Зиялы қауымда ұлтжандылық жетіспей жатады - профессор Жақыпбек Алтайұлы

АЛМАТЫ.  Қарашаның 6  /Ерлік Ержанұлы/ - «Ғалымдар болашаққа жұмыс жасайды. Болашағын ойлайтын ел қаржысын ең алдымен ғылымға жұмсайды.  Елбасының Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыған дәрісі кезінде болашаққа интеллектуалдық секіріс керек деуі соның нақты көрінісі», тілшісіне сұхбат берген ҚазҰУ-дың Философия және саясаттану факультеті әлеуметтік философия кафедрасының меңгерушісі, 

 Әл-Фараби ғылыми зерттеу  орталығының директоры, философия ғылымдарының докторы, профессор   Жақыпбек Алтайұлы.

 

     - Жақыпбек Алтайұлы, интеллектуал адам деп кімді айтуға болады?

       - Бұл сөздің үлкен мағынасы бар. Бұл ұғым бізге латын тілінен ауысып келген.  Интеллект деген - ақыл, парасат, таным, ғылым, білім деген ұғымды білдіреді. Интеллектуал  деп қарапайым сөзбен  білім-ғылымды меңгерген, ой-өрісі кең, өзіндік ойы-пікірі бар, жан-жақты  кемеліне келген адамды айтуға болады.  Былай қарағанда адамдардың бәрі бірдей. Бірақ кез-келген адам интеллектуал емес. Сондықтан да болашақта біздерге талантты, ғылымның барлық саласында алдыңғы сапта жүретін талапты да интеллектуалды жастар қажет. Сапалы білім біздің болашағымыз. «Жастардың және еліміздің басты капиталы - сапалы білім» - деп, Елбасы Н.Ә. Назарбаев жастардың болашағынан үлкен үміт күтіп, оларға сенім артып парасатты, білімді, жан-жақты интеллектуал болып өсулеріне жол көрсетіп берді. Елбасы өз дәрісінде «1 тонна  металдан америкалықтар 20-30 компьютер жасаса, КСРО-да 5 рельс, ал Ауғанстанда ештене де жасалмайды» деген мысал келтірді. Бұл елімізге жаңа технология мен  ғылымның  жаңалықтарын өндіріске тікелей енгізіп отыруымыз керек дегені. Жалпы адамның интеллектуалдық деңгейін сол мемлекеттің философиясы мен ғылымының деңгейіне қарап байқауға болады. Шындығында да философия мен ғылымы дамымаған ел өркениетті елдер қатарына қосыла алмайды. Мемлекетте интеллектуалды жаңаша ойлай алатын адамдар болмаса, қоғамның ешбір  саласы сапалы жаңа деңгейге  көтерілуі қиын.  Қазір де саяси-экономикалық жағынан ілгерілеп,  алға шыққан мемлекеттер интеллектуалдық жағынан да дамыған мемлекеттер қатарында болып саналады. Қай жерде білім мен ғылымға ерекше қамқорлық жасалса, сол елдің  үлкен мемлекет бола алатынын тарихтың өзі де дәлелдеп отыр. Мәселен, орта ғасырларда мұсылман елдері ғылым мен мәдениеттің арқасында қарыштап дамыды. Оған араб мемлекеттерінің бір орталыққа бірігуі, ғылымға деген ұмтылыс өз ықпалын тигізді. XIV-XV ғасырларға дейін олар өркениеті мен мәдениеті, ғылымы жоғары дамыған халық болды. Осы тұста ислам әлемінде атағы әлемге жайылған Әл-Кинди,  Әл-Фараби, Ибн-Сина, т.б. сынды ұлы ғұлама, философ ғалымдар дүниеге келді. Олар ислам философиясы мен ғылымын, медицинасын әлемдік деңгейге көтерді. Керісінше осы кезеңде Еуропада ғылым мен мәдениет кенже қалып қойды. Оның өзіндік себептері болды. Ғылымға деген теріс көзқарастар пайда болды. Ғылымды өмірден алшақтатты. Бұл Еуропа кеңістігінде ғылым мен мәдениеттің, өркениеттің дамуына кері әсерін тигізді. Тек ғана XV ғасырлардан бастап ғылымға деген жаңаша көзқарастың негізінде Еуропа әлемі бұл тығырықтан шығуға жол тапты. Еуропа  ғылымға, әсіресе жаратылыстану ғылымдарына ерекше мән беріп,  экономика мен ғылымды жақындастыра түсті. Соның арқасында қазіргі кезде де үлкен жаңа технологиямен жетістіктерге қол жеткізіп отыр. Сондықтан интеллектуалды   ұлтқа айналу елдегі саяси жағдай мен экономиканы, білім мен ғылымды жоғары деңгейге көтерері сөзсіз.

     -  Қазір бізде  ненің  ақсап жатқанын дөп басып айта аласыз ба?

     - Ғылымда болып жатқан жаңалықтарды  өндіріске енгізу жағы баяу жүріп жатыр. Біз қазір Марксты ұмытып кеттік. Оны қайталап оқып отыру керек. «Болмыс - сананы  билейді». Тұрмыс жағдайы болмай жүрген адамға қалай «білім-ғылымды игер, шығармашылықпен айналыс»  деп айта аласыз. Бұл ретте әлеуметтік экономикалық жағдайды жоғары көтеру бірінші орында тұр. Бұл ғылым, білімге байланысты. Тағы бір басты мәселе - мектептердегі білім беру жағдайын жоғары сапалы сатыға көтеру. Ол әлі бір жүйеге келіп болған жоқ сияқты. Бұл үшін оқулықтардың сапасын реттеу, оқытушылардың интеллектуалдық білім деңгейін арттыру.  Біздегі басты мәселе білім беруден  басталады. Ол әлі бір жүйеге келіп болған жоқ. Бұл үшін оқулықтардың сапасын реттеп, мектеп мұғалімдерінің интеллектуалдық деңгейін жоғары көтеру керек. Орта білім беру саласы әлі де бір жүйеге келіп болған жоқ. Ең бастысы, мектеп оқулықтарын реттеу және сапасын арттыру, бір жүйеге түсіру. Өкінішке қарай, кейбір оқулықтарды  балалар тұрмақ,   оқытушылардың өздері де толық  түсіне алмайды. Сонымен қатар білім берудің сапасын көтеру үшін алдымен   материалдық қолдау қажет. Ал орта білім  беру жүйесін 12 жылдыққа көшіру мәселесіне келсек, бұл істе әлі де асықпаған жөн болар. Себебі оның да өзіндік іс-шараларын жүзеге асыру керек.

     - Ұлт интеллектуал  болу үшін қандай шарттар керек?

     - Біріншіден, мектептегі білім беру сапасын жақсарту қажет. Екіншіден, ғылымның өмірдегі орнын жаңа сатыға көтеру керек. Үшіншіден, инновациялық  жаңа технологияларды іс жүзінде өндіріске енгізу. Төртіншіден, қоғамда интеллектуалды секіріс жасау. Бесіншіден, ғалымдардың  қоғамдағы  орнын жоғары көтеру. Мектеп пен жоғары оқу орындарының арасын байланыстырып жақындастыру. Талапты да талантты жастарға интеллектуалды мектептер ашу т.б. Менің пікірімше  осындай жағдайлар іске асқан жағдайда                                                                                                                                                                                                                                                 интеллектуалды ұлт болу үшін мүмкіндіктер туады.

    - Білім мен тәрбиені қалай үйлестіру қажет? Қазір  әлемде адамдардың жаңа буыны өсіп, жетіліп келе жатқан сияқты. Жалпы зиялы деп кімді айтамыз?

      -Білім мен тәрбие қатар жүруі керек. Оқығанның бәрі зиялы бола бермейді.   Жоғары білімді оқыған немесе  лауазымды адамдардың бәрін зиялы деп айта аламыз ба?  Жоқ.  Лауазымы жоғары болғанмен, білімі  жетіскенмен, тәрбиесі, имандылығы, интеллектуалдық деңгейі, ұлтжандылығы кем адамдар аз емес.  Заң барлық адамға бірдей болса да, лауазымы өсіп  шенеунік болғаннан кейін олар  жемқорлық пен сыбайластыққа белшесінен батуда. Өкінішке қарай, қоғамымызда  адамдарды лауазымына қарай, әл-ауқатына қарап бағалайтын жаман әдет қалыптасып келеді. Бұл өте қауіпті.  Зиялы адам өз елінің жанашыры,  Отанын жанындай жақсы көретін, бойындағы бар білімі мен қуатын халыққа жұмсайтын ұлтжанды адамдар. 

   Тәрбие отбасынан  басталып,  мектепте, жоғары оқу орындарында қызметте және тағы басқа жерлерде жалғасу керек.  Тәрбиемен ұштастырылмаған  білімді игерген адамнан интеллектуал  шықпайды. Зиялы адам өз ұлтын жан-тәнімен сүйетін және басқаларға да құрметпен қарайтын адам. Ұлтшыл дегеннен қорықпау керек. Мәселенің бәрі  осында. Қазір біз   кейде өзіміздің тіліміз бен мәдениетімізден гөрі өзгенің тілін, мәдениетін жоғары санаймыз. Басты  мәселе - ұлттық идея мен ұлттық идеологияны  дұрыс түсіне білу. Ол - елімізді, материалдық байлығымызды сырт көзден қорғау, ұлтжанды, намысшыл, отансүйгіш  адамдарды тәрбиелеу. Бізде ғылыммен шұғылданам десең кейбіреулер күледі. Олар сені сыйлау үшін сен не банк қызметкері, не кәсіпкер болуың керек сияқты. Біздіңше кейбір адамдар санасындағы осындай психологияны өзгерту қажет. Елбасы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқыған дәрісінде «жастардың өмірге деген көзқарасын жаңа заманға сай  өзгертіп, ғылым мен ғалымның беделін көтеріп, бірінші кезекке қою керек және солай жасаймын» - деп айтты. Яғни болашақта зиялы жастарды тәрбиелеп шығаруға деген үлкен қамқорлық. Бұл сөз жайдан жай айтылып отырған жоқ. Ғылымның өзі білімнен шығады. Балаға бірінші кезекте сапалы білім берсек, содан кейін бойында қабілеті мен ынта ықыласы бар бала ғылымның жолына өзі түсетін болады. Олардан бірден үлкен нәтиже күтуге болмайды.  Ғылым да, ғалымдар да, болашаққа жұмыс істейді. Мақсат қоғамымызда зиялы,  интеллектуалды азаматтарды тәрбиелеп шығару.

     - Жақсы ғалым болу үшін не керек?

      - Дамыған елдер  білім мен ғылымды  капиталға айналдырды. Мол өнім алу үшін сапалы тұқым табу керектігі сияқты, жақсы ғалым тәрбиелеу үшін ең алдымен балаларға сапалы білім беруді дұрыс жолға қойған абзал. Қазір жасыратыны жоқ, ел экономикасы түзеліп, үкімет ғылымға  оң көзқараспен қарай бастады.  Соның арқасында 90-шы жылдары жанбағыстың қамымен  әртүрлі салаға ауысып кеткен ғалымдардың көбі қазір ғылымға қайтып оралды. Мемлекеттік бюджеттен ғылымды қаржыландыруға бөлінетін қаржы көлемі де жыл сайын ұлғайып келе жатыр. Бұл қуанарлық жайт.

         Жалпы, жақсы ғалым болу үшін адамның мінез-құлқы, денсаулығы, тәрбиесі, білімі дұрыс болуы шарт. Елімізде талантты жастарды қамқорлыққа алу, тәрбиелеу, ғылымға, еңбек сүйгіштікке үйрету, сапалы білім беру Елбасы айтқандай, біздің басты капиталымыз болмақ.

          -  Әңгімеңізге рахмет.
nullnullnull
Iздеу

Күнтізбе