, барлық бәсекенің, өркендеудің түп қазығы білім мен ғылымда жатыр.

- Қазір ұстаздықтан басқа қандай шығармашылық жұмыс жасап жүрсіз, алдағы жоспарларыңыз туралы да айта кетсеңіз?

- Мен өзім о бастан ақынмын. Қандай деңгейде екенімді бір Алла, сосын оқырман мен уақыт біледі. Бірақ, құдайдың маған берген қасиеті сол. Кейін академияға барған соң ғылыммен айналысуға тура келді. Елге келген соң ұстаздық еттім. Қытай туралы халықтың танымына кішкене де болса көмегі тисін деп, қытай ақын-жазушыларын да аудардым. Қазір менің шығармашылығым поэзия, ғылыми зерттеу, аударма болып сабақтасып жатыр. Ал, ұстаздық жолы өз алдына бөлек бағыт. Қазірге дейін 20-дай кітап шығардым. Оның бесеуі өлеңдер жинағы, үш-төртеуі аударма, екі-үшеуі оқулық болса, қалғандары ғылыми зерттеулер.

Алдағы жоспар туралы айту сәл ыңғайсыз болар. Өйткені әлі жасалмаған шаруаны жарнамалағандай боласың. Алайда сұрақ қойылған соң жауап берілуі тиіс. Қазір бізде әлі күнге дейін қытайша-қазақша сөздік жоқ. Студенттеріміз Ресейдің, Қытайдың шығарған қытайша-орысша, орысша-қытайша сөздіктерін пайдаланып жүр. Мұның өзі қытайтанушылар үшін қиындық тудыруда. Осы мәселе бойынша жұбайым Айнұр Әбиденқызымен бірлікте он жылдан бері сөздік жасаумен айналыстық. 70 мың сөз бен сөз тіркесінен тұратын «Қазақша-қытайша үлкен сөздік» атты дүниені қолға алған едік. Негзгі бөлігі аяқталды. Енді тек ғаламтор жүйесінде оңтайлы пайдалануға арналған техникалық жұмыстары қалды. Ал, сонымен қатар, екі томдық «Ежелгі түркі мәдениеті» атты зерттеу кітабын жазып жатырмын. Оның негізі қытай деректері бойынша жасалады. Себебі, әлемнің барлық шығыстанушы, түркітанушыларының дені өз еңбектерінде қытай деректерін пайдаланған. Дегенмен олар өз елінің мүддесіне қатысты тұстарын кәдеге жаратқан. Мен Қытай деректеріндегі тұтастай түркі мәдениеті мен өнеріне қатысты жақтарын толық қарастыруды мақсат еттім. Кітап үлкен екі том болады деп шамалап отырмын. Бұйыртса, осы міндетті бір орындасам, ары қарайғы жұмысты уақытында көре жатармыз. Ал, өлең де көңіл-күйге байланысты өз ретімен жазыла береді.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Бекайдар Алтай
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе